49 млн теңге: Қаржы пирамидасын ұйымдастырған атыраулықтар 6 жылға бас бостандығынан айырылды
Фото: qazhome.kz және shutterstock
«QazHome» тұтыну кооперативінің атын жамылып қаржы пирамидасын ұйымдастырған Атырау қаласы тұрғындары бас бостандығынан айырылды.Бұл туралы ҚМА Баспасөз қызметі хабарлайды.
Істің мән жайы: Ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік береміз деген желеумен қаржы пирамидасына ақша салу ұсынған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кооперативтің қызметіне 300-ге жуық салымшы тартылған, оның ішінде тек 35 адам ғана өтініш беріп, бұл өтініштер бойынша келтірілген шығын көлемі 49 млн теңгеден асатыны анықталды», – деп жазылған таратылған хаюарламада.
Қандай шешім шығарылды: Сот үкімімен «QazHome» тұтыну кооперативінің басшылары кінәлі деп танылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
2017-2019 жылдары қаржы пирамидасын ұйымдастырып, салымшыларын 1,2 млрд теңге шығынға батырған күдікті Украинада ұсталғанын жазған болатынбыз. Ол қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғандықтан, халықаралық іздеу жарияланған. 2023 жылдың тамыз айында күдіктіні Украинаның құқық қорғау органдары ұстаған.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша елімізде «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша 45 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.