«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы Нұрлан Әбдірахманов банкрот банктердің салымшыларына қаржыны қашан төленейтінін және қор оларға қанша қарыз екенін айтып берді.
«Астана банкі» бойынша сот шешімі шыққан жоқ. Сот шешімі әрі кетсе 1 желтоқсанға дейін шығуы керек деп ойлаймын. Заң бойынша, шешім бір айдың ішінде өз күшіне енуі тиіс. Барлық рәсімдер біткен соң, төлем жүргізуді бастаймыз. Эксимбанк бойынша сот отырысы 28 қарашаға белгіленген. Шамамен қаңтар айының ортасында аталмыш қаржы ұйымының салымшыларына өтемақы беріле бастайды», – деп түсіндіріп өтті «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы Нұрлан Әбдірахманов
Ресми деректерге сүйенсек, ҚДКҚ Qazaq Banki18 246 салымшыға 20 млрд теңге, ал Астана банкі депозиті болған 275 693 адамға 37 млрд теңге төлемек.
«Эксимбанк салымшыларының саны аз – 361 адам, оларға төленетін қаржының көлемі – 248 млн», – деп атап өтті ҚДКҚ басшысы.
Қордың жеке капиталын қоса алғанда, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорындағы жинақталған жарнаның көлемі 178 млрд теңге немесе халықтың барлық депозитінің 10 пайызына тең. Бұл көрсеткіш ЖІӨ-ге шаққанда, 1 пайызды құрайды.
«Бұл Ресеймен салыстырғанда 10 есе көп, АҚШ-тан –2 есе, Жапониядан 1,5 есе артық. Жапонияда жинақталған қор жалпы ішкі өнімнің тек 0,7 пайызын құрайды. Солай бола тұрса да, АҚШ пен Жапонияның қаржылық жүйесі ең ілгері және жақсы дамыған деп саналады»,– дейді Депозиттерді сақтандыру жүйесі халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Дэвид Уолкер.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры басшысының айтуынша, қор елдегі салымшылардың басым бөлігіне төлем жасауға қауқарлы.
«ҚДКҚ екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлға жинақтарының барлығына 100 пайыз кепілдік береді. Енді ҚДКҚ банк салымшылары алдындағы өз міндеттемелерін орындау үшін, таратылған банктің әрбір салымшысына депозит қаржысы мен жинақталған сыйақысын есепке ала отырып, кепілдік сомасын төлеуге мүмкіндік беретін қаражат пен заңнамалық өкілеттіктерге ие», – деді Нұрлан Әбдірахманов.
Сонымен қатар, қажет кезде ұйым Ұлттық банктен көмек сұрай алады, алайда депозиттерге кепілдік беру, яғни сенімді бақылау, салымдарды төлейтін қорлардың тұрақтылығы мен қаржы жүйесінің табысты жұмысы бірнеше факторға тікелей байланысты.
«Жоғарыда аталған үш құрамдас бөлік өзара тиімді жұмыс істесе, елдегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді», – деп тұжырымдады спикер.