Мавроди ізімен: қаржы пирамидаларына қатысты ең атышулы 10 іс
Ақша табудың жеңіл жолын іздеген сенгіш қазақстандықтар жиі-жиі қаржы пирамидасының құрбанына айналуда. Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерегі бойынша, 2018 жылдың 6 айында, өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырсақ, бұндай құқық бұзушылықтардың саны 28,6 пайызға артқан. «Курсивъ» қаржы пирамидасын құру туралы Қазақстандағы атышулы 10 қылмыстық іс туралы мәлімет жинады.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Үсенбекованың айтуынша, қаржы пирамидасы – шын мәнінде инвесторлардың жаңа салымшыларды тартып, олардың құйған жарнасынан табыс табатын инвестициялық алаяқтықтың бір түрі. Әрбір инвестор өз астына жаңа адамдарды жинайды. Салымшыларға «жақсы табыс табасың» деген уәдені үйіп-төгеді. Алайда пирамидаға кіруі ықтимал салымшылардың қатары шектеулі болғандықтан, ерте ме, кеш пе, жаңа жарнаның түсімі азаяды да, белгілі бір кезеңде инвесторлар салымы тоқтап, қаржы пирамидасының күйреуіне әкеп соғады.
Тарихтағы алғашқы және атышулы пирамиданың бірін 1919 жылы италиялық алаяқ Чарльз Понци құрған. Ол тез баюдың бизнес-жүйесін ойлап тапқан, кейіннен бұл жүйе соның атымен аталады.
Понци Бостонда «Бағалы қағаздарды ауыстыратын компания» ашып, оған инвестор тартып, адамдарға қарапайым арбитраж арқылы, яғни шетелде тауар сату мен сатып алу арқылы пайда табуға шақырды. Салынған соманы 90 күннің ішінде 150 пайыз қылып қайтарамын деп уәде берген. Сол кезде вексельдерге сұраныс зор болды. Ал шынында ешқандай келісім жасалмаған, Понци тек бұрынғы салымшыларға кейінгілердің ақшасын төлеп отырады. Біраз уақыт өткен соң оған федералдардың көзі түсіп, компанияны таратып жібереді. Салымның бір бөлігі иелеріне қайтарылып (2 миллионнан аса ақша сол күйі табылмаған), Понцидің өзі 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Содан бері алаяқтар алдап-арбаудың түрлі қитұрқы әдісін ойлап табуда, Қазақстанды да бұл үрдіс айналып өтпек емес. Сот алдындағы тергеудің бірегей реестріндегі деректерге сүйенсек, ҚР Қылмыстық Кодексінің №217 «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша, 2017 жылдың басынан бері 110 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның 74-і былтыр, 36-сы 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында орын алған.
Аталмыш қылмыстар бойынша келтірілген шығынның сомасы 7 млрд 175,9 млн теңгені құраған, соның ішінде 7,16 млрд теңгесі – 2017 жылға тиесілі болса, 2018 жылдың І жартыжылдығында келтірілген залал көлемі – 20 млн теңгені құраған. Шығын көлемі үлкен болғанымен, айыпталушылардың 2,67 млн теңгелік дүние-мүлкіне тыйым салынған. 2018 жылдың 6 айында былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда, жоғарыда айтылған қылмыстық құқық бұзушылықтың саны 28,6 пайызға өскені байқалады, ал 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда, керісінше, 68,8 пайызға азайған еді.
«Қаржы пирамидалары мен жалған инвестициялық компаниялардан келетін экономикалық зардабы – сан қырлы», – деп тұжырымдайды «ФИНАМ» инвестициялық компаниясының стратегия бойынша директоры Ярослав Кабаков. «Біріншіден, бұл құрылымдарда нақты компанияларға, банк депозиттеріне салынатын немесе нарықтық сұранысты қолдайтын сауда-саттыққа жұмсалуы тиіс қаржы айналып жүр. Екіншіден, бұндай құрылымдарды құрушылар негізінен құйылған қаржыны валютаға аударып, елден шығаруға тырысады. Үшіншіден, пирамидамен байланысты жайттар қаржы институттарына деген сенімді азайтып, адал компаниялардың жұмысына кедергі келтіреді. Сонымен қатар, инфляцияның қарқын алуынан, ұлттық валютаға деген сенімді де азайтады».
Қазақстандағы қаржылық пирамидалар
2017 жыл ҚР ҚК-ның 217 бабы бойынша нүктесі қойылған қылмыстық істерге бай болды. Астана қаласы Әділет департаментінде 2015 жылдың 3 қыркүйегінде тіркелген ең атышулы істердің бірі – Явар Мамедовтің «Ортақ үй» тұтынушылар кооперативімен байланысты. Қаржы пирамидасы арзан тұрғын үй сатып алу идеясына негізделген.
Мамедов салымшыларға ипотекаға балама ретінде, тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беретін бірнеше бағдарлама ұсынған. Алайда сотта анықталғандай, «Ортақ үйдің» негізін қалаушы бағдарламаға қатысушылардың біреуіне өзгелердің жарнасы есебінен үй алып, көпшілікке көз қылып отырған. Оның үстіне кооперативтің жағдайы жақсы екенін байқату үшін Қазақстанның әр өңіріндегі қалалардан 17 пәтер сатып алып, үлескерлермен жалгерлік келісім-шарт жасап, уақытша пайдалануға беріп қойған.
Барлық облыс орталықтарында кооперативтің бөлімшелері құрылып, ол жақта құрылтайшының қылмыстық іс-әрекеті туралы еш сезіктенбеген кеңесшілер жұмыс істеген. Осылайша кооператив өз қызметі барысында 357 үлескер тартып, олардан 807,85 млн теңге үлескерлік жарна жинаған, осы ақшаға елдің түпкір-түпкірінен 64 пәтер сатып алыныпты. Явер Мамедов қосымша табыс табу және қаржы-қаражатты сыртқа шығару үшін «Dream Life» ЖШС мен ЖШС «Мечта жизни» деген үлестік кәсіпорын құрған.
Кооператив қызметінің жүйесінен түсінгеніміз, 10 адамның ақшасына 3 пәтер сатып алынған, яғни, үш үлескерге үй берілсе, қалған жетеуі өз кезегін күткен. Ары қарай тағы 10 адамнан тұратын кезеңде, келесі 3 үлескер үшін пәтер алынған. Ал өз кезегін күтушілердің саны 14-ке жетеді. Нәтижесінде, тұрғын үйден үмітті үлескерлерге пәтер жаңа салымшылардың қаржысын тарту арқылы ғана алынып отырған. Ақыр соңында өз кезегін күткен үлескерлердің саны 306-ға жетеді. Кооператив енді олардың алдында өз міндетін атқара алмай қалады. Қазіргі кезде оның қызметі тоқтатылып, есепшоты мен жылжымайтын мүлігіне тыйым салынған.
Сонымен қатар, кейбір адамдар бұрын өзі алған қарыздары мен міндеттемелерінен қашып құтылғысы келеді. Ал алаяқтар осыны бірден пайдаланады. Қазақстандағы тағы бір қаржы пирамидасының жұмысы екінші деңгейлі банктерде несиесі бар борышкерлерден қаржы тартуға негізделген.
2014 жылы Роберт Зиатдинов қол астындағы адамдармен бірге «Фин Статус» деген қаржы кәсіпорнын құрып, еліміздің ірі қалаларында бөлімшелерін ашқан. Компания клиенттеінен бұрын алған несиесінің 40 пайызы шамасында қаржы қабылдап, банк алдындағы қарыз сомасын түгел жабу міндетін өз мойнына алған. Соған қарамастан, серіктестік өз мойнына алған міндеттерін өтеуге мүкіндік беретін, кіріс табуға негізделген ешқандай коммерциялық қызметпен айналыспаған. Салымшылардан заңсыз қабылданған қаржының бір бөлігі қылмыстық топтың жеке қажетілігіне жаратылған. Нәтижесінде компания клиеттеріне жалпы көлемі 657,7 млн теңге материалдық зиян келтірілген.
Тура осыған ұқсас жүйені семейлік «кәсіпкер» әйел де қолданыпты. 2016 жылдың 28 наурызынан 2017 жылдың 21 қарашасына дейін, 1,5 жыл ішінде «Қаржы Инвест ЛТД» ЖШС өзін нарықтағы инвестициялық компания ретінде таныстыра отырып, тек Семей қаласынан ғана емес, Шығыс Қазақстан облысының басқа да аудандарындағы салымшылардың есебінен, тұтынушылық базасын жүзден асырыпты. Компания құрылтайшысы Дана Тахирова «мойнындағы несиесінің 40-45 пайыз көлемінде жарна төлеген салымшыларға банктегі қарызын пайызымен бірге толықтай өтеп берем» деп уәде берген. Әрине, салымшылардың қаржысы басқарушылардың жеке бас пайдасына жұмсалған. Бұл қаржы пирамидасына салынған қаржының жалпы сомасы –27,63 млн теңге.
Аталмыш қаржы пирамидасы бойынша тағы бір қылмыстық іс фирманың тең құрылтайшысы – Әсел Алдырбаеваның үстінен қозғалған. Сот барысында сотталушы 2016 жылы серіктестерімен бірге «Қаржы Инвест ЛТД» ЖШС-ын құрғанын мойындаған. Құжат бойынша бұл фирма құқықтық қызмет көрсетуі тиіс еді, ал іс жүзінде «білім, құрылыс, ауыл шаруашылығына салынады» деп клиенттерден қаржы тартқан. Кейіннен ол серіктестіктен бейресми түрде шығып, «Қаржы инвест ЛТД-дан» қарыз алып, мектеп ашқан.
Қаржы пирамидалары көбіне салымшыларына өте жоғары пайызды уәде етеді және түрлі коммерциялық жобаның атын жамылады. Мәселен, Анар Гречко Ақтөбе қаласында «Лотто-Лотто» атты қаржы пирамидасын құрған. Жоба бұрын келген салымшыларға кейін келген салымшылардың есебінен баюды ұсынған. Маркетинг-жоспар бойынша, Гречко Qiwi-әмиянға 11 мен 330 мың теңге аралығында ақша салған адамдарға 6 күн қатарынан, күніне 4-120 мың теңге кіріс уәде еткен. Үгіт-насихат WhatsApp мессенджерінде құрылған арнайы топ арқылы жүргізілген. Сот-медициналық сараптама анықтағандай, сенгіш қазақстандықтар жоба аясында құрылтайшының электронды әмиянына 231,3 млн теңге жіберіп үлгеріпті.
Ал Ләззат Алатаева өз салымшыларына ойынның барлық шарттары сақталған жағдайда, ақшалай сыйақы ғана емес, автокөлік те уәде еткен. Пирамида жұмысы autofor.kz сайты мен «Auto For» ЖШС арқылы жүргізілген. Осындай пирамида құрудың идеясын ол «Харика-Тревел» жүйесінен алған көрінеді. Алатаева құрған «Бірінші халықтық бағдарлама» ең кемі 11 мың теңге салым салған адамдарға қосымша 7 адам тарту шартымен, 20 мың теңге сыйақы ұсынған. Ары қарай қатысушы пирамиданың екінші кезеңіне өтіп, жоғарыда айтылған шарт бойынша, сыйақы көлемін 50 мың теңгеге дейін арттыруы көзделген. Осылайша жалғаса береді. Бағдарламаның ең соңында Nissan Almera автокөлігі ойнатылуы тиіс еді, алайда бұл көлік компания меншігінде болмаған да. Аудиторлық тексерістің нәтижесіне сәйкес, «Auto For» ЖШС 2015 жылдың қыркүйек айынан 2016 жылдың қарашасына дейін салымшылардан 8,26 млн теңге қабылдаған, оның жартысы Алатаеваның жеке қажеттілігіне жұмсалған.
Көптеген қазақстандықтардың арманы – су жаңа «Тойотаны» тізгіндеу болса, бұл арманды қаржы пирамидасын құрушылар tulpar.million888.com. сайты арқылы «орындаймыз» деп сөз берген. Гүлзира Шоранова салымшылардан ақша тарту үшін арнайы портал ашып, оларға сыйақы ретінде су жаңа «Тойота-Королланы» сыйлауға уәде еткен. Екі жылдың ішінде Семей тұрғындары пирамида құрушылардың есепшотына 71,51 миллион теңге аударған.
Алаяқтар азаматтардың қаржылық сауатсыздығын жақсы пайдаланады. Осылайша, 2016 жылы Елена Колесникова бастауын Ресейден алатын, жақсы жұмыс істеп тұрған инвестициялық бағдарлама туралы жалған ақпарат таратып, қарағандылықтарға аптасына 14% шамасында дивидент алуға мүмкіндік беретін, әртүрлі бизнес саласына ақша салуға шақырған. Белсенді кәсіпкерлік қызмет түрін көрсету үшін ол салымшылар мен «Елена Колесникова» ЖК және «FinansOptoGroup» ЖШС арасында «Бірлескен қызмет туралы» келісім-шарт жасаған.
Фирманың жалдамалы қызметкерлері салымдардың бизнесті дамытуға, соның ішінде «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне жұмсалады деп түсіндірген, алайда іс жүзінде, сот қаулысында көрсетілгендей, құрылтайшылар салымшылардың белгілі бір бөлігіне қаржысын қайтарып бере алмас еді, өйткені салымның өзін-өзі ақтауы мен салымшылардың қандайда бір дивидент алуы үшін қосымша табыс көзі қарастырылмаған. Жалған инвестициялық бағдарламаға деген сұраныс өте жоғары болған. Нәтижесінде 2017 жылдың мамыр-қазан аралығында қаржы пирамидасы қарағандылықтардан аса ірі көлемде – 3,03 млрд теңге қаржы тартқан.
Қарағанды қаласының тағы бір тұрғыны Станислав Пригодин – экономика және бизнес саласының кәсіби маманы, қаржы пирамидасының инвестициялық саясатының ғылыми негізделгенін «дәлелдеу» үшін, типографиядан арнайы кітап бастырып, оны қатысушыларға таратып, ауқымды презентация ұйымдастырған. Бұл жиындарда ол жақсы табыс табу, көлемді дивидент алу, мансап баспалдағымен жоғарылау, түрлі тұрғый үй және автокөлік бағдарламаларына қатысу, сондай-ақ бизнеске миллион долларлап инвестиция құю туралы ақпарат таратқан. Оған қоса, шетелдерге іс-сапар ұйымдастырып отырған.
Өз мақсатын жүзеге асыру үшін тұрғындардың арасында Қазақстан аумағында жылжымайтын мүлік құрылысымен айналысатын Atlantic Plus компаниялар тобы туралы жалған ақпарат таратады. Ал Пригодиннің өзі аталмыш компанияның Қарағанды облысындағы өкілі екен. Өз мойнына алған міндеттемелерін орындай алмайтынын түсінген сәтте, Пригодин өзін фейк компаниядан «жұмыстан шығарып жібереді». Алайда іс жүзінде топты басқарып отырған. Желілік маркетингтің терісін жамыла отырып, 2015 жылдың тамызынан бері ол өз қаржы пирамидасына 469 адамнан 59,35 млн теңге қаржы тартқан.
Ал көрші жатқан Жезқазған мен Сәтпаевта стамотологиялық тауар сатумен айналысатын сатушы Зәмзәгүл Никомбаева «Никомбаева З. У.» ЖК арқылы аз уақытта жоғары пайыз иеленуге мүмкіндік беретін «Сенім» депозиті түріндегі қаржы пирамидасын құрған. Расында алғашқы уақытта салымшылар уәде етілген табысты алып отырған, ол келесі салымшылардың есебінен төленіп отырғаны белгілі. Ақшаның бір бөлігін құрылтайшы өз кәсібіне салған. Қылмыстық әрекеттің нәтижесінде 2016 жылдың сәуір-маусым айларында Никомбаева 8,57 млн теңге көлемінде табыс тапқан.
Пирамиданы қалай анықтауға болады?
«Пирамиданың арбауына қоғамның барлық тобы мен әртүрлі жастағы адамдар түсетінін тәжірибе көрсетіп отыр, тек ірі бизнесмендер мен қаржыгерлер бұл мәселеге байыппен қарайды»,– деп пайымдайды Ярослав Кабаков. –Дегенмен, оларды да шырмауына түсіретін «ГКО», «Мейдофф қоры», биткоин сынды пирамидалар табылады. Қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы ғана өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете аласыз, қаржы құрылымына ақша қайдан және қалай келетінін зерттеп, сонымен қатар, өз ашкөздігіңізді тыйып, ешқандай тәуекелі жоқ, еш күш салмай-ақ көп ақша табуды ұсынған сайын, бір сәтке тоқтап, «бұл қандай батпан құйрық» деп ойланыңыз.
Қаржы пирамидаларына қатысушыларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: 1) қаржылық сауаттылығы, соның ішінде қаржы пирамидалары туралы білімі төмендер; 2) пирамиданың алғашқы кезеңінде жақсы табыс тауып, дер кезінде одан шығып кетуге, тіпті үлкен шығын шығаруға саналы түрде баратын адамдар. Ләззат Үсенбекованың айтуынша, қаржы пирамидаларының қызметі нақты осы екі топқа бағытталған, олар болмаса, қаржы пирамидаларының жұмысы жүрмейтін де еді.
«Қаржы пирамидасына тап болғаныңызды айқындайтын бірнеше белгі бар», – дейді «Астана инвест» инвестициялық үйі инвестициялық сараптама бөлімінің жетекшісі Серік Қозыбаев: «Біріншіден, бұл – жоғары табысқа кепілдік беру, осының өзі «бұл қалай?» деген ойға жетелеуі тиіс. Екіншіден, жобаға ақша салмас бұрын, келісім ұсынып жатқан ұйым, инвестиция жасағалы отырған жоба жайлы, салынған ақшаның қайда инвестицияланатыны туралы егжей-тегжей ақпарат жинап алған дұрыс. Ғаламтордан аталмыш ұйым туралы жарытымды ақпарат таппай, ал қаржы қайда жұсалады деген сауалға көкейге қонымды жауап ала алмауыңыз мүмкін. Үшіншіден, брокерлік қызметпен айналысуға рұқсат беретін Ұлттық банктің лицензиясы бар ма, жоқ па – соны тексеріңіз. Қаржы пирамидаларының қандай лицензиясы болуы мүмкін? Ешқандай. Ақыр аяғы, келісім-шартты толығымен, мұқият оқып шығыңыз. Онда «сізге ақша қайтарып беруге міндетті емеспіз» деп жазылуы бек мүмкін. Қаржы пирамидасының тағы бір белгісі – қаржыны бүгін салмасаң, ертең кеш болады деп алқымнан алу».
Дегенмен, сарапшылар төмендегі белгіні негізгі айырмашылық деп есептейді: Инвестициялық компания үшін сіздің инвестициялық жобаларда, қор нарығында табыс тапқаныңыз тиімді, яғни инвестициялық компания сіздің жағыңызда, ал қаржы пирамидасына сіздің көбірек ақша құйғаныңыз керек, оны жинап алып, жоқ боп кетеді, яғни пирамида – сізге қарсы. Жақсы табыс табуды ұсынған әрбір ұйымға барар алдында осыны анықтап алыңыз».
Сарапшының пікірінше, бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан нақты шешім шығарылуы тиіс, атап айтқанда, түрлі қитұрқы әдіс-тәсіл қолданатын қаржы пирамидаларын бақылау мен реттеуді қатайту қажет.
–Қаржы пирамидасынан сақтану үшін негізінен заңды түрде рұқсат етілген ивестиция түрлерімен жұмыс істеген абзал, – деп атап өтті Қаржыгерлер қауымдастығының өкілі. Бұл: банкте депозит ашу, құнды қағаздар, инвестициялық қорлар, үлестік инвестициялық қорлар, сонымен қатар, нарықтың кәсіби қатысушылары – брокерлер мен делдалдық қызметтің барлық түрін ұсынатын, кеңес беретін, портфель басқарушыларға жүгіну.
Қаржы ұйымдары мен қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сонымен қатар, инвесторлар және қаржы өнімдерін тұтынушылардың құқығын қорғау үшін лицензия беруден бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасында шығынсыз қызмет көрсетуді, тәуекелдерді басқару жүйесін, пруденциалық нормативтерді қоса алғанда, стандарт мен лимиттің сақталуын қамтитын лицензия алушыларды бақылау мен қадағалаудың механизмі қарастырылған.
Еш лицензиясыз, бос жатқан қаржыны өздерінде ораналастыруды ұсынатын ұйымдардың қаржы тартуға құқығы жоқ, олар ҚР Ұлттық банк тарапынан бақыланбайды да, реттелмейді де. Сәйкесінше, Ұлттық банк қадағалауынан тыс ұйымдарға қаржы салудың аяғы – қаржыдан айырылуға әкеп соғады.
Әрине, қаржы пирамидаларын құрушы адамдар да ақымақ емес, олар заңды оңай айналып өту жолдарын біледі және сенгіш адамдардың арқасында пайда табуын жалғастыра береді. Көбіне алаяқтық «болары болып, бояуы сіңіп» қойған соң анықталып жатады.