2019 жылы теңге бағамы қайда бағыт алмақ?

Жарияланды
Қаржыгерлердің доллар құны туралы болжамдары бір-бірінен қатты ерекшелінеді

Теңге бағамы 2018 жылы объективті факторлармен өзара байланысын жоғалтып, болжамға «келмейтін» жағдайға түсті, 12 айдың ішінде доллар 41 теңгеге қымбаттады. Ал 2019 жылы ұлттық валюта бағамынан не күтеміз? Осы орайда сарапшылар өз болжамдарымен бөлісті.  

Вячеслав ДОДОНОВ, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:  

– 2018 жылы теңге бағамына әдеттегі факторлар әсер етуден қалды, әсіресе ол маусым-қыркүйек айларында мұнай бағасы өскен шақта, доллардың қымбаттауынан айқын білінді. Осы кезеңде теңгенің рубльге қатысты  әлсірегенін де айта кету керек: Ұлттық банктің деректері бойынша, мамыр айында рубльдің орташа бағамы – 5,27 теңге болса, қазан айында – 5,58 теңгені құрады. Сондықтан, 2018 жылы, әсіресе екінші жартыжылдықта теңге бағамының құбылуын әдеттегі қозғаушы күш емес, өзге факторлар айқындағандай көрінеді. Меніңше, мемлекеттік қаржы, әсіресе, Ұлттық қордың айналасындағы ахуал негізгі факторға айналды. Біріншіден, соңғы жылдары Ұлттық қордың көлемі қатты қысқарды, және де оның әрі қарай  қысқаруы қолайсыз болды.  

Оның үстіне, қордан бюджетке түсетін трансфеттер тұрақты күйінде жалғасуы тиіс, және де теңге жүзінде іске асырылатын бұл трансфеттердің валюталық тұрғыдан көлемділігі анағұрлым аз болғаны қолайлы еді. Осы орайда теңгенің аздап құнсыздануы орынды болып, соның нәтижесінде трансферттің қажетті теңгелік көлемі Ұлттық қордағы доллардың шамалап қана сатылуы есебінен қамтамасыз етілетін еді.  

Екіншіден, Ұлттық қорды бірінші жартыжылдықта басқару нәтижесі туралы тамыз айында жарияланған баяндама қоғамда үлкен шу тудырды, аталмыш есепте курс айырмашылығы, ең бастысы, бірінші тоқсанда теңгенің нығаюы салдарынан 785 миллиард теңге көлемінде инвестициялық шығын көрсетілген еді. Курстың осындай келеңсіз тәжірибенің аясында, сонымен қатар, Ұлттық қордың теңгелік статистикасын жақсарту мақсатында екінші жартыжылдық ішінде аздап болса да түзетілгенін ескеру қажет.  

Нәтижесінде, Ұлттық банктің мемлекеттік активтерді инвестициялық басқару тұрғысынан қойылған бірнеше маңызды міндеттері орындалды:  

-Ұлттық қордың теңгелік көлемі ұлғайтылды, оның ұлғаюына активтерді қайта бағалау арқылы оларды басқарудан түсетін табыстың өсуі өз септігін тигізді (соның негізінде, теңгенің төмендетілген бағамы жағдайында да валюталық активтер қымбаттай бастады). Бұл жағдайда 2018 жыл бойы қордың валюталық көлемі бірінші тоқсанға қарағанда азырақ болғанын ескеру керек.  

– БЖЗҚ-ның да табыстылығы күрт өсті, оны Ұлттық қор секілді,  Ұлттық Банк басқарады: зейнетақы активтерінің басым бөлігі жыл бойына валюталық активте орналастырылуы есебінен, оларды қайта бағалау арқылы кірістің артуына үлкен үлес қосты;  

– Ұлттық банктің резевтері де тұрақтанып, жыл соңына қарай біршама өсім көрсетті. 

Қалай болғанда да, екінші жартыжылдықта теңге бағамы объективті факторлармен байланысын жоғалтып, оның қалай құбылатынын болжау қиынға соғып тұр. Келер жылы теңге бағамы қалай қалыптасатыны,  осы ахуал сақтала ма, жоқ па соған байланысты болып отыр. Қалай десекте, 2019 жылы мұнай бағасы арзандауы мүмкін, ол өз кезегінде ұлттық валюта бағамына әсер етпеуі мүмкін емес, өйткені төлем балансы бұрынғыдай айырбас бағамының негізгі факторы болып қалады және ол шикізат құнының арзандауы және экспорттың азаюы салдарынан нашарлайды. Сондықтан доллар құны 400-ден де қымбаттайды деп күте берсек болады. Мен доллардың орташа жылдық айырбас бағамы 430-450 теңге деңгейінде қалыптасады деген ойдамын. 

Мерей ИСАБЕКОВ, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сараптамалық орталығының сарапшысы:  

–АҚШ-тың Федералды сақтық қор жүйесі 2018 жылы негізгі мөлшерлемені 4 рет көтерді. Тіпті, басқа факторларды ескермегеннің өзінде, ФСЖ-ның ақша-несие саясатындағы бұндай өзгеріс АҚШ экономикасы мен долларлық активтерге инвестиция салудың тартымдылығын арттырды, бұл өз кезегінде капиталдың дамушы нарықтан жылыстауына ықпал етті.  

Осы динамиканың артуына геосаяси текетірестер: АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-саттық егесі, Brexit (Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы), Ресейге қарсы салынған санкция және т.б. әсер етті. Оның үстіне, жаһандық экономика өсімінің баяулауына қатысты алаңдаушылық қарқын алып келеді, бұл инвесторлардың тәуекелі төмен активтерге басымдық беруіне ықпал етеді. Осындай сыртқы факторлар ұлттық валюта бағамына әсер етпей қоймасы анық.  

Айта кету керек, жыл басынан бері АҚШ долларының индексі 4,7 пайызға артты. Осы уақытта теңге АҚШ долларына қатысты 11,6 пайызға құнсызданса, Ресей рублі – 18,6 пайызға әлсіреген. Оған қоса инфляция деңгейінің төмендеуі, ағымдағы операциялар есепшотының тапшылығын төмендету, банк депозиттерінің біршама долларсыздануы сынды ішкі факторлар шығын тұрғысынан теңге теңгерімін теңестіруге әсер етті. Сол екі арада ФСЖ өкілдерінің желтоқсан отырысынан кейін өз ұстанымын жұмсартуы АҚШ доллары индексінің төмендеуіне әкеп соқты.  ФСЖ мөлшерлемесінің ұзақмерзімді «бейтарап» бағамы 2,8 пайызға дейін төмендеді. Ал 2019 жылы ФСЖ негізгі мөлшерлемені бір рет көтерумен шектелуі мүмкін.  

Осылайша, 2019 жылы дамушы нарықтардың валюталарына қысым, 2018 жылмен салыстырғанда, төмен болуы ықтимал. Оның үстіне ОПЕК-тің мұнай нарығын теңдестіру тұрғысындағы белсенділігін ескере отырып,  2019 жылы мұнай бағасының қазіргіден де төмендеуінің ықтималдығы аз. Жоғарыда айтылған факторларды және Ұлттық банктің қаржы секторын тұрақтандыруға бағытталған шараларын ескере отырып, 2019 жылы теңге бағамына көбіне ішкі факторлар (қазір олар өте оңтайлы болып тұр) әсер етеді деген ойдамын. Осы орайда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сауалнамасына қатысқан сарапшылар USDKZT жұбында 2019 жылдың соңына қарай курс  1 долларға – 380,4 теңге, орта шамасы – 378,5 теңге көлемінде қалыптасады деп болжайды.  

Дмитрий ШЕЙКИН, Halyk Finance зерттеу департаментінің бас сарапшысы: 

−  2018 жылы Қазақстанның ұлттық валюта бағамының қалыптасуына жан-жақты факторлар әсер етті. Қазақстандық экспорттың негізгі номенклатурасы бойынша баға белгіленімдерінің өсуі (Brent маркалы мұнайдың баға белгіленімі – 30 пайызға, 2017 жылғы орташа көрсеткіш – $56.3/bbl-дан 2018 жылы – $73,21/bbl-ға дейін артты), нәтижесінде шетелдік валютадағы экспорттық түсімнің көбеюуі (2018 жылдың он айында экспорт көлемі 29 пайызға артқан) ұлттық валюта бағамын 1 доллар үшін 320-345 теңге айналасында нақты қалыптастырған еді. Алайда реттеушінің Ресей рубліне қатысты теңгені «әлсірету» саясаты ұлттық валюта бағамының долларға қатысты 380 теңгеге дейін құнсыздануына әкеп соқты.  

Яғни, Ресейге салынған санкциялардың көбеюіне байланысты құнсызданған рубльдің соңын ала, Ұлттық банк ресейлік рубльдің әлсіреуін ұлттық валюта бағамына жүктеп жіберді. Біздің ойымызша, 2018 жылы теңгенің қатты құнсыздануының негізгі себебі – осы. 2019 жылы да Ұлттық банктің теңге бағамына қатысты осы ұстанымы сақталады деген ойдамыз. Оның үстіне, ресейлік валюта бағамына «бюджеттік» ереже де әсер етті, ол бойынша, Ресейдің валюта нарығында РФ қаржы министрлігінің валютаны сатып алуы арқылы Ұлттық әл-ауқат қорындағы мұнай долларынан айықтыру көзделген. Бұл ереже 2019 жылы да қолданылады, яғни Ресей рублінің нығаюына мүмкіндік бермейді, нәтижесінде «әлсіз» теңге саясатының арқасында қазақстандық теңге де соның кебін киеді.  

2018 жылы АҚШ ФСЖ өз ақша-несие саясатын қатаңдатуды жалғастырып, есептік мөлшерлемені 1,50 пайыздан 2,25% дейін көтерді. Бұл өз кезегінде дамушы нарықтан капиталдың жылыстауына әсер етті, соның ішінде Қазақстан да америкалық валютаның жаһандық күшеюіне септігін тигізді. Дегенмен, біздің ойымызша, ұлттық валютаның құнсыздануына бұл көштің әсері әлсіз болды, өйкені оның уақыты созылыңқы, ал жылыстаған капиталдың көлемі KASE-дегі АҚШ доллары бойынша сауда сессиясынан сәл  ғана асты. 2019 жылы теңге бағамының қалыптасуына капитал ағыны одан әрі айтарлықтай әсер етпейді.  

Ресейге салынған санкциялардың ұлттық валюта бағамына «өтпелі» әсерін есепке ала отырып, біз негізгі болжамымыздың аясында 2019 жылы Ресей Федерациясына қарсы АҚШ санкцияларын одан әрі  артатынын ескереміз, алайда ол  қатаң түрде емес, сәл жұмсақ сценарий бойынша жүзеге асуы мүмкін. Brent маркалы мұнай баррелінің құны 68-70 доллар шамасында қалыптасуы, ірі мұнай жобалары аясында негізгі капиталға инвестиция құйылуы, сондай-ақ, шикі мұнай мен газдың жылына 88 миллион тонна көлемінде экспортталуы 2019 жылда қазақстандық теңге бағамын нық қолдауы тиіс. Біздің негізгі болжамымыз бойынша, USDKZT жұбының баға белгіленімі 2019 жылдың соңына қарай – 375 теңге төңірегінде қалыптасып, көбіне USDRUB жұбының қозғалысына байланысты анықталады. Қазақстандық теңгенің рубльге қатысты «әлсіз» бағамы 5,6 теңге көлемінде қалыптасады.  

Сергей ДРОЗДОВ, «Финам» компаниялар тобының сарапшысы: 

−Жалпы алғанда, 2018 жыл Қазақстан экономикасы үшін жаман болған жоқ,  дамушы нарықтағы жазғы жаппай сатылымға қарамастан, мемлекеттің жалпы ішкі өнімі жылдық көрсеткіште ІІІ тоқсан бойынша, 4,1 пайызды құрады. Алайда 2019 жыл тура осындай жайлы болмауы да мүмкін.  Негізгі сын-қатер қатарында қазіргі  сауда-саттық қақтығыс жағдайында АҚШ пен Қытай экономикасы өсімінің бәсеңдеуі бар,  қазірдің өзінде АҚШ-тағы іскерлік белсенділікке кері әсер етіп жатыр.  

Еуроаймақтағы қазіргі жағдай да көңілге үміт ұялатпайды. Айталық Германия ЖІӨ-сі 2018 жылдың ІІІ кварталында бар-жоғы 1,1 пайыз өсім көрсетті, 2017 жылдың тура осы кезеңінде 2,6 пайызға өскен еді. Егер әлемдік экономика кезекті экономикалық циклдің шарықтау шегінде тұрғанын ескерсек, 2019 жылы ол төмендеп, тіпті кейбір жерлерде құлдырауы мүмкін, ол өз кезегінде мұнай бағасына қысым жасайды да, қалыптасқан ахуалдағы алып-сатарлық әсерінен барреліне 50 доллардан да арзандап кетуі ықтимал.  

Осы сценарий жүзеге асатын болса, теңге бағамы АҚШ долларына қатысты 369-375 аралығында құбылып, кейде 425-ке дейін әлсіреуі мүмкін.  

Сондай-ақ оқыңыз