«Курсив» газеті The Wall Street Journal басылымының коммерциялық серіктесі атанды. Енді қазақстандықтар іскерлік тақырыптағы белгілі америкалық басылымның жабық материалдарын оқи алады. Әріптестіктің мән-жайы туралы басылым өкілдері Алматыда өткен баспасөз-жиынында айтып берді.
«Қазақстанның БАҚ нарығы үшін біздің жақсы жаңалығымыз бар. «Курсив» республикалық іскерлік апталығы мен Kursiv.kz порталы The Wall Street Journal-дың коммерциялық серіктесі атанды. Бұл біздің басылым ғана емес, қазақстандық іскерлік журналистика үшін де маңызды қадам. Беделді, тарихы терең The Wall Street Journal сынды басылымның серіктес таңдаудағы талаптары жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, дәл «Курсивтің» бұл келісімге қол қойғанын мақтан тұтамыз, – деп мәлімдеді «Alteco Partners» ЖШС директоры Марат Қайырбеков.
Серіктестік туралы келісімге сәйкес, «Курсив» газеті мен kursiv.kz сайты жылына The Wall Street Journal басылымының ақылы 700-ге жуық мақаласын жариялау құқығына ие болды. Мақалалар орыс және қазақ тілінде жарық көрмек. Сонымен қатар, қазақстандық тарап америкалық басылымның логотипін шектеулі пайдалану құқығына иеленді.
–Қазіргі кезде сапалы журналистиканың бағасы күннен-күнге артып келеді. Wall Street Journal таңдауы Қазақстанның танымал бизнес-басылымының бірі – «Курсивке» бекер түскен жоқ. Жергілікті жаңалықтар мен халықаралық тәжірибенің үйлесімінің нәтижесі керемет болады деген ойдамыз. Бұл әріптестік «Курсив» оқырмандарының Wall Street Journal-дың ақылы жазылушылары ғана оқи алатын жабық ақпаратына қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Ең кереметі – оқырмандардың қазақ және орыс тілдеріне аударылған мақалаларды бір уақытта оқи алатыны, – деп атап өтті Dow Jones International және The Wall Street Journal-дың Еуропа елдерімен коммерциялық әріптестік департаментінің өкілі Питер Коллинз.
Сондай-ақ, спикер аталмыш серіктестік аясында «Курсив» газеті The Wall Street Journal басылымының электронды нұсқасына санаулы жылдық жазылымды тарату құқығына ие болғанын айтып өтті:
–Осындай әріптестік орната алғанымызға өте қуаныштымыз. Бәрі енді басталып жатқанын түсінеміз және алдағы уақытта біздің әріптестік өте тиімді және тартымды болатынына сенімдіміз.
Айта кету керек, бұл серіктестік «Курсивтің» ішкі редакциялық саясатына еш әсер етпейді.
–The Wall Street Journal сынды тарихы терең басылыммен коммерциялық әріптестік орнату біз үшін үлкен құрмет. Келіссөздер ұзақ болғанымен, нәтижесі көңілімізден шықты. The Wall Street Journal-мен әріптестік біздің басылым мен қазақстандық іскерлік журналистиканың дамуына жаңа серпін береді, – деп атап өтті «Курсив»-тің бас редакторы Динара Шумаева.
Сонымен қатар, басылымның сараптамалық бөліміне басымдық беріліп, контенттің сапасы артпақ.
«Wall Street Journal мақалаларына қатысты айтар болсақ, ақылы контент ішінен ең қызықты, оқылымды, терең және қазақстандық оқырмандарға пайдалы мақалалардытаңдап алып, оларды қазақ және орыс тілдеріне аударамыз», – деді Д.Шумаева.
The Wall Street Journal – жаңалықтар, ақпарат, түсініктеме мен сараптама тарататын ғаламдық жаңалық корпорациясы. The Wall Street Journal оқырмандарға баспасөз, интернет-сайттар, мобильді контент, әлеуметтік желілердегі мақалаларды және түрлі видеоларды ұсынады. Басылым әлемдік іскерлік және қаржы жаңалықтардың негізгі дереккөзі ретінде өз тәжірибесіне сүйене отырып, АҚШ-тағы және әлемдік жаңалықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, The Wall Street Journal саясат пен экономикамен қатар, өнер, мәдениет, спорт, денсаулық және lifestyle жайында да жазады. Журналистика саласында үздік жетістіктері үшін 37 Пулитцер сыйлығының иегері атанған.
The Wall Street Journal басылымын News Corp (Nasdaq: NWS, NWSA; ASX: NWS, NWSLV) құрамындағы Dow Jones корпорациясы шығарады.