Астана әкімдігінің «сақалды» құрылысқа неге шамасы жетпей жатыр?

Жарияланды
Бақыт Сұлтановтың сөзіне сүйенсек, қала билігі үлескерлердің мәселесін шешу үшін 2022 жылдың соңына дейін проблемалық нысандар құрылысын аяқтаудың «Жол картасын» әзірлеген

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов 2022 жылға қарай, Астанадағы алданған үлескерлердің мәселесі толық шешіледі деп мәлімдеді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін шаһардағы 29 «сақалды» құрылыстың барлығы салынып бітіп, пайдалануға берілмек. 

Қала билігінің проблемалық нысандарға қатысты бұл ізгі бастамасының жүзеге асатынына ешкім күмән келтірмейді, өйткені бұндай  түйткілдерді шешуде Астана әкімдігінің тәжірибесі мол. Алайда ертеңгі күні Елордада салына бастайтын жаңа нысандар жоғарыдағы 29 «сақалды» құрылыстың қатарын одан әрі толықтырмайтынына ешкім кепілдік бере алмай отыр.  

Әкімдіктің 9 қаңтарда өткен кеңейтілген аппараттық кеңесінде Бақыт Сұлтанов:  

–Құрылыс саласындағы өзекті мәселелердің бірі – салынып бітпеген нысандар, былайша айтқанда, «сақалды құрылыстар» болып тұр, – деп мәлімдеді.  – Қаладағы бұндай құрылыс саны – 29. Үлескерлердің мәселесін шешу үшін біз 2022 жылдың соңына дейін барлық проблемалы нысандардың құрылысын аяқтаудың жол картасын әзірледік, – деді әкім.  
Үлескерлер мәселесін шешуде әкімдіктің тәжірибесі мол, десе де, сақалды құрылыспен күрес жолдары аз емес екенін де ескеру керек, соның ең бастысы – тоқтап қалған құрылысты «Нұрлы жер» бағдарламасына кіргізу арқылы (осы бағдарламаның шеңберінде Астанадағы 36 үлескерлік нысанның құрылысы аяқталып жатыр) қолданысқа беру. Дегенмен, осы қордаланған мәселелердің өз шешімін табуы басқа мәселелердің пайда болмайтынына кепіл емес: Астана халқының саны қарқынды өсіп жатыр, әкімдіктің мәліметтері бойынша, тұрғындардың қатары1 млн 065 мың адамға жеткен.   

Қала әкімдігінің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай, Астана қаласының халқы 2 миллионнан асады, ал 2050-жылдары Қазақстанның астанасы 3 миллион тұрғыны бар қалаға айналады.  

Олардың барлығына үй қажет, сәйкесінше Астанадағы баспана мәселесін шешудің салдарынан «сақалды» құрылыс пен үлескерлердің басындағы түйткілді жағдай әлі де ұзаққа созылатыны айдан анық. Астана халқы оның тұрғын үй қорына қарағанда қарқынды өсіп келеді, егер тіпті 1 млн 065 мың деген ресми цифрды ғана алған күннің өзінде (анығында бұл Астана қаласында тұрақты немесе уақытша тіркеуі бар адамдардың саны), 20 жылда қала тұрғындарының саны 4 еседен артық өскен.  

Ал Астананың тұғын үй қоры соңғы 20 жылда 20 миллион шаршы метрден асып, 4 есе өскен. Қала әкімі бұл өсім «Астана қаласының сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша көш басына шығуына» мүмкіндік берді деп тұжырымдайды. Алайда, қала басшысының бұл сөзімен Елордада пәтер жалдап жүрген жұрт келіспесі анық: «сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету» деген түсінік қарапайым астаналық тұрғынның өз баспанасына қол жеткізе алуын білдірсе керек. Осы тұрғыда республикалық «Крыша» басылымының әрбір қазақстандықтың құны 13 миллион теңгелік бір бөлмелі пәтер сатып алуы үшін қанша табыс табуы қажеттігі жөнінде жүргізген зерттеуі өте қызық.     

«150 мың теңге айлықпен, тіпті қатаң үнемге көшкен күннің өзінде, отбасын асырап, оған қоса, баспанаға ақша жинау мүмкін емес, – деп жазады басылым. – Ал 200 мың кіріспен алғашқы жарнаны (3,9-4 млн теңге немесе тұрғын үй құнының 30 пайызы) 10 жылда жинауға болады. Ал ипотекасыз пәтер сатып алу үшін 20 жыл қажет (ақша 10 пайыздық депозитте сақталса). Егер отбасының ортақ табысы 300-400 мың аралығында болса, бір бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасы 5 немесе 3 жылда жиналады. Бірінші жағдайда ай сайын депозитке 50 мың теңгеден салып отыруға тура келеді, ал екіншісінде – 100 мыңнан. Баспанаға ипотекасыз қол жеткізу үшін 7-8 жылдан бастап, 12-13 жылға дейін жинау қажет. 500 мың айлық алатындар 1 бөлмелі пәтерді 5 жылдың айналасында сатып ала алады. Бұндай кіріс ай сайын 200 мыңнан жинауға мүмкіндік береді. Дегенмен, бизнес санатындағы үй туралы айтар болсақ, ипотекасыз іс бітпейді. Отбасындағы 2 адамның да табысы жарты миллион болса, ай сайын 500 мыңнан жинай отырып, 5 жылда 40 миллион теңгенің басын құрап алуға болады. Бұл – шағын коттедждің құны, – деп жазады басылым. 

Осылайша, 1 бөлмелі пәтер құнын 5 жыл ішінде жинау үшін отбасындағы 2 адам айына 300 мың теңгеден табыс табуы керек. Былай қарағанда, Астанада бұндай жалақымен мәселе жоқ секілді. Аппараттық кеңесте Бақыт Сұлтановтың 2018 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі орташа жалақы 164 мың теңге көлемінде тұрақталғанымен, Астанадағы орташа жалақы 230 мың теңгені құрайды деп мәлімдегені есте. Алайда, бұл деректер қарапайым астаналықтардың арасында түсінбестік туғызып, қала билігіне бұндай орташа жалақы қайдан шыққанын түсіндіруге тура келді.  

 «Астана қаласы бойынша бір қызметкердің орташа жалақысы 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 233 163 теңгені құрады, – деп растады Астана қаласының Статистика департаменті басшысының қызметін атқарушы Жанар Серікбаева.– Бұл деректер қалада тіркелген кәсіпорындар мен заңды тұлғалардан тоқсан сайын жиналатын статистикалық формаларға негізделген. Олар 1-Т деп аталатын форма бойынша есеп береді. Ары қарай біз бір қызметкердің орташа жалақысын есептейміз. Ол аударылған жалақы қорының сомасын, салық пен басқа да төлемдерді ескере отырып, нақты қызметкерлер саны мен есептік кезеңдегі ай санына бөлу арқылы анықталады, – деп түсіндірді маман.  

Яғни, белгілі бір ұлттық компанияның топ-менеджері айына 2 миллион айлық алып, ал оның қол астындағы 9 адамның жалақысы 300 мыңдай болса, бәрін қосып, содан соң 10 адамға бөліп жіберген кезде,  орташа жалақы 230 мың теңге көлемінде қалыптаспақ. Бұл жағдайда ештеңеден қысылмай өмір сүре отырып, нарықтық бағамен пәтер сатып алу мүмкіндігіне 10 астаналықтың тек біреуі ғана ие болады. Алайда, Астана елдегі ең қымбат қалалардың қатарына кіретінін ескеру қажет.  Соның ішінде баспана құны бойынша да: Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, бастапқы нарықтағы да, қайталама нарықтағы да тұрғын үйлердің құны өткен жылы Алматыны басып озған.  

Баспана бағасы тұрақты өсіп, ал ақша жинауға айлығы жетпей жүргенде, бастапқы бағасы нарықтық құнынан 1,5-2 есе арзанға түсетін  үлескерлік құрылысқа астаналықтардың сұранысы бұрынғыдай жоғары болмақ.  Ал сұраныстың ұсынысты тудыраты анық, оған қала билігінің қылар қайраны жоқ: естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанда үлескерлік құрылыс институтынан бас тарту туралы мәселе көтерілді, алайда, қала билігі Астана халқы мен өзге аймақ тұрғындары үлескерлік құрылыссыз баспаналы бола алмайды деген тұжырымға келген.   

Ақырында бәрі үлескерлердің немесе «инвесторлардың» қаржысын тартатын құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды қатайтумен аяқталған. Сондықтан Астанадағы қазіргі 29 «сақалды құрылыс» Елордағы проблемалық нысандармен байланысты оқиғалардың соңы емес.

Сондай-ақ оқыңыз