Зергерлер зар илейді: жаңа заң бизнесті аяқтан шалды

Жарияланды
Бұл саладағы бизнес өкілдері «енді заңды түрде жұмыс істеу мүмкін емес» дейді. «Көлеңкеге» тығылу – кәсіпті ашық жүргізгеннен әлдеқайда тыныш, тиімді екен

Қазақстан Зергерлер лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиев Екінші зергерлер форумында бұл салада ашық бизнес құрғаннан гөрі, көлеңкелі жүйемен жұмыс істеген әлдеқайда тиімді екеніне бірнеше дәлел келтірді. 

Соңғы ауыр соққының бірі – зергерлерді мемлекеттен алтын сатып алу мүмкіндігінен айырған Салық кодексіне өткен жылы енгізілген өзгерістер. 

Отандық асыл тас-металдар саудасы саласында «көлеңкелі» бизнестің кең етек жайғаны бұрыннан белгілі еді. Зергерлер форумында бұл мәселе тағы айтылды: Жұмағалиев мырза мен осы саладағы заңды бизнестің өкілдері «Қазақстанның ЕАЭО мен ТМД аумағында құнды металдар айналымына қатысты заң бұзушылықтар әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік болып табылатын жалғыз мемлекет» екенін тағы да айтып қалды.

Ол аздай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл заңды бұзғандарға елде заңсыз өндірілген, немесе елге заңсыз жеткізілген тауарды тәркілеу сияқты жаза қолданылмайды. Заң бұзу дерегі дәлелденген жағдайдағы ең көп деген айыппұл шамамен, миллион теңге ғана. Мұндай соманы зергерлер күлкілі дейді. Өйткені 1 млн теңге – небәрі екі-үш ірі алтын бұйымның құны. Контрабандистер мен қара нарықтың басқа да өкілдері тәркіленбей, өз қолында қалған бұйымдардың есебінен әлгі миллионды оп-оңай төлей салады. 

«Қазақстан алтын контрабандасы үшін керемет жағдай жасап отыр», – дейді Зергерлер лигасының өкілдері. Олардың дерегінше, Қазақстан аумағындағы зергерлік бұйымдардың жылдық айналымы шамамен 300 млрд теңгені құрайды, оның 95% – «көлеңкелі» нарықтың үлесінде.
 
Отандық нарықтың үштен бір бөлігін Түркияның өнімдері алып отыр (түркиялық Зергерлер қауымдастығының есебінше, Қазақстанға соңғы кездері Түркиядан жылына 11 тоннаға дейін зергерлік бұйымдар жеткізіледі), енді түріктің өнімі Ресей нарығын да толтыра бастады – бұл Ресей мен Қазақстанның отандық зергерлік бизнес үшін өте қауіпті құбылыс, деп санайды Жұмағалиев, өйткені түркиялық алтын өнімдерін сатушылар «көлеңкелі» әдістерінің арқасында көбіне ашықтан-ашық демпингпен (тауарды тым арзанға сату) айналысады.

«Түркияның бұйымдары өзіндік құнынан 1,5-2 есеге төмен: 583 сынамалы алтын 1 граммының биржалық құны қазір 9199 теңге – бұл жұмысты қоспағандағы, тек шикізат құны, – дейді Жұмағалиев. – Ал дайын өнім бағасына – жасалған жұмыстың құны, кедендік, баж салықтары қосылуы тиіс. Сонда сапалы алтын бұйымының нақты бағасы кем дегенде, әр граммына 12–15 мың теңге болуы керек. Осылайша, түптеп келгенде мемлекетке салық төлеп, жұмыс орнын ашып, жұмысшыларына жалақы төлейтін қазақстандық зергерлер Түркиямен бәсекелесе алмайды. Өйткені Түркияның алтыны контрабандалық жолмен кіреді. Әрі Түркиядан келетін жылтырағанның бәрі алтын емес», – деген ол контрабандалық өнімдердің арасында сапасы төмен алтынның көптеп кездесетінін меңзеді.

2016 жылы қабылданған «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң теория жүзінде нарықтағы жасанды бұйымдарды әшкере етуі тиіс еді: оның 13-ші бабында сынамалық таңбасы жоқ зергерлік және басқа да бұйымдарды сатуға тікелей тыйым салу туралы жазылған. Бірақ іс жүзінде қазақстандық ритейлерлердің (бөлшек сатушылар) аз ғана бөлігі сырттан жеткізілетін бұйымдарына сынамалық таңба салады – республикадағы сатушылардың 99% әлі де өнімдерді таңбасыз сатып келеді.

«Сынамалық таңбалары жоқ болғасын олардың сапасы да 583 сынамасынан әлдеқайда төмен: тіпті бұйымның құрамында алтын болмауы да мүмкін, тек сыртына алтын жалатылғандары да кездеседі, – дейді Жұмағалиев. – Бірақ 8 мың теңгеге алтын сатып алатын біздің тұтынушыларымыз оны тексеріп жатпайды. Әйтеуір арзан бағаға алтын алғанына мәз. Ал жаңағы «алтынның» кейін бұзылып кететіні, аллергия шақыратынына бас қатырып жатпайды. Сондықтан осы мәселелер шешілмесе, отандық зергерлік бұйымдар саласы таяу жылдары сала ретінде жойылып кеткелі тұр», – деп қосты ол.

Зергерлер лигасы бәсекеден қашпайды – нарықтың заңды өкілдері бұрын Түркия, Үндістан және өзге де елдерден контрабандалық жолмен зергерлік бұйымдар тасыған зергерлерге рақымшылық жасауды (амнистия) ұсынады.

«Алтын өнімдерін контрабандалық жолмен әкеліп, оны сатып келген зергерлерге рақымшылық жасауды сұрап, өткенде ғана президент әкімшілігіне ұсыныс жолдадық. Бізге олардың өз бұйымдарын көрсетіп, сынама жасап, мемлекеттен тығылмай, салық төлеуші ретінде есепке тұрғаны керек. Біз көлеңкелі нарық көлемін 20-30%-ға болса да азайтқымыз келеді», – дейді Қайсар Жұмағалиев.

Оны есебінше, қазір елімізде шамамен 10 мыңдай жеке және заңды тұлға зергерлік бұйымдар сатумен айналысады. Олардың бәрі «Қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру мен заңсыз кірістердің ізін жасыру туралы» заңға сәйкес ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің арнайы есебінде тұруы тиіс. Ал іс жүзінде ол тізімде небәрі 300-ден сәл асатын компаниялар мен жеке тұлғалар есепте тұр – заңды жұмыс істейтіндері солар ғана. Қалғандары заңның бұл талабын орындамайды, ол үшін ешқандай жазаға да тартылмайды. Олар тіпті бағасы қымбат жеке тапсырыстар үшін күресте де басымдыққа ие болып отыр.

«Біздегі заң бойынша, бағасы 10 млн теңгеден басталатын қымбат бұйым сатып алғысы келетін адамды мен тексеруім керек: жеке куәлігінің көшірмесін алып, сауда-саттық дерегі туралы қаржылық мониторинг комитетіне хабарлауға тиіспін. Күдік туғызса, ондай сатып алушыға бұйым сатудан бас тартуға міндеттімін – сатып алушыға мұның бәрі керек пе? Ол базарға барады: заңды орындамайтын, арнайы есепте тұрмайтын сол жердегі сатушылардан ала салады, – деп қолын жаяды Жұмағалиев. – Қаржылық мониторинг комитетіне осы мәселені айтып талай хат жаздық, бәрін есепке қойып, бір өркениетті нарық болсын дедік, бірақ комитеттегілер бізде бақылаушылық функция жоқ, бұл мәселені шеше алмаймыз деп шарасыздық танытуда», – деп қосты ол.

Осындай жағдайда да заңға бағынатын  заңды бизнес өз күнін өзі көріп келген. Ал 2018 жылдың басынан бері мемлекет өз қолымен бұларды да «көлеңкеге» кетуге мәжбүрлеп тастады. Салық кодексіне енгізілген жаңа өзгеріс тазартылған алтынның 300 килограмына берілетін квотаны жойды: бұрын «Тау-Кен Алтын» компаниясы 300 келі алтынды заңды жұмыс істейтін зергерлерге қосымша құн салығынсыз (ҚҚС) сатып келген болатын.

«Неге біз өз жерімізде өзге өндірушілермен бәсекелесе алмаймыз? Өйткені біз үшін шикізат, жаңағы тазартылған алтын қол жетімді емес болып қалды. Ұлттық банк жергілікті зергерлердің тазартылған алтынды биржа бағасымен қосымша құн салығынсыз сатып алуына квота бөлген, сол бізге тиімді еді. «Тау-Кен Алтын» квотаны бізге қуана беретін, бірақ 2018 жылы Салық кодексіне енген өзгертулерге сай, енді тазартылған шикізат – алтынға ҚҚС қосылды. Не болды нәтижесінде? Қазір зергерлер «Тау-Кен Алтыннан» бір грамм алтын да алмайтын болды. Олар бұйым жасайтын алтынды енді қайдан алады? Олар ломбардтан алуға көшті. Ломбардқа ол биржа бағасымен, қосымша құн салығынсыз өткізіледі…», – дейді Жұмағалиев.

Заңды жұмыс істейтіндер шикізатты сондай-ақ биржалық бағадан 1–2%-ға төмен бағамен сататын «қара саудагерлерден» де ала алады. Жұмағалиевтің айтуынша, зергерлер үшін бұл да жаман емес, тек елдегі нарықтың бәрінде көлеңкелі сектормен күресуді ту етіп отырған мемлекет бұған қалай қарайды? 

Сонымен қатар, сарапшылар айтқандай, «Тау-Кен Алтынның» зергерлермен арадағы жұмыс тәртібі бұрынғы қалпына келтірілмесе, бұл компанияның өз болашағы да бұлыңғыр болмақ, өйткені енді іс жүзінде оның алтынын биржадан басқа ешкім де алмайды. 

Екінші форумның қатысушылары осы мәселелерді салаға жауапты орган – ҚР Инвестиция және даму министрлігінің алдында тағы да кезекті рет көтермек. Ал, әзірге… мемлекет зергерлерді «көлеңкеге» өзі итеріп отыр ма деген екіұдай ой қалыптасып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз