Банк пен қаржы

Ұлттық банк: қауқарсыз компанияларды нарықтан шығару керек

Ұлттық банк алған несиесін қайтара алмаған компаниялардан банк секторына қолданған тәсіл арқылы арылу керек деп тұжырымдайды

Бас банкир Данияр Ақышев экономиканың нақты секторын қарызын қайтара алмай жүрген компаниялар мен кәсіпорындардан тазалау қажет деген ұсыныс тастады. 

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҰБ төрағасы коммерциялық банктердің бас ауруына айналған дәрменсіз компаниялардан нарық өздігінен құтыла алмай отыр деп мәлімдеді. 

«Соңғы 10 жылда банктердің экономиканы несиелендіруі 70 пайызға артып, 5,5 триллион теңгеге жетті. Бұл уақытта 7 банкті тарату мен 2 банкті сауықтыру есебінен 5 триллион теңге шығын шықты. Яғни, осы жылдары берілген несиені қарыз алушылар қайтарған жоқ. Банктер оларды қайта құрылымдауға талпынғанымен, біртіндеп проблемалық және қызмет көрсетілмейтін қарызға айнала берді, – дейді Ақышев.

Сондықтан бас банкир нақты секторды қаржы саласында қолданған тәсілдер арқылы тазалауды ұсынды. 

«Қауқарсыз компанияларды нарықтан шығару бағытында жүйелі жұмыс керек. Оларды қайта құрылымдап немесе жауып тынып, активтерін жұмысы жақсы компанияларға берген дұрыс», – деп нақтылады Ақышев.

«Тікелей мемлекеттік қаржыландыру тек ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, банкроттық жұмыстың тиімділігін арттырған жөн, біз көтерген статистика шағын кәсіпорындардың тек 3,6 пайызы жабылатынын көрсетті, оның жартысына жуығы сауда-саттық саласындағы фирмалар, – деп мәлімдеді бас банкир.
  
Ол бұны сауда-саттық нарығына кіру біршама жеңіл болуымен  байланыстырады, ол өз кезегінде бәсекелестікті арттыратыны сөзсіз. Ал банкрот болған өзге компаниялар – ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіптің үлесінде.
 
Осы орайда несие алып, қайтармай жүргендердің тізімі Н.Назарбаевтың қызығушылығын тудырды:

«Бұл жерде қылмыстық іс қоғалуы керек. Мемлекеттің бар мүмкіндігін пайдала отырып, қарызды қайтару қажет. «Қаржы нарығын қадағалайтын бөлек мекеме құрайық дегенде, өзің «қолымнан келеді» дегенсің. Енді өзің бақыла. Әрбір акционердің өз банкін тонауына заңмен жол беріп қойдық та, артынан қуып әуреміз. Сол кезде қайда қарап отырдық? Жұмысың нашар»,– деді Президент Ақышевқа. 

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Данияр Ақышев Ұлттық банктің отандық көлік сатып алушыларға арналған жеңілдетілген несие бағдарламасын жасауға даяр екенін хабарлады. 

«2019 жылы Қазақстан азаматтарының отандық өндірістегі автокөлік сатып алуы үшін Ұлттық банк несие беру бағдарламасын әзірлеуге және қаржыландыруға дайын», — деді Ақышев. 

Бас банкирдің айтуынша, бағдарлама нарық принциптеріне негізделеді, оған коммерциялық банктер тартылып, «7-20-25» бағдарламасының инфрақұрылымы негізінде жүзеге асады.

«Неге автокөлік өндірісі? Өйткені ол – құрылыс секілді, қаражатты көп қажет ететін, жоғар технологиялы сала, экономикаға елеулі мультипликативтік әсер береді. Бұл бастама импорт алмастыруға жақсы әсер етіп, импорттық тауарлар санын қысқартады,– деді Д.Ақышев.
Төрағаның айтуынша, ҰБ бұл бастаманы қысқа мерзімде Үкіметпен және екінші деңгейді банктермен егжей-тегжей талқылауға әзір. 

Президент өз кезегінде бұндай бағдарлама қосымша жұмыс орнын ашуға ықпал ететінін айтып өтті: – Несие беруде тұтынушыға да, өндірушіге де тиімді болатын салаларды  таңдау керек, – деп түйіндеді Н.Назарбаев.