Kursiv.kz өткен мақалаларында инвестициялық сақтандыру туралы және life-компаниялардың (өмірді сақтандыру) сақтандыру полистері салық нысанында банк депозиттерімен теңестірілгенін жазған болатын. Дегенмен, сақтандыру нарығында одан басқа да жаңалықтар бар.
2018 жылғы 11 айдың қорытындысы: «өмірді сақтандыру» саласындағы сақтандыру сыйақысы 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 26,6% пайызға өсіп, 75,5 млрд теңгеге жетті.
«Жалпы сақтандыру сыйақыларының ішінде «Өмірді сақтандыру» саласы бойынша сыйақы үлесі 21,7% құрады, ал 2017 жылдың 1 желтоқсанында – 17,3% болған», – деліген Ұлттық банктің ресми ақпаратында.
Life-сақтандыру – дамыған елдерде (G7) халықты әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі құралдарының бірі. Бұл елдерде өмірді сақтандыру бойынша сыйақы үлесі орта есеппен жалпы ішкі өнімнің 5% құрайды.
«Германия, Англия және Францияда «өмірді сақтандыру» сыйақыларының үлесі барша сақтандыру сыйақыларының 70% құрайды, ал Жапонияда – тіпті 80% жуық. Қазақстанда бұл көрсеткіш – ЖІӨ-нің 0,15% пайызына да жетер-жетпес. Дамушы елдердің нарығындағы орташа көрсеткіш 1,7% екенін ескерсек, Қазақстанның бұл көрсеткіші тым төмен», – дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері.
Отандық сақтандырушылар жағдай жақын арада өзгеретініне сенімді. Салықтық жеңілдіктер мен инвестицияны сақтандыру, басқа да өзгерістер нарықтың өсуіне ықпал етеді деген үміт бар. Мәселен, биылдан бастап life-компаниялар өз полистері бойынша тәуекелдерін өздері сақтандыруы тиіс.
«Сақтандыру келісімшарты 1 күннен –(жолға шыққан жолаушыға), бірнеше жылға дейін жасалады. Бұл өнім бойынша төлем ұзақ уақыт төленуі мүмкін, ал тәуекелдер «ортақ сақтандыру» саласындағы компанияларға әсер етеді. Айта кету керек, олар әдетте келісімшарттарды бір жылға ғана жасайтын», – деп түсіндіреді «Nomad-Life» Өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы орынбасары Асқар Шәкенов.
Бұл компаниялардың инвестициялары да алдағы 10-20 жылға шақталмаған. Ұлттық банк талаптары өзгергеннен кейін, сақтандырушылар тәуекелдерін шетел асыруын тоқтатты. 11 айдың ішінде қайта сақтандыруға кеткен сақтандыру сыйақыларының көлемі 82,4 млрд теңге немесе жалпы сыйақылар көлемінің 23,7%-на дейін жеткен. «Жалпы сақтандырумен айналысатын компаниялардың сыртқы нарыққа шығуына шектеу енгізілді, енді бұл іспен өзіміз айналысамыз. Айта кетейін, Қазақстанның нарығында өте үлкен, қуатты компаниялар көп, сондықтан біз аса ірі сомадағы төлем жасауға дайынбыз. Тәуекелі бізде қалатындықтан, бұл сегментте енді едәуір өсім болуы мүмкін», – дейді спикер.
Енгізілген өзгерістер сақтандырушыларға ғана емес, құнды қағаздар нарығына да өзгеріс әкелмек. Өйткені қайта сақтандырудан түсетін ақшаны да кез-келген бір құралға салу керек.
Биылғы тағы бір өзгеріс – енді сақтандыру компаниясының клиенті сақтандыру өтемақысы сомасымен келіспеген жағдайда, ол сақтандырудың қандай түрі болса да, өз мүддесін қорғау үшін сақтандыру омбудсменіне жүгіне алады. «Дауды сотқа дейін шешу қарапайым адамдарға да, сақтандырушыларға да тиімді. Соның арқасында сот шығыны азайып, клиентпен арадағы дауды қарастырудың тиімді жолы құрылады. Одан нарықтың зиян шекпейтіні анық», – деп болжайды Шәкенов мырза.
Сақтандырушылардың ұсынысы – аннуитет пен депозит
БЖЗҚ мәліметі бойынша, өткен жылдың 11 айында зейнетақы жинағы қаржысынан сақтандыру ұйымдарына 22,2 млрд теңге аударылды. Бұл –зейнетақы қорының барлық төлемдерінің 14%. «Бұл соншалықты үлкен сома емес. Бірақ нарық біртіндеп дамып келеді, соның арқасында life-компаниялар бірнеше жылдан бері жұмысын тұрақты жалғастыруда», – деп пайымдайды «Халық-Life» АҚ атқарушы директоры Виталий Любимов.
«Иә, аннуитеттер өсімі тым баяу. Енді ер адамдар зейнетақы шотында 10 млн теңгесі болса, әйел адамдар 12 млн теңгесі болса – жинағын сақтандыру компаниясына аудара алады. Зейнетақы жүйемізге 20 жыл толып отырғанын ескерсек, бұл соманы соншалықты үлкен деп айтпас едім», – дейді «Халық-Life» өмірді сақтандыру компаниясының атқарушы директоры.
Тағы бір жаңалық, сақтандыру саласында құжат рәсімдеу тетіктерін жеңілдетіп, электронды форматқа ауыстыру жоспарлануда.
«Қазір азаматтар әр екі жыл сайын сақтандыру компаниясын ауыстыруға құқылы. Бірақ ол үшін кеңсеге келіп, өтініш жазып, қол қоюы тиіс еді. Енді бәрі электронды форматқа өтеді. Құжаттарды сайт арқылы толтыра саласыз, сіздің ақшаңыз жұмыс істей береді», – дейді Любимов.
11 айдың ішінде БЖЗҚ-ның халыққа аударған жалпы зейнетақы төлемі 156 млрд теңгені құраған. Оның 32 млрд теңгесі (немесе 20 пайызы) Қазақстаннан қоныс аударғандарға төленді. «Бұрын шетелге қоныс аударғандар заң бойынша сақтандыру компаниясынан ақша ала алмайтын. Енді заңға енген өзгерістерге сәйкес, шетелге кетем деп шешкен кез-келген адам бар ақшасын ала алады», – деп атап өтті «Халык-Life» АҚ басқарушы директоры.
Қараша-желтоқсан айларында қаржы нарығында «life-компаниялар зейнетақы активтерін басқару компаниялары секілді, зейнетақы қаржысын басқаратын болады» деген қауесет тарады. Еске сала кетсек, былтыр наурызда әлемдегі ірі инвестициялық компания – Aviva Investors БЖЗҚ-ның $220 қаржысына мандат алған. Одан кейін қадағалаушы орган осындай құрылымдарды іздеп тағы бірнеше тендер жариялаған. «Ұлттық банкке инвестициялық ұсыныспен біз де шықтық, бірақ әлі шешім қабылданған жоқ. Сондықтан, бізге БЖЗҚ-ның активтері беріледі деп айтуға әлі ерте», – дейді Асқар Шәкенов.
Сақтандырушылар Ұлттық банкке тағы не ұсынды? Қазақстанда 2013 жылдан бері Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жұмыс істеп келеді. Бұл – болашақта білім алуға қажетті қаржыны арнайы депозитте жинақтайтын жоба. Оның салымдарына банк тарапынан сыйақы қосылады (14% дейін) және мемлекет сыйақы береді (жылына 5 және 7%). Бәрін қосқанда жинақтың табыстылығы 21%-ға жетеді. «Бұл салымдардың ерекшелігі мынада: мемлекеттік сыйақы 20 жылға дейін беріледі; мемлекет сыйлығына табыс ретінде салық салынбайды. Бірақ осындай кереметіне қарамастан, бұл жүйеге қызығушылардың қатары аз», – дейді Nomad-Life» ӨСК басқарма төрағасының орынбасары.
Әрине, Қазақстан нарығы үшін 20 жылдық салымдар – бұрын-соңғы болмаған құбылыс. Содан болар, банктер де бұл жобаны жарнамалауға асығар емес. «Ұзақ мерзімді бағдарламалар – өмірді сақтандыру компанияларының жейтін наны. Біз оған ата-ананың қайтыс болу тәуекелін, басқа да қызығушылық тудыратын көптеген опцияларды ұсына аламыз. Қазір өмірді сақтандыратын компаниялар ресми ұсыныс әзірлеуде, жақын арада оны реттеушіге жолдаймыз», – деп уәде етті «Халық-Life» АҚ басқарма директоры.
Білетін дереккөздер «Къ» тілшісімен болған әңгіме арасында Ұлттық банк өкілдері сақтандырушылардың бұл жобасына қызығушылық танытып отыр дегенді жеткізді.
Жалпы, life-компаниялардың қазіргі белсенділігінің себебі қарапайым: қаржы саласындағылар нарыққа шетелдік сақтандыру компанияларының келуін күтіп отыр. «Бәсекелестік одан сайын арта түседі, сол себепті өмірді сақтандыратын жергілікті компанияларды үлкен сынақ күтіп тұр. Біз аз уақыттың ішінде тұрақты құрылымы, ыңғайлы өнімі бар мықты нарық құрып, сақтандыру мен инвестицияның артықшылықтарын халыққа жеткізе білуіміз керек», – деп сөзін аяқтады Асқар Шәкенов.