Салық кодексіне жаңа 100 бап қосылды. 2018 жылы салық заңнамасына енген өзгерістер мен 2019 жылғы жаңалықтар жайлы «Делойт» компаниясы салық және құқық департаментінің кеңесшісі Руслан Жарқынбаев айтып берді.
– 2018-2019 жылдары салық заңнамасына енген өзгерістер туралы айтып берсеңіз?
–2018 жылы жаңа Салық кодексі қолданысқа енгені белгілі. Алдыңғы заңмен салыстырғанда, баптарының саны артты. Бұл баптардың көпшілігі 2018 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енген. Бұл өзгертулер бизнесті дамытуды ынталандыру, шикізаттық емес сектордағы салық базасын кеңейтуге бағытталған, салықтың жеңілдіктер оңтайландырылып, арнайы салық режимі мен салық жүйесін басқарудың жаңа тетіктері қарастырылған.
– Соңғы 2 жылда енгізілген өзгерістер ішінде ең маңыздысы қайсысы деп ойлайсыз?
–Әлеуметтік маңызды өзгерістің бірі ретінде, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жалақысы 25 АЕК-тен (2019 жылы 25 АЕК – 63125 теңге) аспайтын жұмысшы еңбекақысынан салық салынатын бөлігінің 90 пайызын шегеруді айтар едім. Яғни 60 мың айлық алатын адамның жеке табыс салығы 1500 теңге емес, 150 теңге ғана болады. Яғни, 1350 теңгесі үнемделеді. Ал 2019 жылы ең төменгі айлық көлемі 50,3 пайызға, 2017 жылы 15,6 пайызға өскенін ескерсек, нақты үнемделген сома 2300 теңгені құрайды.
Одан бөлек, 2018 жылдың 28 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР әкімшілік-аумақтық құрылымы мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заңында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында дайын өнім сатушыларды ҚҚС-тан босату туралы ереже қабылданды.
2018 жылғы 28 желтоқсандағы Заңмен салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда, айыппұл мен өсімпұлды есептен шығару үшін шағын және орта бизнеске салықтық амнистия енгізілді. Осыған байланысты қазіргі уақытта салық органдары егер салықтың негізгі сомасы 2018 жылдың 1 қазанына дейін төленсе, салық төлеушінің жеке шотындағы айыппұл мен өсімпұлды есептен шығару бағытында жұмыс істеп жатыр.
– Бұл өзгерістер қандай мәселелерді шешуі мүмкін?
–Жаңа Салық кодексі жан-жақты және түсінікті бола түсті. Мәні екіұдай болмас үшін, көптеген терминдерге егжей-тегжей түсініктеме беріліп, жаңа ұғымдар енгізілді. Атап айтқанда, адал салық төлеуші принципі енгізілді. Соған сәйкес, салық төлеушінің тексеру нәтижелері туралы шағымын тексерген кезде, салық заңнамасында қарастырылмаған немесе айқындалмаған сұрақтардың барлығы салық төлеушінің пайдасына шешілуі тиіс. Бұл ретте егер салық төлеуші салық органының қате деп танылған немесе мағынасы өзгерген жазбаша түсініктемесін басшылыққа алса, осы уақыт аралығында оған айыппұл да, өсімпұл да салынбауы керек. Оған қоса, салық заңнамасының бұзылу фактісін дәлелдейтін барлық дәлелдерді табу мен жағдайды анықтау салық органдарына жүктеледі.
Жалпы, бұл принциптің қолданысқа енгізілгеніне көп бола қойған жоқ, сондықтан салық органдары мен барлық инстанциядағы соттардың оны жүзеге асыруына толық мүмкіндіктері бар.
2019 жылдың 1 қаңтарынан салықтық басқару тетіктеріне кейбір жаңалықтар енгізілгенін атап өткен жөн. Мәселен, бұл тәуекел дәрежесіне (жоғары, орташа, төмен), ҚҚС бойынша бақылау есебіне, стандартты тексеру файлына және т.б. қарай салық төлеушілерді бағалауға негізделген дифференциалды тәсіл.
– Бұл шаралар салықтық есеп-қисап ашықтығын қаншалықты қамтамасыз етеді?
–Қазіргі кезде салықтық есеп-қисапты оңтайландыру салық заңнамасының өзгеруіне орай, жаңа салық регистрлерін енгізу, түрлі есеп-қисап түрлерін біріктіру арқылы жүзеге асырылуда.
Салық есептілігі формаларын оңтайландыру салық төлеушілердің электрондық шот-фактураларды қолдану міндеттемесі шеңберінде жүзеге асырылады.
Оңтайландыру барысында жаңа ақпараттық жүйелерді (ЭСФ, «Виртуалды қойма») енгізу – салық есептілігінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитетінің 2009 жылдан бері жұмыс істейтін ақпараттық жүйелері ескіріп, техникалық мүмкіндіктері шектелгендіктен, мемлекеттік кіріс органдары салық есептілігін алатын және өңдейтін жаңа «ИСНА» ақпараттық жүйесі шеңберінде салықтық есеп-қисапты оңтайландыруды жоспарлап отыр.
– Бұл өзгертулер бизнеске қалай әсер етті деп ойлайсыз?
–Салық заңнамасындағы өзгерістер, әсіресе, шағын кәсіпкерлер үшін бизнес ортаны жақсартуға бағытталған еді.
Атап айтқанда, Салық кодексінде шағын бизнес үшін патент негізіндегі арнайы салық режимі сақталған. Бұрын салық көлемінің 1 пайызын құрайтын әлеуметтік салық алынып тасталды. Бұл ретте сауда-саттықпен айналысатын тұлғалар үшін жеке табыс салығы, олардың қолма-қол есеп айырысу арқылы тапқан табысын қоспағанда, 1 пайыз көлемінде сақталған. Ал қолма-қол есеп айырысу арқылы түскен табыс бойынша жеке табыс салығы 2 пайызға дейін көтерілген.
Сонымен қатар, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнай салық режимі сақталған. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін ең төменгі жалақының 2044 еселенген көлеміндегі табыстың жоғары шегі белгіленген (2018 жылы ол 57,8 миллион теңгені құрады), сондай-ақ қарамағындағы қызметкерлердің саны 30-дан аспауы керек. 2018 жылға дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін жоғары табыс шегі сәйкесінше, 2800 және 1400 ең төменгі айлық көлемінде еді, ал қызметкерлерінің саны 50 және 25 адамнан аспауы керек-тұғын. Корпоративтік және жеке табыс салығы бойынша мөлшерлеме сақталған, сонымен қатар, қызмет түрі бойынша түрлі шектеулер бар.
Оның үстіне, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жиынтық жылдық табыс көлемінен 30 пайыз тіркелмеген шегерім пайдаланылатын арнайы салық режимі енгізілді.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексінде электронды сауда-саттықты ынталандыруға бағытталған салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтар болсақ, салық төлеуші белгілі бір талаптарды сақтаса, ол корпоративтік табыс салығынан 100 пайыз босатылады немесе жеке табыс салығы төмендетіледі. Бұл ретте белгілі бір талаптарды орындамаған кәсіпкерлер электронды сауда-саттықтан шектелмейді. Бұл салықтық жеңілдіктер елімізде электрондық сауда саласын дамытуға бағытталған.