2018 жыл банк секторы үшін қандай болды?

Жарияланды
Сайт шығарылымының редакторы
Қазақстан банктерінің өткен жыл қорытындысы бойынша рейтингі

Былтыр Қазақстанның қаржы секторында елеулі оқиғалар көп болды, соның ішінде банк жүйесіне қатысты маңызды шешімдердің қарасы мол. Екінші деңгейлі банктердің саны 4-ке азайып, олардың үшеуі мәжбүрлі түрде жабылса, ең ірі екі банк бірікті. Осы оқиғаларға қарамастан, ЕДБ-нің абсолютты шамадағы жалпы табысы, 2017 жылмен салыстырғанда, 657 миллиард теңгеге артты. 

2018 жыл банк жүйесінің беріктігін сынағандай. Айталық, нарықтан Qazaq Banki, Астана Банкі және Эксимбанк сынды банктер кетіп,  Қазком мен Халық банкінің бірігуі аяқталды. 

Банктердің өткен жылғы жиынтық актив көлемі 25,24 трлн теңгені құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 4,2% артық. Moody’s агенттігінің бас сарапшысы Владлен Кузнецовтың пікіріне сүйенсек, 4,2 % көрсеткіші – былтырғы инфляция деңгейінен (5 пайыз) төмен. Яғни, банк секторының нақты өсімі теріс болды деген сөз. 

–Жабылған банктердің әсерін ескермеген күннің өзінде, жүйе активтерінің өсімі – 2018 жылы, шамамен, 8 пайызды құраған, бұл инфляция деңгейінен сәл жоғары. Десе де, бұл өсім өте аз, әсіресе шетелдік валютадағы активтерді қайта бағалауды есепке алсақ, нақты ЖІӨ көлемінен де төмен болды,– деп тұжырымдайды сарапшы. 

Жекелеген банктер туралы айтар болсақ, актив көлемі ең үлкені – Халық банк. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, «жаңарған» Халық банкінің активі 8,67 трлн теңгені құраған, ол Халық банк пен Қазком активтерін қоса алғандағы көрсеткіштен 1,8 пайызға артық. 

Актив көлемі бойынша екінші орын – Сбербанке тиесілі. 2019 жыл басында қаржы ұйымының активтері 1,89 трлн теңгені немесе ЕДБ жиынтық активінің 7,5 пайызын құрады. 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өсім 8,3 пайызды құрады.  

Елдегі банктердің саны қысқарған соң, үздік үштікке Forte Bank кірді. Қаржы институтының активтері соңғы бір жылда 18,1 пайызға, яғни 1,78 трлн теңгеге дейін өсіп, бүкіл ЕДБ активтерінің 7 пайызын құрады. 

2018 жылы 4 банктің актив көлемі қысқарған. Айталық, Цеснабанк активтері 442 млрд теңгеге қысқарып, 1,71 трлн теңгені құраса, AsiaCredit Bank-тікі 43,7 млрд теңгеге қысқарып, 118,24 млрд теңгеге дейін төмендеген, Bank RBK активтері  4,2 млрд теңгеге қысқарып, 590,1 млрд теңгені құраса, Қазақстандағы «Пәкістанның Ұлттық банкі» активтері 280,56 млн теңгеге азайып, 4,76 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан. 

AsiaCredit Bank  баспасөз қызметі банк активтерінің 27 пайызға төмендеуін несие қоржынының қысқаруымен және  бағалы қағаздарды сатумен байланыстырады. Айталық, 2018 жылдың желтоқсан айында банк жалпы сомасы 1,1 млрд теңге болатын өз облигацияларын мерзімінен бұрын сатып алып, 105 млн теңге қосымша табыс тапқан. Ал жыл басында банк 16 млдр теңге көлемінде мемлекеттік құнды қағаздарды сатып, 379 млн теңге кіріс кіргізген.  

Несие қоржыны қандай?

shutterstock_133129220.jpg

Банктердің несие қоржыны 2018 жылы 13,76 трлн теңгені құраған, бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда, 1,3 пайызға артық.
 
Екінші деңгейлі банктердің несие қоржынына Цеснабанктің проблемалық активтерін Проблемалық несиелер қорына өткізуі мен 3 банктің жабылуы, сондай-ақ, көптеген проблемалық неиелерді есептен шығару (списание) әсер етті. 

Несие қоржынын арттыру бойынша көшбасшы – Халық банк, оның несие қоржыны 1 жылдың ішінде 1,3 трлн теңгеге өскен(49,2%). Kaspi Bank 211,5 млрд теңге (22,5%) өсім көрсетсе,  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несие қоржыны  205,3 млрд теңгеге (44,1%) өскен.

2017 жылмен салыстырмалы түрде алғанда, 2018 жылғы көрсеткіштер: First Heartland Bank –16210,6%  (10,37 млрд теңгеге),  Алматы қаласындағы Қытай сауда-өнеркәсіптік банкінде – 141% (35,69 млрд теңге), Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінде 49,2% (1,3 трлн теңгеге) артқан. 

First Heartland Bank өкілдері жыл басынан бері несие қоржынының 99 пайызын (10,43 млрд теңгеден бастап) «кері РЕПО» операциясы құрайтынын атап өтті. Несиелеуден айырмашылығы, бұндай операциялар артық өтімділікті орналастыруға арналған қысқамерзімді, тәуекелі төмен құрал болып табылады, осылайша, 2018 жылдың IV тоқсанында кері РЕПО-ны есепке алмағанда, банктің несие қоржыны 38,93 млн теңгеге дейін қысқарды.  

«Алматы қаласындағы Қытай сауда-өнеркәсіптік банкі» АҚ тәуекелдерді басқару департаменті директорының орынбасары Данат Мұратханов несие қоржынының өсімін корпоративтік клиенттерге берілген қарыздың артуымен байланыстырады. 

Отандық 28 банктің 10-ы төлемі 90 күнге кешіктірілген несие көлемін төмендете алды, бұл өз кезегінде бүкіл банк жүйесіне жағымды әсер етті. NPL 90+ несиелері 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтермен салыстырғанда, 19,7 пайызға азайған. 

Айталық, ЦентрКредит Банкінің мерзімі өткен несие көлемі 3,5 млрд теңгеге азайып, 69,43 млрд теңгеге дейін қысқарған. Ал Еуразиялық банктің несие қоржынындағы проблемалық несиелері 2,1 млрд теңгеге қысқарып, 58,49 млрд теңгені құрады. AsiaCredit Bank-те «нашар» несие көлемі 1,4 млрд теңгеге қысқарып, 6,23 млрд теңге шамасында қалыптасқан. 

Moody’s агенттігінің сарапшылары атап өткендей, соңғы екі жылда ЕДБ-нің проблемалық несиелерін жабуға немесе кейінге қалдыруға мүмкіндік берген мемлекеттік қолдаудың арқасында, несие қоржыны біршама жақсарып қалған. Оған қоса, проблемалық қарызды есептен шығару, кепілде тұрған дүниені сату бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, ол өз кезегінде проблемалық қарыздың орнын сапалы несиелер ауыстыруына ықпал етеді деп тұжырымдайды сарапшылар. 

Төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген несие көлемінің азаюын ЦентрКредит Банкінің баспасөз-қызметі қаржы ұйымының ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасына белсенді қатысуымен түсіндіреді. 2018 жылы банктің 2,4 млрд теңге көлеміндегі ипотекалық қарызды қайта құрылымдауы тура осындай шамадағы проблемалық қарыздан құтылуына ықпал еткен. Сондай-ақ, қаржы ұйымы банк секторының қаржылық тұрақтылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында проблемалық қарыздар бойынша бірқатар іс-шараларды атқарып, ол төлем мерзімі 90 күннен асқан берешектің мөлшерін азайтуға мүмкіндік берді, деп атап өтті қаржы институтының өкілдері.

Жалпы алғанда, банктер несие қоржынын қайтарымсыз қарыздан тазартуға тырысқанына қарамастан, несие қоржынындағы NPL 90+ үлесі үлкен ЕДБ-лер де бар.

Қазақстандағы «Пәкістанның Ұлттық банкі», Bank RBK, AsiaCredit Bank сынды қаржы ұйымдарының несие қоржынында мерзімі өтіп кеткен несиелердің үлесі үлкен.

Айталық, Қазақстандағы «Пәкістанның Ұлттық Банкі» қарыз қоржынында қайтарымсыз несие көлемі 30,25 пайызды құраса, RBK Bank мен AsiaCredit Bank-те – 12,22 және 9,46 пайызға тең.

RBK Bank өкілдері 2018 жылдың басында басшылары ауысып, қазір банктің тәуекел менеджмент жүйесі күшейіп, ал несие саясаты нарықтық бағыт ұстанғанын айтып өтті. Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, проблемалық борышкерлермен жүйелі жұмыс өз нәтижесін бере бастаған, 2018 жыл соңғы 7 айының қорытындысы бойынша, NPL 90+ несие қоржынындағы үлесі – 24,37%-дан 12,22 пайызға дейін, екі есе қысқарған. 

Қазақстандықтар өз жинағын кімге сеніп тапсырады?

shutterstock_1250974528.jpg

2018 жылы екінші деңгейлі банктердің міндеттемелері, 2017 жылмен салыстырғанда, 5,2% -ға артып, 22,22 трлн теңгеге жеткен.

Соның ішінде жеке тұлғалардың депозиттері бір жылда 6,7% -ға өсіп, 2017 жылдың соңында 8,23 трлн теңгеден 8,77 трлн теңгеге жетті.

Депозит көлемі жөнінен Халық банк аллдыңғы қатарда тұр. Бұл банктегі халықтың жинағы 1,68 трлн теңгеге артып, жалпы 3,32 трлн теңгені құраған.

Тұрғындардың салымын тарту жағынан екінші орынды Kaspi Bank иеленді, аталмыш банктегі депозиттер бір жыл ішінде 268,07 млрд теңгеге артып,  барлығы 1,14 трлн теңгеге жеткен. Салымдар бойынша үздік үштікті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қорытындылайды. Жеке тұлғалардың депозиттері 11,98 млрд теңгеге артып, жалпы 637,62 млрд теңгені құраған. 

Салым көлемін арттырғандардан бөлек, өткен жылмен салыстырғанда, депозиттерін пайыздық мәнде көбейткендер туралы да айта кеткен жөн. 
Айталық, Tengri Bank жеке тұлғалар депозиттерін 135,27% арттырса,  Al Hilal ислам банкі 126% пайызға көбейткен. 

Al Hilal ислам банкі Басқарма төрағасының орынбасары Елтай Мұхамеджанов бұндай өсімді банктің 2017 жылдың екінші жартысынан жеке тұлғаларға инвестициялық депозиттер, дебеттік карталар, Қажылық пен Умраға барғысы келетіндерге қаржы карталарын ұсынуымен байланыстырады. 

Ал өткен жылы жеке тұлғалар салымдары азайған банктер: Цеснабанк – 312,36 млрд теңгеге азайып, 379,99 млрд теңге көлемінде қалыптасқан, AsiaCredit Bank депозиттері  11,9 млрд кеміп, 34,95 млрд теңге салымы қалған. ВТБ Банкі (Қазақстан) – 6,11 млрд азайып, 21,63 млрд теңгесі қалған.

ВТБ Банкінің Төраға орынбасары Юрий Миронов  жеке тұлғалар депозиттерінің ауқымды ағынын 2018 жылы қаржы институтының өз депозиттерін құрылымы: валютасы, құны және мерзімі бойынша оңтайландыруымен түсіндіреді. «Айталық, 2018 жылдың басында банк балансында АҚШ долларындағы валюталық өтімділік көлемі негізінен 2015-2016 жылдары жоғары мөлшерлемемен тартылған депозит түрінде жиналып, банктің қаржылық көрсеткіштеріне кері әсерін тигізді»,– дейді төраға орынбасары. 

2018 жылы банк бұл депозиттерді жауып, жеке тұлғалардың жаңа валюталық депозиттеріне берілетін сыйақы мөлшерлемесін де төмендетті.
 
Корпоративтік клиент депозиттері бойынша жағдай, 2017 жылмен салыстырғанда, біршама нашарлаған. Заңды тұлғалар салымының көлемі 2018 жылы 2,13 пайызға қысқарған. 1 қаңтардағы жағдай бойынша, заңды тұлғалардың банк секторындағы жалпы салымы 8,27 трлн теңгені құраған. Заңды тұлғалар салымы бойынша үздік үштікке: Халық банк, Ситибанк Қазақстан және Қазақстандағы Қытай банкі кірді. 

Халық банкіндегі заңды тұлғалар салымы 1,27 трлн теңгеге, немесе 66,3 пайызға көбейіп, 3,2 трлн теңгеге жеткен. Ал Ситибанк Қазақстандағы салым көлемі 204,98 млрд (61,4%)  теңгеге өсіп,  538,73 млрд теңге көлемінде қалыптасқан. Қазақстандағы Қытай банкі өз депозиттерінің көлемін 139,32 миллиардқа арттырып, 287,63 млрд теңгеге жеткізген. 

Ситибанк Қазақстанның мамандары заңды тұлғалар депозитінің артуын клиенттердің коммерциялық табысымен және клиенттік қоржынның кеңеюімен байланыстырады. 

Ал Цеснабанк – заңды тұлғалар депозиттері өсімі жағынан артта келе жатқан банктің бірі. Қаржы институтына заңды тұлғалар сеніп тапсырған салым көлемі 547,55 млрд теңгеге кеміп (немесе 63,1%), 320,21 млрд теңгесі ғана қалған. 

Айталық, S&P Global Ratings агенттігі биыл қаңтар айында Цеснабанктің несиелік рейтингін «SD»-ға (жартылай дефолт) дейін төмендеткен еді, алайда онымен банк өкілдері еш келіспеді. 

«Курсивке» берген ресми жауабында S&P сарапшылары Цеснабанктің жағдайы өте қиын және көпқырлы екенін айтып өтті. 2018 жылдың қыркүйек айынан банктен клиенттері тоқтаусыз кетіп жатыр, соның ішінде корпоративтік клиенттердің қарасы өте көп. «Клиенттердің бұндай ағынын кез-келген қаржы институты көтере алмайтын еді, тіпті қаржылық тұрақтылығы жоғары банктердің өзі шатқаяқтап қалады», – деп атап атап өтті S&P Global Ratings  директорының орынбасары Ирина Велиева

Клиенттердің ағыны Цеснабанктің өтімділігіне әсер етті деп тұжырымдаған агенттік банктің рейтингін төмендетіп тастаған. Оның үстіне, агенттік өз есебінде банктің несие қоржынындағы тәуекелі жоғары активтердің үлесі үлкен екенін атап өтті. Айталық, банктің несие қоржынында валюталық, сондай қаржылық жағдайы ауа-райы мен әлемдік нарықтағы бағаға қатты тәуелді ауыл шаруашылық өндірушілеріне берілген несиелердің үлесі жоғары болды. 

Сондықтан жаңа инвестор келердің алдында, агенттік Цеснабанктің рейтингін «SD» деңгейіне дейін төмендетіп тастаған. 
«Банктің несие қоржынын Проблемалық несие қоры сатып алған соң және жаңа инвестор келгеннен кейін, банктегі жағдай тұрақталып, оның рейтингі көтерілуі мүмкін. Рейтингті көтеру туралы шешімді барлық ақпаратты жан-жақты сараптаған соң, рейтингтік комитет шығарады»,– деп атап өтті сарапшы. 

Банктің жаңа инвесторы – First Heartland Securities.

Клиенттері кеткен банктердің үштігіне Kaspi Bank те кірді, корпоративтік клиенттер салымының көлемі 30,39 пайызға: 122,84 млрд теңгеден, 85,51 теңгеге қысқарған. 

Kaspi Bank баспасөз қызметі түсіндіріп өткендей, заңды тұлғалардың салымы банктегі бүкіл депозиттің тек 7 пайызын құрайды екен. «Kaspi Bank-тің негізгі стратегиялық бағыты – заңды тұлғалар емес, жеке тұлғалар салымдары және оның өсімі қазақстандық банктер арасында ең жоғары, жалпы алғанда, салым көлемі өткен жылмен салыстырғанда, 236 пайызға өсті»,–деп тұжырымдайды банк өкілдері. 

Заңды тұлғалардың Forte Bank-тегі жинағы 37,23 млрд теңгеге (6,46%) азайып, 539,14 млрд теңге көлемінде қалыптасқан. 

ForteBank директоры Антон Хмелевтің айтуынша, олар  2018 жылдың қыркүйегінде «Самұрық-Қазына» депозитін банк облигациясына айырбастау жөніндегі ірі келісімге қол жеткізіп, соның арқасында аталмыш сома есебінде өзгеріс пайда болып, депозиттер азайып, облигация көлемі артқан. Бұл келісімді есепке алмасақ, заңды тұлғалар депозиті көлемі бір жылда 49 пайызға көбейді деп атап өтті банк өкілдері. 

Өткен жылы кім қанша табыс тапты?

shutterstock_1276348102.jpg

2018 жылы банк секторының жалпы кіріс көлемі 638,39 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы кіріс кірмек тұрмақ, 18,67 млрд теңге шығынға батқан еді. 

Global Ratings сарапшысының айтуы бойынша, қорытынды қаржылық нәтиже тұрғысынан алғанда, несие бойынша ықтимал шығындарға арнап жасалатын қор өте маңызды. 2017 жылы банк секторы несие қоржынының 9 пайыз шамасындағы бөлігін кредиттік шығын резервіне бөлуге үлкен күш жұмсады. Ал 2018 жылғы провизия деңгейі, біршама төмен –1,5-2 пайыз көлемінде қалыптасқан. Бұл өз кезегінде жағымды қаржылық нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді деп тұжырымдайды сарапшы. 

Қазақстандық ЕДБ арасында Халық банк 284,71 млрд теңге көрсеткішімен жақсы табыс тапса, 2017 жылдың осы кезеңінде банктің пайдасы – 154,25 млрд теңгені құрап, ал Казком 394,18 млрд. теңге табыс тапқан.

Халық банк сарапшылары 2018 жылы кірістің артуын бірігу процесінің нәтижелері және Алтынбанк акцияларының 60% -ын сатумен байланыстырады.
Кірістілік бойынша екінші орында – Kaspi Bank тұр. 2017 жылы қаржы ұйымының пайдасы аздау болып, ол 73,11 млрд теңгені құрағанына қарамастан,  2018 жылы 98,85 млрд теңге табыс тапқан.

Үшінші орындағы Сбербанктің таза табысы 43,7 млрд теңгені құраса, 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,97 есе аз.

Өтімділік немесе өз міндеттемелері бойынша жауап беру

Банк жұмысы тиімділігінің негізгі көрсеткішінің бірі – қаржы ұйымының өз міндеттемелеріне жауап беріп қана қоймай, осы талаптарды орындау барысындағы шығынды азайтуы. 

Айталық, ҚР ҰБ дерегіне сүйенсек, ағымдағы өтімділік  бойынша, Хоум Кредит Банкі алдыңғы қатарға шығып тұр. Оның ағымдағы өтімділік коэфиценті 13,04 % құраған. 

7,39 % ағымдағы өтімділік көрсеткішімен екінші орында – RBK Bank. Банк сарапшыларының айтуынша, қаржылық ұйым отандық банк секторындағы өтімділігі жоғары ұйымның бірі – 224 млрд теңге, ал активтердің үлесі 38 пайызды құрайды.

Үшінші орында 5,28% өтімділігімен – First Heartland Bank.

ликвидность_0.jpg

ЕДБ активтері қаншалықты тиімді қолданылды?

Былтыр банк секторы активтерін пайдалану тиімділігі (ROA), 2017 жылмен салыстырғанда, 2,58 пайызды құраған.
 
ROA коэфициенті бойынша, 2018 жылы 7,89% көрсеткішпен бірінші орынды Банк Хоум Кредит иеленді, 303,9 млрд теңге көлеміндегі активі бар банк өткен жылы 23,99 млрд теңге табыс тапқан. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 11,75 пайыз көлемінде қалыптасқан. Көрсеткіштің төмендегеніне қарамастан, қаржы институты рейтингтегі өз орнын сақтап қалды. 

Kaspi Bank 1,59 трлн теңге көлеміндегі активтерімен 98,85 млрд теңге табыс тауып, ROA көрсеткіші 6,23% құраған. 

Үшінді орында 4,91 пайыз табыстылық көрсеткішімен Ситибанк Қазақстан орналасты. 2018 жылы банк активтерінің көлемі – 631,46 млрд теңгені, табысы –31,01 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 20,67 пайызға өскен. 

Банк жүйесін 2019 жылы не күтіп тұр?

Бұл сауалға Moody’s агенттігінің Қазақстан банк секторы бойынша бас сарапшысы Владлен Кузнецов жауап берді.

Moody’s рейтинг агенттігінің болжамы бойынша, биыл банк секторының қарқынды дамуын күтудің қажеті жоқ. 

«Банктер несие қоржынының өсім қарқыны инфляция деңгейінен сәл жоғары болуы мүмкін. Пайыздық мөлшерлеменің  жоғарылығына байланысты, 2019 жылы атаулы ішкі өнім өсімі баяулайды деп болжанғандықтан, қарыз алушылар тарапынан сұраныс та бірқалыпты болмақ», – дейді эксперт.

Ал проблемалық несиелерге келер болсақ, агенттіктің болжамы бойынша, оның көлемі төмендейді. Оған алдыңғы жылдары жиналған қор есебінен шығын есебінде сызылуы немесе оларды қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ықпал етеді. Оның үстіне, банк теңгерімін тазалауды да жалғастырып жатыр, атап айтқанда, Цеснабанктің проблемалық активтерін Проблемалық несиелер қорына берді. 

Оның пікіріне сүйенсек, әлемдік нарықта пайыздық мөлшерлеменің өсімі Ұлттық банк монетарлық саясатының жұмсаруын бәсеңдетуі мүмкін. «Оған қоса, ұлттық валюта бағамының құбылуы жергілікті нарықта пайыздық мөлшерлеменің төмендеуіне кедергі болып тұр. Банктердің өтімділік қоры жоғары, сондықтан, өз активтерін қаржыландыру үшін тұрғындардың қаржысын тартуы екіталай», – деп пайымдайды сарапшы. 

Жалпы, банк жүйесін проблемалық несиелерден тазалаудың арқасында 2019 жылы қаржы секторындағы капиталдың сапасы жоғарылайды деп тұжырымдайды агенттік өкілі.

Банковский сектор 2018-01 (7).jpg

Шектеулі жауапкершілік 

Kursiv Research жоғарыда келтірілген материал тек ақпараттық бағыт ұстанатынына және аталған ұйымдардың бағалы қағаздары, басқа активтерімен қандай да бір мәміле жасауға шақырмайтынына көңіл аудартады.

Сондай-ақ оқыңыз