Ұлттық ашықтықтың «ерекшеліктері»
Өндіруші салалардағы ашықтық бастамасы (ӨСАБ) жаңа деңгейге шықты: аталмыш бастамаға биыл қосылған Қазақстан жер қойнауын пайдаланушылардың түпкілікті иелерін жариялауға дайын. Әзірге осы мәліметтерді ашық жариялау туралы талапқа халықаралық деңгейде қол қойылғанымен, оның ұлттық стандартын әр қатысушы өзі жазады. Соның ішінде толық ақпарат бермеген компаниялардың қандай жауапкершілікке тартылатыны да ұлттық стандартта көрсетілмек.
Ауаға атылған оқ
Өткен аптада жер қойнауын пайдаланушылардың ашықтығы қай деңгейде қалыптасатыны жайында қоғамдық талқылау Астанада ұйымдастырылған еді. Осы пікірталаста айтылған ұсыныстың барлығы ӨСАБ ұлттық хатшылығына жолданды. Көп талқыға түскен тақырыптың бірі – өндіруші компания иесі немесе ықпалды тұлғалар туралы ақпарат беруден бас тартқан компанияға жүктелетін жауапкершілік қандай болмақ?
Жер қойнауын пайдаланушылардың жауапкершілігі мәселесіне бекер мән беріліп отырған жоқ: бастаманың жаңа талаптарына сәйкес, мұнай секторындағы компаниялар жылдың соңына дейін нақты иелері көрсетілген жаңа есептілік формасын ұсынулары керек. Алайда ӨСАБ ұлттық хатшылығының өкілі Эльвира Жантөрееваның айтуынша, жаңа форманы уәкілетті органға компаниялардың үштен бір бөлігі ғана өткізген.
«Құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес, мұнай-газ секторындағы компаниялар өз мәліметтерін 25 қаңтарға дейін өткізеді, қазіргі кезде 150 компанияның 50-і беріп үлгерді. Осы ретте бұл форманың өзі қаңтардың аяғында ғана дайын болғанын ескеру керек, сондықтан оның мерзімін 30 наурызға дейін ұзартуды ұйғардық, – деп түсіндірді өкіл. – Ал тау-кен өндірісіндегі компаниялар бұл мәліметтерді 30 сәуірге дейін ұсынуы керек».
Сонымен қатар, Жантөреева ханымның айтуынша, үлгіні заңдық тұрғыда толтырмау – келісім-шарт талаптарын орындамаумен теңестіріледі. Келісім-шарттық міндеттемелерді орындамаған жағдайда салынатын айыппұл міндеттеме көлемінің 1 пайызын құрағанымен, тура сол келісім-шарттық міндеттеменің нақты көлемін анықтау қиынға соғып тұр. Сондықтан қоғамдық талқылауға қатысушылар нақты иесі туралы ақпарат бергісі келмеген компанияларға салынатын айыппұл сомасын бекітуді ұсынды.
Нәтижесінде, ұлттық хатшылыққа жолданған ұсыныста нақты ақпарат бермеген немесе жалған мәлімет берген орта бизнес өкілдеріне – 500, ал ірі бизнеске – 5000 АЕК көлемінде айыппұл салу ұсынылды. (2019 жылы 1 АЕК –2525 теңге). Бұл шартты қайта бұзған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лицензиясынан айырылуы мүмкін. Келісім-шарттық міндеттемелерін 2 мәрте орындамауы – компаниямен жасалған шартты бұзуға негіз болатыны белгілі.
Бұл ретте қоғамдық талқылауға қатысушылар 5 мың АЕК-ті өндіруші компаниялар үшін өте аз, күлкілі сома деп тұжырымдайды. Дегенмен, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяков кейбір жер қойнауын пайдаланушылар үшін 12 миллион теңге – жол ережесін бұзғанда салынатын айыппұл тектес, оның ауаға атылған оқпен тең екенін мойындайды.
«Біздің мақсатымыз – өндіруші компанияларды күйрету емес, олардың заңды құрметтеуін міндеттеу. Өндіруші компаниялар үшін 12 миллион теңге деген өте күлкілі сома екенін білеміз. Алайда бұл алғашқы қадам: еске салып, ескерту міндет. Ал келесі қадам – лицензиясын тоқтату, бұл жер қойнауын пайдаланушылардың жанына бататыны анық. Өз ұсынысымызда айыппұл көлемі 10 мың АЕК болсын деп жазып бере аламыз, бірақ оны қабылдауы екіталай», – дейді спикер.
Ашықтық банкі көмекке келсін
Қоғамдық талқылауға қатысушылар, сонымен қатар, өндіруші компанияның лицензиясын тоқтату өте маңызды қадам екенін жақсы түсінеді.
Таяқтың екінші ұшы елдегі инвестициялық климатқа тиіп кетейін деп тұр. Сондықтан қоғамдық пікірталас алғашында ашық ақпарат бергісі келмеген компанияларға ықпал етудің балама жолдарын да қарастырған. Осы жерде оларға ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары София Айсағалиева келіп, ақпарат беруден бас тартқандардың есімін көпшілікке жариялау – компанияның беделіне нұқсан келтіретініне көңіл аудартты.
«Бұл жерде компанияның абыройына қатысты қолданылатын шаралар заңсыз жолмен алынған кірісті заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес келеді, – дейді Қаржы министрлігінің өкілі. – Айыппұлы аз, бірақ банктерге басқа қырынан әсер етеді: тура осы баппен айыппұл төлесе, шетелдік банктер олармен байланысын үзіп, ешкім бірге жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан, банктер бұндай кемшіліктерді тез арада жоятындарын айтып, абыройына таңба болмас үшін, айыппұлға дейін жеткізбеуге бар күшін салады. Сондықтан бұл жерде де ең бастысы – компания беделі мен абыройы тежеуші фактор болуы тиіс», – дейді маман.
Сондай-ақ, Айсағалиева ханым ашық ақпарат бергісі келмеген компаниялардың қара тізімін жасауды ұсынды, ол өз кезегінде халықаралық нарықта өзін жайсыз сезінуіне ықпал етеді. Өйткені айыппұл салғаннан гөрі, беделінің түсуі компанияға қатты әсер етеді. Осы тұрғыда нақты тәжірибе бар екенін де айтып өтті.
«Біз тәуекелі жоғары компаниялардың тізімін жасап, олармен әріптестік орнататын банктердің жан-жақты мәлімет сұратып, тіпті банктік операциялардан бас тартуды ұсынамыз, – дейді Айсағалиева, – жалпы бұл әдісті ӨСАБ-тың ішкі және ұлттық ережелеріне енгізуге болады: заңды иелері туралы мәлімет бермеген өндірушілер тәуекелі жоғары компаниялар қатарына кіргізілуі керек. Сонда қаржылық оперциялар жүргізу тұрғысынан қиындық туындап, банктер жан-жақты ақпарат талап етіп, оны бізге, қаржылық мониторинг комитетіне береді. Бұл өз кезегінде тежеуші факторға айналмақ, өйткені компаниялар өздері туралы бүкіл ақпараттың бізге жеткенін қаламайды», – деп атап өтті маман.
Басы ашық қалып тұрған тағы бір мәселе – меншік шегі. Халықаралық хатшылық компанияның тек ірі акционерлерінің аты-жөні жариялануы керек па, әлде оған қатысы бар кез-келген тұлға туралы жан-жақты мәлімет берілуі керек пе, ол жағын ұлттық әкімшіліктің құзырына қалдырып отыр.
Бұл мәселеге қатысты қоғам өкілдерінің пікірі бір жерден шыққан жоқ: пікірталастар тек Алматы мен Астанада ғана емес, аймақтарда да өткен еді, әр жерде меншік шегі ретінде әртүрлі сандар айтылды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты директорының сөзіне сүйенсек, аймақтардағы мәслихат хатшыларының бірі компания иелері туралы барлық ақпарат жариялануы керек деген көрінеді. Оның бұл пікірін қолдағандардың қарасы аз болмаған.
Нәтижесінде компания иелері туралы ақпаратты меншік шегін қолданбай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар үшін толық, жан-жақты ақпарат жариялау туралы, ал жалпы көпшілікке компаниядағы үлесі 10 пайыздан асатын тұлғалар туралы барлық мәлімет: соның ішінде аты-жөні, азаматтығы және тұрғылықты жері жайлы ақпаратты жариялау ұсынылды. Бұл ретте қоғамдық талқылауға қатысушылар компания иелерінің туған-туысқанының да үлесін ескеруді талап етіп отыр. Егер акционердің өзі – 5 пайыз, баласы – 5 пайыз акцияға иелік етсе, олар жалпы 10 пайыздық меншік шегі аясында қарастырылуы керек.
Алдағы уақытта жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың түпкі иелері туралы берілген бүкіл ақпарат әкімшілік басқару бірегей порталында жарияланып, тек мемлекеттік қызметкерлерге қолжетімді болады.
«Қазір біз осы ақпараттың қай бөлігі ашық жарияланымға шығарылатыны талқылап жатырмыз. Заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілген, оған қоса, қаңтар айынан бері мұнай-газ компаниялары мен өзге де өндіруші саладағы компаниялар өз бенефициар иелері туралы алғашқы деректерді жібере бастады. Әзірге бұл ақпарат Энергетика министрлігінің геология комитетіне белгілі, осы ақпараттың қай бөлігі көпшілікке қолжетімді болатынын құрамына Мәжіліс депутаттары, түрлі компаниялар мен ҮЕҰ өкілдері кіретін ұлттық кеңес деңгейінде талқылаймыз. Берілген ақпараттың қаншалықты нақты және сапалы, компаниялардың сырғытпа жауабы емес екеніне көз жеткізуіміз керек», – деп түйіндейді Сергей Худяков.