Табыс туралы есеп: 1 сәуірге дейін қандай меншікті жариялау керек?

Жарияланды
Қазақстанның кәмелетке толған барлық азаматтары бүкіл табысын оны қайдан: Қазақстанда немесе шетелде тапқанына қармастан, жариялауға міндетті

1 сәуірде салық декларациясын тапсыру мерзімі аяқталады. Осы уақытқа дейін қазақстандықтар 2018 жылы тапқан табысы, соның ішінде шетелдік активтері туралы да барлық ақпаратты тапсыруы керек. Декларацияда қандай мүлікті көрсету керек және құжаттарын уақытында өткізбегенден не істей алатыны жайлы KPMG Қазақстан мен Орта Азиядағы салық және құқықтық кеңес департаментінің серіктесі Инна Алхимова егжей-тегжей айтып берді. 

– Инна, Қазақстан азаматтарына декларацияда нені көрсету керектігін айтып өтіңізші? 

– Барлық табыс түрлері мен дүние-мүліктің кейбір түрін жариялауы керек. Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары табысын елде немесе шетелде тапқанына қарамастан, барлық кірісін жариялауы тиіс.

Табыс шартты түрде екі санатқа бөлінеді. Біріншісі – төлем көзінен салық алынған табыс (оған жалақы, сыйақы және жалдамалы еңбекпен табылған басқа да кірістер, Қазақстан банктеріндегі депозит сыйақысы, қазақстандық компаниялардан алынатын дивидендтер кіреді). Мұндай табысты салық агенттері жариялайды. Екіншісі – төлем көзінен салық алынбайтын табыс (Қазақстанда немесе шетелде орналасқан жылжымайтын мүлікті сатудан түскен табыс, қазақстандық және шетелдік эмитенттердің акциялары мен облигациялары, қазақстандық және шетелдік компаниялардың акциялары, шетелдік бағалы қағаздардың дивидендтері мен пайызы, сондай-ақ, бақылаудағы шетелдік компаниялардағы үлес). Мұндай табысты өзіңіз жариялап,  сондай-ақ 10% мөлшерінде салық төлеуіңіз керек.

– Декларацияны қашан және қалай тапсыру керек?

– Есептік кезең – ағымдағы жыл. Декларация тапсыру мерзімі – есептік кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызы. Егер бұл мерзім демалыс күндеріне сәйкес келсе, келесі жұмыс күніне ауыстырылады. Осылайша, 2018 жылы тапқан табыстың барлығы 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін жариялануы керек. Декларацияны электронды түрде, электронды почта арқылы немесе өзіңіз барып тапсыруыңызға болады. 

– Ал салық қашан төленеді? 

– Декларацияда көрсетілген салық тіркелген мекен-жай бойынша Салық комитетіне 10 сәуірге дейін төленуі тиіс. Бұл мерзімнен кешіксе, әр кешіккен күнге өсімпұл жүреді. 

– Ал 1 сәуірге дейін қандай дүние-мүлікті жариялау керек? 

– Дүние-мүліктен төмендегілерді: шетелдегі жылжымайтын мүлікті, шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары (соның ішінде брокерлік есепшот арқылы сатып алынғандары), шетелдік компаниялардағы үлесі, егер шетелдік банктегі есепшоттағы қаржы 2018 жылдың 31 желтоқсанында 339 408  теңгеден асатын болса (31 желтоқсандағы валюта бағамы бойынша), міндетті түрде жариялануы керек. 

Бұл жерде айта кететін нәрсе, шетелдік жылжымайтын мүлік пен бағалы қағаздар, шетелдік компаниядағы үлеске Қазақстанда салық салынбайды, тек олар әкелетін табыстан салық төленуі тиіс. 

– Ал әзірге нені жариялаудың қажеті жоқ? 

– Жалпыға бірдей декларация тапсыру басталғанға дейін (ол 2020 жылдың 1 қаңтарына белгіленген еді, бірақ жақында ҚР Қаржы министрлігі тағы да 5 жылға шегере тұруды ұсынды)  брокерлік шот бойынша қаражат қалдығы (яғни инвестицияланған қаражат емес) мен шетелдік сақтандыру компанияларында ашылған шотты (инвестиция немесе жинақ шотын алу үшін), инвестициялық алтынды жариялау талап етілмейді.
 
– Осы ретте Қазақстанда жеке тұлғаның қандай табысына салық салынбайтынын айта кетсеңіз?

– Қазақстан қор биржасы ресми эмитенттерінің құнды қағаздары мен мемлекеттік бағалы қағаздармен жасалған барлық операциялардан түскен кез-келген табыс, кез-келген эмитенттің борышкерлік құнды қағаздары бойынша алынған пайыздар, қазақстандық компания үлесі немесе акцияларын 3 жылдан кейін сатудан түскен табыс (кейбір жағдайларда), 1 жылдан аса иелік еткен жылжымайтын мүлікті сатудан түскен табысқа және өзге тұлға сыйлаған немесе мұраға қалдырған мүлікке салық салынбайды. 

– Егер табыс салығы басқа мемлекетте төленіп қойса, бұл табыстан Қазақстанда да салық төлеу керек пе?

– Қазақстандық салықтан шетелде төленген салық көлемін шегеріп тастауға болады. Ол үшін салықтың шетелде төленгенін дәлелдейтін құжаттар керек. Мәселен, шетелдік эмитент сіздің қоржындағы акциялардың дивидентінен салық ұстап қалса, онда шетелдік салық органы растаған төлемнің үзінді көшірмесін талап ету керек (әдетте брокерлер бұндай үзінді көшірмені электронды түрде инвесторларға өздері жіберіп отырады). 

– Ал салық декларациясын тапсыру үшін 31 наурызға дейін құжат жинап үлгермей қалғандар не істейді?

– Декларация тапсыру мерзімін 30 күнде дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндікті декларацияны электронды түрде тапсырғанда пайдалануға болады. Ол үшін тұрғылықты мекен-жай бойынша Салық комитетіне декларация мерзімін ұзарту жөніндегі өтінішті электронды немесе қағаз жүзінде жіберу керек. Бұл ретте декларация тапсыру мерзімі ұзарғанымен, салық төлеу мерзімі сол күйі қалатынын ескерткіміз келеді. 2018 жыл үшін салық төлеу шекті мерзімі – 2019 жылдың 10 сәуірі. Сонымен қатар, салықты кешіктіргеніңіз үшін өсімпұл жүруі мүмкін – бір, екіншіден, декларация тапсыруды кешіктіре берсеңіз, салық мекемелері шетелдік активтер мен табыс туралы ақпаратты өздері жинап, салық салынатын нысанды жасырғаныңыз үшін айыппұл салуы мүмкін. 

Ал бұл айыппұлдың көлемі аз емес: табысты жасырғаны үшін – салық көлемінің 200 пайызы, ал шетелдегі дүние-мүлік (банктегі есепшот, акциялар) туралы ақпаратты жапсырғаны үшін – әр декларацияланбаған нысанға 250 мың теңге айыппұл салуы мүмкін. 

Егер декларация кешіктіріліп тапсырылса, онда ескерумен де құтылуға болады. Алайда оны мүлдем тапсырмай, бұны салық органдары біліп қойса, оның ақыры аса жақсы бола қоймас.

Сондай-ақ оқыңыз