Қазақстандық банктер кейбір комиссиядан неге бас тартты?
Қазақстанның 5 банкі несиеге қызмет көрсеткені үшін комиссия алудан бас тартты. Бұл бір қарағанда ақылға сыймайтын қадам секілді, өйткені ЕДБ-нің негізгі табысы жеке тұлғалар мен бизнеске несие беруден түседі. Бұндай шешімге не себеп болғанын «Курсив» анықтап көрді.
Банк комиссиясы мен пайыздық үстемақы қоғамның қаржыгерлер мен борышкерлер боп қақ бөлінуіне әкеп соқты. Қаржылық реттеуші шағымданушыларды бақылап қана қоймай, әркез қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғауда нақты қадам жасап отырды.
Айталық, ҰБ банктердің өз қызметі үшін алатын комиссияларын қарыз туралы келісім-шартта толық көрсетуін міндеттеп, қарыз есепшотын жүргізгені үшін комиссия алуға тыйым салды.
Сондай-ақ, қаржылық реттеуші 2016 жылдың шілдесінде банктердің қарыз беру мен қызмет көрсетуге байланысты алатын комиссияларының нақты тізімін бекітті, бұл тізім банк комиссиясының қатарын 11-ге дейін қысқартып, жасырын комиссия өндірудің алдын алады.
2018 жылы ипотекалық борышкерлердің шығынын азайту мақсатында, кәсіпкерлікке қатысы жоқ қарыз беру мен оған қызмет көрсету үшін ашылған банк есепшотын жүргізуге, сондай-ақ осы қарызды банк есепшотына аударғаны үшін комиссия алуға тыйым салды.
Бірнеше ай бұрын қаржылық реттеуші «ипотекалық өзгерістердің» өкілетін кеңейтті: олар енді кәсіпкерлікке қатысы жоқ басқа да қарыздардың бәріне таралады.
«Бұл ереже банк пен жеке тұлғалар арасында қарыз туралы 2019 жылдың 4 наурызынан бері жасалған келісім-шарттарға ғана таралады деп бекітілген», – деп нақтылады ҰБ баспасөз-қызметі.
Осы қаулыдан соң сарапшылар екінші деңгейлі банктер бақылаушы органның шешімін тыныш қана орындамай отыра береді деп күткен. Ал іс жүзінде бәрі басқаша шықты: наурыздың соңында Қазақстанның Халық банкі, Еуразиялық банк, АТФБанк, ForteBank пен Альфа-Банк жаңадан ғана емес, бұған дейін жасалған келісім-шарттар бойынша да қызмет көрсеткені үшін алынатын ай сайынғы комиссиядан бас тартатынын мәлімдеді.
Қарыз сепшотын ашу мен жүргізуге төленетін комиссияның бір бөлігін алып тастау – несиенің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған үлкен қадам. «Ол өз кезегінде біріншіден, халықтың қалтасына салынатын салмақты жеңілдетіп, екіншіден, халықтың несиеге деген сұранысын арттырып, үшіншіден, оның қайтарымсыз қарызға айналу тәуекелін төмендетеді»,– деп пікір білдірді ALPHALUX Consulting компаниясының бас сарапшысы Сергей Полыгалов.
Ұлттық банк бұл жаңалық 180 мың банк клиентін қамтиды деген ойда, ал борышкерлер үнемдейтін қаржы көлемі 30 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
–Мәселе мынада, қаржылық реттеуші банк клиенттерінің мойнына ілінетін қарыз салмағын азайтуға бағытталған шараларды жыл сайын қолға алады. Бұл шешімге де Ұлттық банктің қатысы болды-ау. Оның үстіне комиссияны алып тастау жеке тұлғалардың несиеге қолжетімділігін арттыруға бағытталған, банктер де халықтың төлем қабілеті жоғары болғанына мүдделі,– деп атап өтті ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов.
Қаржы сарапшысы Александр Криенконың айтуынша, комиссия несиенің нақты мөлшерлемесін көбейту үшін емес, банк атқаратын нақты операциялар үшін, яғни банктің шығынын жабу үшін алынады.
–Казіргі кезде көптеген қызмет түрі автоматтандырылған, сондықтан бақылаушы орган ретке келтіріп, клиенттердің де шығыны азайып жатыр. Өзге де банктердің несие бойынша комиссиядан бас тартуы – уақыт еншісіндегі дүние, – деп тұжырымдайды сарапшы.
Бұл ретте мынаны нық сеніммен айта аламыз: банк секторының табыс құрылымы ақырындап өзгеріп жатыр. Мәселен, кейбір қаржы ұйымдары өзге де салаларды игеруге көшті: екінші деңгейлі банктер клиенттеріне жан-жақты сервис ұсынып, интернет-банкингке жаңа қызмет түрін қосып, құнды қағаздар нарығына шығып жатыр. Бұның барлығы банктердің шығынын жауып, жаңа клиенттерді тартуға ықпал етеді. Нәтижесінде ұтатын тұтынушы болмақ.