Жұмыс істемейтін қарыз көлемі қанша?
Ұлттық банк пен Бірінші кредиттік бюроның мәліметі бойынша, Қазақстанда жұмыс істемейтін қарыз үлесі төмендеп келеді. Алайда екі ұйымның цифрларында айтарлықтай айырмашылық бар, ал рейтинг агенттіктері бұл деректер несие нарығындағы жағдайды нақты айқындамайды деп тұжырымдайды. Осы орайда есептеудің қыр-сырын «Курсив» анықтап көрді.
Қаржылық реттеушінің дерегі бойынша, қазақстандық банктер берген несие көлемі наурыз айының басында 12,4 трлн теңгені құраған. Оның 0,2 пайыз өсімін бөлшек сауда қамтамасыз етіп, ЕБД қоржынындағы жеке тұлғаларға берілген қарыз көлемі 5,3 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Ал БКБ берген ақпарат басқа: ақпанның соңында жеке тұлғалардың берешегі 6,07 трлн теңгені құраған. Екі ұйым да бөлшек нарықтағы несие сапасы жақсарып келеді деп тұжырымдайды. NPL үлесі (өтеу мерзімі 90 күннен кешіктірілген несие) қыстың соңғы айында 1 пайызға төмендеп, 13,7 пайызды құраған. Бұл – Бірінші кредиттік бюроның статистикасы. Ал Ұлттық банк бүкіл қарыздың 8,3 пайызы NPL деп тұжырымдайды.
«Бұл жердегі айырмашылық себебі айқын:ҰБ тек банк секторы бойынша статистика ұсынады, ал біз бүкіл нарықты қамтимыз, онда банктер де, шағын қаржы ұйымдары да бар», – деп түсіндірді БКБ атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.
Бір қарағанда бұл сандар аса жаман көрсеткіш емес секілді, NPL аса төмен болмаса да, жағымды динамика көңілге үміт ұялатады. Алайда тереңірек зерттесек, бәрі де керемет емес екенін көреміз: Бірінші кредиттік бюроның деректері Жабыл және Түркістан облысы, Алматы мен Шымкент тұрғындары несиеге белшесінен батқанын байқатады. Сектордағы нақты жағдайды анықтауға кейбір банктердің ашық саясат ұстанбауы кедергі келтіріп тұр. «Бұл туралы Moody’s рейтинг агенттігі өз есебінде бірнеше рет ескерткен» деп атап өтті агенттіктің банк секторы бойынша бас сарапшысы Владлен Кузнецов.
«Нарықты бағалау кезінде тек төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген несиелерді ғана емес, өзге де көрсеткіштерді есепке аламыз. Қор қалыптастыру барысында кейбір банктер тәуекелі жоғары несие көлемін толық ашып көрсетпеген: олар көбіне кепілдегі меншікке арқа сүйейді, негізінде олардың өтімділігі төмен, оны сатса, бағаланған құнына жетпей де қалуы мүмкін», – деп түсіндірді маман.
Қаржыгерлер борышкер бірнеше жылға қайта құрылымданған проблемалық несиеге қызмет көрсетуге қажетті қаржыны ұзақ уақыт салмаса да, «проблемалық» деп мойындамауы мүмкін.
Жұмыс істемейтін қарыз көлемін азайтудың тағы бір тәсілі туралы қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов: «Әдетте, төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген несие үлесін проблемалық несиелерді қайта құрылымдау арқылы төмендетуі мүмкін, яғни, заңды әдіспен борышкерлік келісім уақытын ұзартады. Ал рейтинг агенттіктері бұндай қайта құрылымданған қарызды таза деп танымайды және оларды проблемалық қоржынға қосады»,– деп айтып өтті.
Дегенмен, әлемдегі ең консервативті агенттіктердің бірі саналатын Standard&Poor’s Ұлттық банк көрсеткіштеріне күмәнмен қарамайды.
«Ұлттық банк ұсынған NPL көрсеткіші шындыққа жанасады деген ойдамыз. Бөлшек несиенің 90 пайызын қамтамасыз етіп отырған банктердің NPL көрсеткішін егжей-тегжей талдауды негізге аламыз», – деп мәлімдеді S&P Global Ratings агенттігінің «Қаржы институттары» бағыты директорының орынбасары Аннет Эсс.
Ал ALPHALUX Consulting компаниясының бас сарапшысы Сергей Полыгалов Ұлттық банктің ресми статистикасынан да, рейтинг агенттіктерінің көрсеткіштерінен де шындық таппайсыз деп тұжырымдайды. «Берілген ақпарат жалған деп отырған жоқпын. Көрсеткіштерде айырмашылық болуының себебі, статистика қалыптастыруда әртүрлі көрсеткіштер қамтылуы мүмкін. Сондай-ақ ҰБ статистикасы мен рейтинг агенттіктерінің статистикасында қаржылық реттеуші мен агенттікке деректердің жеке-жеке түсуіне байланысты өзгешеліктері болуы мүмкін. Шындық қай жерде екенін айту қиын. Қарыз туралы егжей-тегжей ақпаратты тек банктерде отырған несие жөніндегі мамандар ғана біледі. Ал басқаларына ақпараттың толық жетпей қалу ықтималдығы басым».
Елес пе, әлде шындық па?
NPL-дің жағымды динамикасын Владлен Кузнецов бөлшек несие бағытының өсімімен байланыстырады, NPL-дің нақты көлемі қысқармағанымен, 2018 жылы 17 пайызға артқан. Оған әсер еткен өзге де факторлар қатарына сарапшы бұрынғы валюталық ипотеканың теңгеге аударылуын, көптеген банктерде тәуекелді төмендету стандарттарының қатаюын, проблемалық кредиттерді есептен шығарып, олардың коллекторлық компанияларға берілуін атап өтті.
«Алдағы уақытта нарықта, бөлшек несие саласын қоса алғанда, проблемалық несие көлемі төмендейді деп болжап отырмыз. Оған несие қоржынының өсімі мен жаңа несиелердің сапа тұрақтылығын қамтамасыз ететін экономикалық жағдай, проблемалық несиелерді ақырындап жабу немесе есептен шығару әсер етпек», – деп өз болжамымен бөлісті Moody’s агенттігінің сарапшысы.
Әсіресе проблемалық несиелердің есептен шығарылуы отандық банктерге тиімді болып тұр.
«Несие қоржынын өз бетінше сауықтыру жұмысы бірнеше жылға созылар еді. Оларды мемлекеттік Проблемалық несие қорына өткізу маңызды шешім, ол өз кезегінде банк балансын айтарлықтай тазартып, олардың қаржылық жағдайын жақсартады»,– деп пікір білдірді Deloitte CIS бас директорының орынбасары және серіктесі Екатерина Трофимова.
Ал Standard&Poor’s классикалық тәсілді қолданып, Ұлттық банкке несиелеу стандартын қатаңдатуды ұсынады. «Несие беруден кіретін жылдық нақты табысқа қатысты жылдық төлем көрсеткішін жоғарылатып немесе берілетін несие көлемінің шекті мөлшерін жылдық табысқа байланысты белгілеуге болады. Айталық, Чехия осы жолды таңдап, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жоғары көсеткішті 45 пайызға теңестірді. Ипотека берер кезде кредит алу үшін жеке капитал көлемін арттыруға болады. Бөлшек несие бойынша ортақ қордың көлемін де көбейту мүмкіндігі бар», – дейді Аннет Эсс.
Ал Сергей Полыгалов банктерге қойылатын талаптарды қатаңдатумен NPL мәселесі шешілмейді, бұған меллекеттік тұрғыда қарастыру керек деп пайымдайды.
«Халықтың нақты табысы артып, елдегі экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар мен жаңа жұмыс орындары ашылуы керек. Сонда ғана несиелеу жүйесінде қайтарымсыз қарыз тәуекелі төмен, тиімді механизм пайда болуы мүмкін, – деп тұжырымдайды ALPHALUX компаниясының бас сарапшысы.