Электронды сақтандыру енгізгелі Қазақстанның сақтандыру нарығы қалай өзгерді?

Жарияланды
І тоқсанда бір миллионға жуық электронды полис сатылған

Елімізде электронды сақтандыру жүйесін енгізу оңай болмай шықты: сақтандырушылар әлі күнге мемлекеттік деректер базасына  қатысты туындаған қиындықтарды шешіп, сақтандыру шартының қағаз нұсқасын талап ететін клиенттердің сенімсіздігімен бетпе-бет келіп отыр.
 
Айта кетейік, биыл 1 қаңтардан Қазақстанда электронды сақтандыру енгізіліп, енді сақтандыру полисін толықтай онлайн режимде, сақтандыру компаниясының сайтынан сатып алуға болады. 

Алдын-ала мәлімет бойынша, 2019 жылдың І тоқсанында 1 миллионға жуық электронды полис сатылған, бұл – жылдық көлемнің 20 пайызына тең. Дегенмен, сақтандыру компаниялары сайты арқылы сатып алынған полистердің саны өте аз. 2019 жылдың 1 наурызындағы мәлімет бойынша, міндетті автосақтандыру бағытындағы электронды полистердің үлесі 0,6 пайызды құраған. 

Бұндай жағдай қалыптасатыны әуелде белгілі еді, өйткені, бір жағынан қаржы нарығы, әсіресе сақтандыру нарығы өте консервативті болса, екінші жағынан сақтандырушылар жыл басынан бері мемлекеттік деректер базасындағы кейбір дәлсіз деректермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл сақтандыру компаниясының кеңсесіне келмей-ақ, өз бетінше полис сатып алғысы келген көлік иелеріне қолбайлау. 

Жасалған келісім-шарттар туралы деректер Сақтандыру бірыңғай деректер қорында сақталатынына және оны жол полициясы еркін көре алатынына қарамастан, сақтандыру компанияларының клиенттері «электронды сақтандыру кезеңіне» бой үйрете алмай, көпшілігі құжаттың қағаз нұсқасын талап етуде. 

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сақтандыру және қор нарығын дамыту орталығының атқарушы директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, сақтандыру нарығы мемлекеттік деректер базасына қосылғалы бері, осы базадағы ақпараттың тазалығына қатысты бірнеше түйткіл пайда болған. 

Сөз жоқ, бұл мемлекеттік органдарға қате ақпаратты жөндеуге мүмкіндік береді. Бірақ ол сақтанушылардың онлайн полисті өз бетінше рәсімдеуге деген ынтасын жоймай ма? Ал онлайн-полистің басты мақсаты, керісінше, сақтандыру полисін рәсімдеуді жеңілдету болатын.

«Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Олег Ханин техникалық қиындықтар негізінен мемлекеттік деректер базасымен интеграциялық үрдіске байланысты туындағанын тілге тиек етті. «Мәселен, кейде мемлекеттік деректер қорына кіре алмай қаласың, кейде клиент ұсынған құжаттағы деректер сәйкеспей жатады. Бұндай жағдайда Сақтандыру бірыңғай деректер базасының операторы – Мемлекеттік кредиттік бюроға сұраныс жіберіліп, клиентке одан әрі не істейтіні түсіндіріледі», – дейді маман. 

Ал Amanat сақтандыру компаниясының өкілдері заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, клиент туралы мәліметті мемлекеттік деректер қорындағы деректермен сәйкестендіру қажеттігін айтады. Бұл жеке куәлік, паспорт, жүргізуші куәлігі мен клиент көлігін тіркеу куәлігіне де қатысты: 

«Егер клиент құжаттарында қандай да бір қате болса (мәселен, жеке куәлігі мен жүргізуші куәлігіндегі аты-жөнінің бір әрпі сәйкеспесе), онда міндетті сақтандыру полисін рәсімдей алмайды.  Бұндай жағдайда клиент өзі уәкілетті органдарға құжаттағы қатені жөндеу туралы өтініш түсіруі керек».

Мұңаймайтын нарық 

Сақтандырушылардың айтуынша, қазіргі кезде  ірі-ірі техникалық қиындықтан туындап жатқан жоқ.
 
Тіпті сақтандыру компанияларының клиенттері сағаттап келісім-шарт жасай алмай жатқаны туралы шағым  да түспеген. Бірақ бәрі салыстыру арқылы танылады. «Әрине, анда-санда мемлекеттік деректер базасында техникалық жұмыстар жүріп жатса, клиент деректерін мемлекеттік қордағы деректермен салыстыру барысында қате кетеді. Алайда қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда, бұндай жағдайлардың қатары бірнеше есе азайды», – дейді мамандар. 

Техникалық ақаулар жоқ кезде, электронды полисті рәсімдеу көп уақыт алмайды. Бұл шаруаны 5-10 минуттың ішінде бітіріп тастауға болады. 

«Тәуекелдерге қатысты айтар болсақ, халықтың сақтандыру компаниялары мен онлайн төлемге деген сенімсіздігі полистерді онлайн сатуға кері әсер етуі мүмкін. Оның үстіне сақтандыру шарты жасалғанын тек сақтандыру компаниясы мен мемлекеттік кредиттік бюродан келген SMS-хат қана растайтындықтан, бұл кейбір клиенттердің көңілінен шықпай, олар сақтандыру полисін растайтын қандай да бір құжат беруді талап етеді», – дейді Amanat компаниясының өкілдері. Нәтижесінде полисті онлайн сатып алуды қабылдау қиынға түсіп жатыр.

Осы олқылықтардың қашан жойылатынын сақтандырушылар дөп басып айта алмайды. Алайда, нарық өкілдері бұл түйткілдерді ойлап қамығып отырған жоқ, керісінше, өте оптимистік көңіл-күйде. «Техникалық түйткілдер қалайда өз шешімін табады, ал бизнес-үрдіс жұмыс барысында жақсарып отырады»,– деп атап өтті нарық өкілдері. Дегенмен нарық онлайн сақтандыруды қараусыз қалдырып, өз бетімен жібермейді. 

Мәселенің шешімі 

Жыл соңына дейін сақтандыру компаниялары сайты арқылы онлайн сатылған полистердің қатары 2 пайыздан 5 пайызға дейін жетуі мүмкін. 
«Нарық полистерді онлайн сатудың дамуына мүдделі. Онлайн сақтандыруды енгізу мен оның өсімі сақтандыру нарығының сапасын жақсартып, ашықтығын қамтамасыз етеді. Біріншіден, алаяқтардың жалған полис сатуы азаяды. Жаңа жүйе бойынша, клиент шын плис сатып алатынына сенімді болады», – деп тұжырымдайды Amanat-тың мамандары.  

Нарық өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта онлайн-полистерді сату сақтандырудан бөлек, өзге де қызмет түрлерін ұсынудың арқасында дамып, «полис алу теңгерім толтырумен бірдей» деңгейге жетеді.  

«Кез-келген инновацияны енгізу тексеру мен тестілеуді қажет етеді. Онлайн-сақтандыру – клиенттер үшін ғана емес, сақтандырушылар үшін де, реттеугі орган үшін де жаңалық. Сондықтан біз: сақтандыру нарығы, Ұлттық банк пен Мемлекеттік кредиттік бюромен біріге отырып, жағдайды қатаң қадағалап, полисті онлайн сатып алуға ыңғайлы сервис жасауға тырысып жатырмыз», – деп тұжырымдайды Amanat өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыз