Қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық сауда-саттық пен өзара сауда айналымы бірнеше есе өседі деп күтілуде. Дегенмен, сонымен бірге қазақстандық өндірушілердің мүддесіне нұқсан келеді деген қауіп те бар.
Айта кетейік, «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру туралы келісімге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәуірдегі Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген еді. Қос мемлекет басшылары қойған мақсат –2020 жылға дейін тауар айналымын 5 млрд долларға дейін жеткізу үшін аймақтық және шекара маңы ынтымақтастық мүмкіндігін толық пайдалану. ҚР Ұлттық экономика министрлігі осы себепті шекара маңы халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру дер кезінде қолға алынған шаруа деп есептейді.
«Курсивтің» сауалдарына Ұлттық экономика министрлігі баспасөз-қызметі берген жауапта оған бірнеше фактор әсер ететіні жазылған: екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен Орталық Азиядағы сауда-саттық саласында көшбасшыға айналуы, аймақтағы ең ірі нарықты иеленуі, ірі агломерациялар – Шымкент пен Ташкенттің қатар орналасуы. Оған қоса, бұл аймақта инфрақұрылым да жақсы дамыған, «Сарыағаш» темір жол стансасы да, халықаралық «Жібек жолы» өткізу пункті де, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны да жақын жатыр.
Сондай-ақ, министрлік аймақтың халықаралық сауда-саттықты арттыру әлеуеті жоғары екенін де атап өтті. Ол Орта және Оңтүстік Азия нарығын Еуропа, Орал, Сібір және Қиыр Шығыс аймақтарымен байланыстыратын, қарқынды дамып келе жатқан «Солтүстік-Оңтүстік» көлік-транзит дәлізінің негізгі элементтерінің бірі болмақ.
Жоспарда не бар?
Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының басты міндеті – заманауи бақылау пунктін құру, көтерме және бөлшек сауда нысандарын салу және айналасындағы инфрақұрылымды дамытып, көлік-логистикалық орталық құру.
ХСЭЫО құру тұжырымдамасын Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен ведомствоаралық жұмыс тобы әзірлейді. Сондай-ақ жобаның жол картасын да солар жасайды.
2019 жыл – дайындық жылы болмақ. Өзбекстандық БАҚ-тың ақпаратына сүйенсек, халықаралық сауда орталығы 2025 жылға дейін өз жұмысын бастайды. Жоба құны екі жақтың бірлескен жұмыс тобында талқыланатын болады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі атап өткендей, шығынның 90 пайыздан астамы бюджеттен тыс көздерден, яғни, жеке қаражат пен шетелден тікелей инвестиция ретінде тартылмақ. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі де қолданылады. Бюджет қаражаты инженерлік инфрақұрылым салу үшін ғана бөлінеді деп жоспарлануда.
Бұл орталық не береді?
Ұлттық экономика министрлігі ХСЭЫО ең алдымен Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралас аудандарында халықаралық сауданың, өндіріс пен логистиканың заманауи инфрақұрылымын құруға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Бұл екі ел кәсіпкерлеріне сауда операцияларын тез және ыңғайлы жүргізу, бірлескен кәсіпорын құру, пайдалы және қауіпсіз көлік-логистикалық операцияларды жүргізу мүмкіндігін береді.
Екіншіден, ХСЭЫО нысандарын салу мен оны пайдалану барысында 10 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Үшіншіден, трансшекаралық және транзиттік сауда көлеңкеден шығып, екі елдің де жергілікті және республикалық бюджеттеріне салық түсімі артатын болады.
Төртіншіден, мұндай сауда форматы екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайту үшін бірлескен кәсіпорын құру, өзара инвестиция тарту, көрме, жәрмеңке, бизнес-форум өткізу және басқа да іс-шараларды өткізу арқылы екі мемлекет арасындағы аймақаралық бизнес ынтымақтастығын ынталандырады.
Бесіншіден, мұндай орталықты құру екі мемлекеттің Орталық Азияның Жібек жолы бойындағы қалаларында халықаралық туризмді одан әрі дамытуыға мүмкіндік береді.
Жергілікті кәсіпкерлер шығынға батып отыр
Халықаралық сауда-экономикалық орталық құрудың игілігін ең әуелі Түркістан облысы мен Шымкент қаласының экономикасы сезінуі тиіс. Бұл аймаққа Өзбекстанмен арадағы жалпы сауда көлемінің үштен бір бөлігі тиесілі. Шекара маңы сауда орталығы құрылған соң, ол арқылы өтетін тауарлардың, әсіресе азық-түліктің бағасы төмендеуі керек. Алайда бұл тұтынушыға тиімді болғанымен, жергілікті кәсіпкерлерге өте қиын тиюі мүмкін.
Оңтүстіктің кәсіпкерлері мен «Атамекен» ҰКП аймақтық өкілдері шекараны ашқаннан кейін өзара тауар айналымының қарқынды өсуі нәтижесінде қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі төмендейтіні туралы бірнеше рет мәлімдеген еді. Атап айтқанда, бұған дейін «Курсив» жазғандай, Өзбекстаннан арзан өнімдердің кіруіне байланысты, Түркістан облысында жабық жылыжайда қияр-қызанақ егу өте тиімсіз шаруаға айналып барады.
Көрші елдің көкөніс өсіруге климаты қолайлы және коммуналық қызмет бағасы арзан болғандықтан, өзбектің қияр-қызанағының өзіндік құны Қазақстанның оңтүстігінде өсірілген көкөністен екі есе төмен болады. Түркістан облыстық жылыжай қауымдастығының есебі бойынша, облыстағы жылыжайда өскен қияр-қызанақтың 1 келісі 140-150 теңге тұрса, Өзбекстандікі – 70-75 теңге шамасында. Аймақтық кәсіпкерлер палатасының ақпараты бойынша, біраз жылыжайлар экспортқа шығарылатын өнім көлемін азайтса, өзгелері оны өзіндік құнынан төмен бағада сата бастаған. Кейбірі тіпті жабылып қалған.
Пікір екіге жарылды
Түркістан облыстық жылыжай қауымдастығының төрағасы Мырзахмет Снабаев «Курсивтің» халықаралық сауда орталығының ашылуы қазақстандық өндірушілердің жағдайын қиындата түседі деген болжамын растап отыр. Оның айтуынша, орталық жұмыс істей бастағанда бірден болмаса да, бірте-бірте айналым көлемі артқан сайын, фермерлердің жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Спикер бұл жағдайдан құны өте қымбат газға субсидия бөлу немесе отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау арқылы шығуға болады деп пайымдайды. Сонымен қатар, жеміс пен көкөніс піскен кезде Өзбекстаннан кіретін шетелдік тауарларға уақытша шектеу шарасын қолдануға болады.
Түркістан облысының шекараға жақын ауданында көкөніс өсірумен айналысатын шаруа да осыны айтады:
«Бұл жағдайдан зардап шеккенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Біздің тірлігіміз карта ойыны секілді: ертең не болатынын білмейсің. Мәселен, бүгін орамжапырақ өсіріп отырсаң, күн сәл жылына сала базарға өзбектікі шығып кеткен, сондықтан бізге өзіміз күткен табыс түспейді. Былтыр орамжапырақтарымыз түгел түбірінде тұрып-ақ шіріп кетті, бір келі де сата алмадық. Шекара маңы сауда орталығы ашылған соң жағдай бұдан да қиындай түсе ме деп қауіптенеміз. Әрине, халыққа тауардың арзандағаны тиімді екенін түсінемін. Бірақ біз, фермерлер, көршімізбен бәсекеге түсе алмаймыз. Біз үшін ең дұрысы – шекараның жабық болғаны», – дейді шаруа.
Ал «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициалық орталығының кеңесшісі, инвестиция және экспорт сарапшысы Нұрбек Ачилов, керісінше, еркін сауда аймағының ауқымын кеңейту керек деп санайды.
«Екі мемлекет арасындағы шекарада еркін сауда аймағын құрудың артықшылығы көп болса да, шектеулері де көп, – деді ол өз сөзінде.– Бұл сауда алаңдары мен инфрақұрылым құрылысына қомақты қазына қаржысын бөлу, осы аймақтардағы сауда-саттыққа бюрократиялық кедергілердің құрылуы, азаматтардың шекарадан өткенде түрлі кедергілерге кезігу және т.б. Өзім Орталық Азияда біртұтас экономика қалыптасқанын қолдаймын, алдағы уақытта Орталық Азиядағы 5 мемлекет Еуропа Одағының үлгісі бойынша, еркін сауда аймағын құруы қажет».
Қорыта келе, орталықтың экономикалық тиімділігі туралы пікірдің қақ жарылғанын атап өткіміз келеді. Біреулер жағымды болжам жасаса, өзгелерде үміттен гөрі, күдік басым, соның ішінде қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі қатты төмендейді деген пікір бар. Десе де, бәрінің пікірі бір жерден шыққан тұсы: аталмыш орталық құрылса, шекарадағы сауда-саттық заңды түрде жүретіні.