Инвестиция

Мәскеу қор биржасы KASE-де өз сауда жүйесін орнатпақ 

Бірігу 2 жылдан соң толық аяқталады 

Қазақстан қор биржасы 2019 жылдың соңына дейін Мәскеу қор биржасының сауда-клиринг жүйесі – МОЕХ-ке көшуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Курсивке» берген эксклюзивті сұхбатында KASE Басқармасы төрағасының орынбасары Идель Сәбитов айтып берді. 

«Бірінші кезеңде қор нарығын орталық контрагент функционалы орнатылған MOEХ сауда-саттық және клиринг жүйесіне енгіздік. MOEХ-тің аралық офис клирингі және тәуекел модульдерін енгізе отырып, Орталық депозитарий жүйесі мен өзіміздің есептік жүйелерімізге қажетті түзетулер, салалық заңнама мен нормативтік актілерге өзгерістер енгізіліп, ішкі биржалық ережелер қайта жазылып жатыр», – деп мәлімдеді Басқарма төрағасының орынбасары Идель Сәбитов.

Сәбитов мырзаның айтуынша, жаңа сауда-клиринг жүйесі негізінде қор нарығындағы сауда-саттықты нетто-негіздегі есеп-қисап пен осы есеп-қисаптың қор нарығындағы кепілді функционалымен бірге бастау үшін қажетті жұмыстар жүргізілуде. 

Қор нарығындағы операциялардың барлығына орталық контрагент кепіл болады, ол міндеттемелердің орындалып-орындалмағанына қарамастан, нарықтың адал қатысушыларымен есептеседі. 

«Биржа қор нарығын MOEX жүйесіне көшіруді екі кезеңде жүзеге асырамыз деп жоспарлап отыр: 2019 жылдың соңына қарай KASE сауда-саттық және клиринг жүйесіндегі сауда-саттық жүйесіне Т + 2 жүйесі бойынша сатылатын қаржы құралдарына көшеді, осы мәмілелер бойынша KASE контрагент функциясын атқарады. Қор нарығының өзге де құралдарын 2020 жылдың бірінші тоқсанында көшіру жоспарланған», – деп атап өтті Қазақстан қор биржасы Басқарма төрағасының орынбасары.

Қор нарығын MOEX жүйесіне көшірген соң, 2020-2021 жылдары биржа валюта нарығы пен дериватив нарығын жаңа сауда-клиринг жүйесіне ауыстыруды қолға алмақ. 

Айта кетейік, былтыр күзде KASE және Мәскеу биржасы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Құжаттың негізгі мақсаттары бірнеше бағытты қамтиды: сауда-саттыққа қатысатын қазақстандық және ресейлік инвесторлардың екі ел нарығына өзара қолжетімділігін қамтамасыз ету; инфрақұрылымға деген сенімді арттыру және орталық контрагент институтын дамыту арқылы нарықтық тәуекелдерді азайту.

Биыл қаңтар айында Мәскеу биржасы KASE-нің 3,32% акциясын сатып алған. Мамыр айында Қазақстан қор биржасының Басқарма төрағасы Алина Алдамберген ресейліктер өз үлесін 17 пайызға дейін жеткізуге ниетті деп мәлімдеген еді. 

Анықтама

«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) – Орталық-Азия өңіріндегі жетекші және өз қызметін Қазақстанның қаржылық нарығында жүзеге асыратын жалғыз қор биржасы. Бұл репо нарығы құралдары, мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздардың, халықаралық қаржы институттары облигацияларының, сондай-ақ туынды қаржы құралдарының әмбебап сауда-саттық алаңы.

«Московская Биржа» компаниялар тобына биржалық акциялар, облигациялар, туынды бағалы қағаздар, ақша нарығы құралдары мен тауарлар шығарылатын ресейлік көпсалалы сауда алаңын басқаратын Мәскеу қор биржасы кіреді. Сондай-ақ, топ құрамына орталық депозитарий (Ұлттық есеп айырысу депозитарийі) және биржада орталық контрагенттің қызметін атқаратын Клирингтік орталық (Ұлттық клирингтік орталық) кіреді, ол Мәскеу биржасының клиенттерге сауда және саудадан кейінгі қызметті кешенді түрде ұсынуына мүмкіндік береді.