Қазақстанда номері шетелдік көлікті не үшін тіркемек?
Ішкі істер министрлігінің ЕАЭО елдері номерімен жүрген көліктерді міндетті тіркеу туралы ұсынысының астарында не жатыр?
Жақында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Армения, Қырғызстан және Ресейден әкелінген, Қазақстанда тікрелмеген, шетелдік номерлі көліктердің қозғалысына шектеу қоюды ұсынды. Оның басты себебі –шетелдік номермен жүрген көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту мүмкін емес екен. Алайда, «Курсив» тілдескен сарапшылар мәселе басқада жатқанын айтады.
Іске аспаған жоспар
Алматыдағы ТЖО-ның бірінде жұмыс істейтін автоэлектрик Руслан 5 миллионға жуық қаржы жинап, 1999 жылғы Subaru Forester көлігін жаңа машинаға ауыстыруға бел буған. Алайда шілде айында ақпарат құралдарынан ІІМ жоспарын естігелі бері, екі ойлы болып жүр. Біраз бұрын жаңа көлік сатып алу үшін Ереванға баратынына сенімді еді. «Мен бәрін есептеп қойған едім. Ескі көлігімді 2 миллионға сатпақшы болғам, клиент те табылып тұр. Ереванға баратын билетке 100 мың теңге кетеді. Ол жақта сенімхатпен 2018 жылғы 3,5 литрлік Camry көлігін 15 мың долларға сататын кісімен де келісіп қойған едім. Қайтар жолға 200 мың теңге кетеді, соның өзінде менде 2 мың доллардай ақша қалуы керек», – дейді Руслан. Автоэлектриктің айтуынша, Қазақстанда дәл осындай баға болғанда, көлік алу үшін Қырғызстан мен Арменияға баруды ойламас еді.
«Өзіңіз де білесіз, тура сондай Camry бізде кемі 12,5 миллион теңге тұрады. Нсиеге алсаң, тіптен қымбат. Ал trade-in менің ескі көлігімді бар-жоғы 1,5 миллионға бағалады. Ал өзімізден шығып жатқан көлікті алғым келмейді. Армениядан қарастырған көліктерімнен де қымбат, оның үстіне сенімсіз», – деп күйінеді бар жоспары бұзылған Руслан. Сондықтан ТЖО шебері еңбек демалысын қыркүйектің соңына шегеруге мәжбүр. «Осы уақытқа дейін армиян және қырғыз номерлері бар көліктерді тіркеу мәселесі шешілетін шығар деп ойлаймын. Ол қарапайым адамдардың мүддесіне орай шешіледі деп үміттенемін. Олай болмаған күннің өзінде, адамдар бәрібір сапалы және арзан көлік әкелудің жолын табады», – деп тұжырымдайды Руслан.
Жүйе жоқ жерде, тәртіп жоқ
Заңгер Сергей Злотниковтың ойынша, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа бұндай мәлімдеме жасаудың еш қажеті жоқ еді. «Бұндай мәлімдемені министрлер емес, мәжіліс депутаттары жасай алады. Атқарушы билік өкілдері нормативтік қаулыларға, құжаттарға, заңнамаға сілтеме жасай отырып сөйлеуі тиіс. Ал біздің көріп отырғанымыз – таза популизм». Заңгер оған қоса шетелдік номермен жүрген көлікті еш себепсіз тоқтату жол полициясы үшін қалыпты жағдайға айналғанын айтады.
Заңгер шетелдік номермен жүрген көлікті тіркеу туралы ұсынысымен министр «отандық авто өндірістің мүддесін қолдап отыр» деген пікірмен келіспейді. «Армения, Қырғызстан немесе Ресейден әкелінетін көлікке кеден салығы мен утилизация алымын төлемей, есепке тұрғызу мүмкін емес. Ол көлікті кейін сата да алмайсың. Мүлдем тиімсіз дүние»,– дейді заңгер. Оның ойынша, мәселенің бәрі шетелден Қазақстанға кіретін көлікті есепке алу жүйесінің жоқтығында жатыр. Бұл ретте Сергей Злотников осы мәселені еш қиындықсыз шешуге болады деп тұжырымдайды. Бұл ретте полицей көлігіне арнайы бағдарлама (ондай бағдарламалар АҚШ-та 30 жыл бұрын шыққан) орнатудан бастап, шекарадан өткен шетелдік номерлі көліктің алдыңғы әйнегіне кіру мерзімі көрсетілген стикер жабыстыруға дейін түрлі нұсқаны қолдануға болады.
Заң және көлеңкелі жүйе
Тағы бір заңгер Сергей Уткиннің министр жасаған мәлімдемеге қатысты көзқарасы бөлек. «2010 жылы өте үлкен кеден салығы енгізілді, одан кейін утилизациялық алым пайда болды. Азаматтардың заңды түрде сатып алған көлігін кеденнен өткізуі үшін үлкен қаражат керек. Қазақстанға шетелден көлік кіргізудің тоқтап қалғанына таңданар түгі жоқ. Ал жаңа көлік алуға халықтың 90 пайызының жағдайы келмейді. Өйткені өте қымбат! Сондықтан ескі көлік алады немесе көлеңкелі жолын іздейді», – дейді Сергей Уткин.
Қазақстан азаматтары мініп жүрген шетелдік номерлі көліктердің өзін заңгер көлеңкелі жол деп есептейді. «Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі экономист Григорий Марченко заңгерлермен кездесу барысында «өмір заңға сәйкес келмесе, не істеу керек?» деп сұраған еді. Сонда заңгерлер «өмірді өзгерту керек» деп жауап берді. «Жоқ, заңды өзгерту керек» деген еді Марченко. Кедендік салық пен утилизация алымын енгізгелі бері, өмір мен заң мүлдем сәйкеспей қалды. ІІМ он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған көлік туралы мәселе көтеріліп жатқанын ескеріп, заңға өзгеріс енгізуді ұсынған сияқты», – деп өз пікірімен бөлісті Сергей Уткин.
Бұл ретте заңгер шетелдік номермен жүрген көліктерді міндетті тіркеуді енгізудің арқасында автокөлік иелерінің жартылай заңсыз көліктерін заңдастыруға мүмкіндік туады деп пайымдайды. Өйткені заңгердің айтуынша, ең құрығанда оларға уақытша қазақстандық номер берілуі тиіс.