Жаңалықтар

Жұмыссыз қалған азамат өз кәсібін қалай бастады?

Бейбіт Асанбаевтың оқиғасы

CashMaster – Қазақстан мен Қырғызстан терминал нарығының 70 пайызын қамтып отырған компания. Құрал-жабдықтарды CashMaster-дің өзі шығарады. Бұл жерде темір кесуден бастап, дайын өнімді жинау мен терминалдың күйін келтіруге дейін бәрін өздері жасайды. 

Компанияның негізін қалаушы Бейбіт Асанбаев кезінде ірі компанияда жақсы қызметте жүрген жерінен еш себепсіз шығарып жібермегенде, бұл мүмкіндіктен айырылып қалар едім дейді. Ол кезде оның жасы 37-де еді. 

 «Мені дер кезінде жұмыстан шығарып жібергені жақсы болды», – деп күледі әңгіме барысында Бейбіт Асанбаев. 
CashMaster тарихы: жекізушіден өндірушіге дейін 

Нарықтағы өз орнын табу талпынысы Бейбіт Асанбаевты ТМД бойынша төлем терминалдарын бір өзі жеткізетін ресейлік монополист компанияға алып келді. Уақыт өте келе кәсіпкер Қазақстанда кэш-құралдарға деген сұраныстың жоғары екенін, оны өзімізде құрастырса, өте тиімді болатынын түсінеді. 

CashMaster компаниясы 2009 жылы құрылған. Алғашқы кезде  ресейлік құралдарды сатумен айналысып, сонымен бірге Италия, АҚШ өндірушілерімен құрал-жабдықтарды осында құрастыру үшін тікелей тасымалдау жөнінде келісім жүргізеді. Мәселен, зауыт терминалды Қазақстанға ақша қабылдағышсыз жіберсе, оны CashMaster қызметкерлері өздері орналастыратын. 

Осылайша ақырындап толыққанды құрастыру цехы да ашылды. Компания сатып алатын бөлшектерінің аталымын кеңейтті де, төлем терминалдарын өздері жинауға толығымен бет бұрды. 

Бірнеше жыл өткен соң Бейбіт Асанбаев 1 миллион доллар инвестиция құйып, Алматының түбінен зауыт салады. Бұл жерде төлем терминалын шығарудың толық циклі ұйымдастырылған: корпус жасау мен бояудан бастап, дайын терминалға аналық тақша, процессор, ақша қабылдағыш пен экран орнатылады. Qiwi операциялық жүйесін қолданатын компания тек терминалдарды бағдарламалық қамтамасыз етумен айналыспайды. 

Танымалдық ақша тартады 

CashMaster-дің алғашқы тапсырыс берушілері шағын компаниялар еді. Ал 2013 жылы Kaspi Bank-пен келісім-шартқа отырған соң, бәрі түбегейлі өзгерді. Қаржы ұйымы бөлімшелеріне орналастыратын 5000 терминалға тапсырыс береді. Қазіргі кезде компанияның корпоративтік клиенттері арасында Қазақтелеком, Халық Банк, Еуразиялық Банк және Форте Банк бар. 

CashMaster-тің терминалдары шығарылатын шетелдік ірі нарық – Қырғызстан, ол жаққа жылына банк пен байланыс операторлары үшін 2 мыңға жуық терминал жіберіледі. Сондай-ақ, Малайзия, БАӘ, Вьетнамға да біраз өнім кетеді. Терминалдардың 80 пайызы Қазақстанда сатылса, 15 пайызы Қырғызстанға экспортталады, қалған бағыттардың үлесі – 5 пайыз. 

Осы уақыт аралығында компания орташа құны 250 мың теңгелік 40 мыңға жуық терминал сатқан. Әрине, әр үлгінің бағасы тапсырыс берушінің талаптарына байланысты қалыптасады. Мәселен, банктер америкалық «салмасының» өзі 500-600 доллар тұратын банкоматтарға тапсырыс береді. Ал сұранысы қарапайым тапсырыс берушілер құрамдас бөлшектерінің құны 200 доллардан аспайтын терминалдарға да риза болады. 

Бір қызығы, терминал шығару мен сатудан түскен табыс компания кірісінің жалпы құрылымында 25% құрайды. Негізгі кіріс жеке төлем терминалдарының желісінен түседі. Компанияның 2700 қызмет көрсету пункті Алматы және Алматы облысы, Астана, Қарағанды, Семей, Талдықорған, Қордай қалаларында орналасқан. Бейбіт Асанбаевтың айтуынша, бұл желі нарықтың шамамен 15 пайызын құрайды. Кәсіпкер CashMaster-дің кірісі туралы нақты мәліметтерді жариялағанды жөн көрмесе де, кәсіптің ауқымын түсіну үшін,  былтыр бизнесінің бір бағытынан ғана компания 182 миллион теңге салық төлегенін атап өтті.

Қазақстандық кәсіпкердің алдағы жоспары – ақша қабылдағыш шығаратын қытай зауытының үлесін сатып алып, қазіргі өндірісті одан әрі кеңейту.