Қазақстандықтарға онлайн автосақтандыру не үшін қажет?

Жарияланды
Оның тиімді тұстары

Жыл басынан бері Қазақстанда сұранысқа ие сақтандыру өнімі – міндетті автосақтандыруды онлайн сатып алуға болады. Алайда мамыр айының соңында Мемлекеттік деректер қоры сұранысты қабылдамағандықтан, бұл қызмет тоқтап қалған еді.  

Осы орайда «Курсив» сақтандыру компанияларынан сервис қызметі қайта қалпына келді ме және онлайн сақтандырудың тиімділігі неде екенін анықтап көрді.
 
Маусым айында «Курсив» сақтандыру полисін электронды рәсімдеу жүйесінде туындаған іркіліс туралы жазған еді. 

Қысқаша айтсақ, бұл түйткіл мемлекеттік органдармен байланыс қызметіне қажетті қосымша қаржы 2019 жыл бюджетінде қарастырылмауынан туындаған. Қаржының жоқтығынан бірқатар мемлекеттік органдармен байланыс арналарының өткізу қабілеті төмендеп, нәтижесінде Мемлекеттік деректер қоры сақтандыру полисін онлайн рәсімдегісі келген клиенттердің жеке деректерін сәйкестендіру сұранысына жауап бермей қалды. Былай айтқанда, мемлекеттік база артық жүктемені көтере алмай қалған, ал шенеуніктер бұндай сценарийді қарастырмаған көрінеді. 

Қолжетімсіз сервис

Сақтандыру компаниялары арасында жүргізілген сауалнама мәселенің әлі шешілмегенін байқатады. 

«Бірыңғай сақтандыру базасы мен Мемлекеттік деректер қорындағы деректерді сәйкестендіру барысында үнемі іркіліс туындап тұр. Бұл мәселе Мемлекеттік деректер қорымен байланыстыратын арнаның өткізу қабілетінің төмендеуінен туындаған. Сол себепті сақтандырылушылардың деректерін сәйкестендіре алмай отырмыз, онсыз барлық сақтандыру компанияларының сайтында электронды полис рәсімдеу мүмкін емес»,– дейді «Коммеск-Өмір» СК басқарма төрағасы Олег Ханин.

«Өкінішке қарай, жағдай әлі өзгерген жоқ. Онлайн сақтандыруда деректерді сәйкестендіру мүмкін болмай тұр. Міндетті сақтандыру полисін біздің сайт арқылы сатып алғысы келгенімен, Мемлекеттік деректер қорына кіруге мүмкіндік жоқ», – дейді «Еуразия» сақтандыру компаниясының атқарушы директоры Шәкір Иминов. 

Ал «НСК» сақтандыру компаниясы Мемлекеттік деректер қорымен байланысу әлі де қиын екенін айтса, «Номад Иншуранс» СК мамырдың соңынан бері МДҚ-ға кіру мүмкін болмай тұр деп тұжырымдайды. Мемлекеттік деректер қорының қызметіне тағы 2 компанияның көңілі толмайды (алайда олар ресми жауап берудан бас тартты).
 
Дегенмен, суалнамаға жауап берген компаниялардың ішінде екеуі ерекшеленіп тұр. «Amanat» сақтандыру компаниясында Мемлекеттік деректер қорындағы іркіліс сирек болса да, орын алатынын айтады.

«Нәтижесінде полисті рәсімдеу уақыты біршама ұзарады. Өйткені клиент туралы ақпаратты салыстыру үшін уақыт керек», – дейді Amanat сақтандыру компаниясының digital-маркетинг бойынша кеңесшісі Руслан Қалиғожин.
 
Ал «Freedom Finance Insurance» (FFI) сақтандыру компаниясы мемлекеттік деректер қорымен тиімді әріптестік орнатқандарын айтады: «Біздің сұранысымыздың барлығы жылдам өңделеді».

Сауалнамаға қатысқан компаниялардың көпшілігі онлайн-сақтандыру қызметін жыл басынан бері көрсетіп келеді. Тек FFI сақтандыру лицензиясын 4 мамырда алғанымен, полисті онлайн рәсімдеу қызметін бірден көрсете бастаған. FFI ұсынған деректерге сүйенсек, компания полисінің бөлшек сатылымы 100 пайыз онлайн-сақтандыруға тиесілі екен. 

«Біз бөлімшелер мен сақтандыру агенттерінің қызметінен толықтай бас тартып, полистерді тек сайт арқылы, «автоЦОН»-дағы сақтандыру терминалдары және QIWI терминалдары арқылы сатамыз. Ал полис сатудың дәстүрлі түріне келер болсақ, бізде корпоративтік сатылым бар. Міне солар полисті әдеттегідей сатып алады», – дейді FFI өкілдері.
 
Көлік жүргізушілерін сақтандыру полисін онлайн рәсімдеуге ынталандыратын басты нәрсе –10 пайыздық жеңілдік. Жеңілдіктің жоғары шегі заңмен бекітілген, одан асыруға болмайды. Алайда сауалнамаға қатысқан компаниялардың барлығы жеңілдік беруге дайын емес. 

«Жүйеде іркіліс жиі болып тұратындықтан, қазіргі кезде сайтта жеңілдік қарастырылмаған, – дейді «Номад Иншуранс» компаниясы.– Егер біз жеңілдік туралы жариялап, бірақ клиент сайт арқылы сақтандыру полисін ала алмаса, ол бірден кеңсеге келіп, жеңілдік талап етеді. Ал заң бойынша 10 пайыз жеңілдікті сақтандыру полисін онлайн рәсімдеген жағдайда ғана бере аламыз. Сондықтан онлайн рәсімдеу процесі ретке келмейінше, біз бұл жеңілдікті ұсына алмаймыз».

Осы ретте сатылған полис саны бойынша «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы ең жоғары көрсеткішке ие екенін айта кеткен жөн.

Төлем мерзімі

Клиент үшін бәсекеде жылдамдық пен ыңғайлы онлайн рәсімдеу ғана емес, сақтандыру төлемі мерзімінің қысқаруы да маңызды. 

Заң бойынша, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру  аясындағы төлем сақтандырушы құжатты алған уақыттан 15 күн ішінде түседі дейді Олег Ханин. Оның айтуынша, «Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясында 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында міндетті автосақтандыру бойынша төлемдердің 95 пайызы 7 жұмыс күнінен кешікпей аударылған. «Номад Иншуранс» та 3-5 күн ішінде төлем жасау қызметін қолға алып жатқандарын айтады. 

«Әзірге оны Алматы қаласында тесттен өткізіп жатырмыз, алдағы уақытта Қазақстан бойынша енгізуді жоспарлап отырмыз», – дейді компания өкілдері.
 
Ал Amanat компаниясындағылар белгілі бір жағдайда төлемді бір күннің ішінде рәсімдей аламыз деп тұжырымдайды. 
«Егер жол-көлік оқиғасына ұшырағандардың ешбірінің денсаулығы мен өміріне зиян келмесе, кінәлі анық және көліктің жасырын ақауы жоқ болса, онда біз сақтандыру жағдайы туындаған сәттен 1 жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемдерін аудара аламыз», – дейді Руслан Қалиғожин.
 
НСК клиенттеріне соңғы құжатты өткізгеннен соң 5 жұмыс күні ішінде төлем жасайды. 

«Жол-көлік оқиғасынан соң  2-3 күн ішінде төлем жасауға мүмкіндік беретін жоба тамыз айында іске қосылмақ. Төлем көлемі келтірілген шығынның 85-90 пайызын құрайды»,– деп хабарлады НСК өкілдері. 

АЛ FFI компаниясы ЖКО болған жерде 350 мың теңгеге дейін төлем жасау қызметін іске қосқан. Компанияның апаттық комиссары автокөлікті суретке түсіріп, оны тәулік бойы жұмыс істейтін бағалаушыларға жібереді, бұл шығынды бірден бағалауға мүмкіндік береді.

Егер келтірілген шығын 350 мың теңге шамасында болса, ал соғылған көлік иесі төлем алуға келісімін берсе, онда өтемақы оның есепшотына бағалаудан соң 1 сағат ішінде түседі. «Бұл сома Қазақстандағы ЖКО-ның 86 пайызында келтірілетін шығын орта есеппен 344 мың теңге екенін көрсеткен зерттеудің нәтижесінде бекітілген», – дейді FFI.

Шәкір Иминовтың айтуынша, «Еуразия» сақтандыру компаниясы сақтандыру өтемақысын 5 жұмыс күні ішінде төлейді.
 
«Біз өтемақыны 3-5 күнде жылдам төлеуді қолдағанымызбен, жол-көлік оқиғасы болған жерде төлем жасауға мүлдем қарсымыз. Біз үшін клиентке төлемді келтірілген зиянды толыққанды бағалай отырып төлеген маңызды, сол кезде ғана клиенттің оған көңілі толады. Әрине, кейбір кісілерге сол жерде төлем жасаған ыңғайлы көрінер, бірақ бұндай жағдайда сақтандыру компаниясы өтемақы көлемін азайтуы мүмкін. Жол-көлік оқиғасынан соң адамдар көбіне-көп есеңгіреп қалады да, сақтандыру компаниясы айтқан шарттардың бәрімен келісуі мүмкін. Ал нәтижесінде барлық құжаттарға қол қойылып, өтемақы төленген соң бұл ақша толыққанды және сапалы жөндеуге жетпей де қалуы мүмкін», – деп түсіндірді сарапшы. 

Компаниялар: өзін-өзі бағалау

Шәкір Иминовтың айтуынша, «Еуразия» СК ашылғалы бері клиенттерді түрлі акция және сыйлықтармен тарудан саналы түрде бас тартқан.

«Компанияны дамытатын тәсілдеріміз дәстүрлі тәсілдерден өзгеше, – дейді ол. – Біз ешқашан телевидение мен радиоға жарнама бермейміз, билборд ілмейміз, түрлі ұтыс ойынын өткізіп, бензин сыйламаймыз. Ендеше клиенттер бізге қалай келеді? Оларды біздегі сақтандыру төлемі қызықтырады». 

Маман келтірген деректерге сүйенсек, компания ай сайын 1500-1800 автокөлік иесіне 600-620 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемін төлеген, бұл ретте 681 клиент 1 миллион теңгеден жоғары өтемақы алған.
 
«Сақтандыру компаниясы көрсететін жалғыз қызмет – бұл  сыйақы, актив, жеке капитал немесе өзге де көрсеткіштер емес, тек сақтандыру төлемі. Клиенттер сақтандыру компаниясын тек осы көрсеткіші арқылы бағалайды», – деп тұжырымдайды маман. 

«Номад Иншуранс» – сақтандыру компаниялар арасында алғашқы үштікке кірсе де, ешқандай қаржылық топтың құрамында жоқ жалғыз компания. Оның жауабында «Біз таза нарықтық компаниямыз. Біздің басты артықшылығымыз –бөлімше мен агенттердің үлкен желісі, жоғары деңгейде қызмет көрсету, тәулік бойы істейтін call-орталық және тұрақты қаржылық жағдай», – делінген. «Коммеск-Өмір» басшысы Олег Ханин компанияның артықшылары ретінде: «Тұрақты жаңартылатын сайттың электронды полис рәсімдеуге ыңғайлы интерфейсі, call-орталық операторларының тәулік бойы қолдауы, тәулік бойғы төтенше жағдай қызметі, полисті клиенттің үйіне немесе кеңсесіне жеткізу, өтемақының әділ төленуі, сақтандыру нарығындағы 28 жылдық тәжірибе және жүргізушілеріне арналған пайдалы кәдесыйлар», – деп атап өтті.

Amanat клиенттерді 24/7 режимінде тегін техникалық көмек көрсету арқылы тартуға тырысады.
  
«Біздің апаттық комиссар аккумулятор отырып қалса, оны қуаттап, дөңгелек ауыстырып және жанармай құюға көмектеседі. Көлік сынып қалса, ол техникалық мәселе болса да, біз тегін эвакуатор шақырып береміз. Жол-көлік оқиғасы кезінде біз әрқашан клиенттің қасынан табыламыз: біз ол үшін барлық құжаттарды жинап, клиенттің атынан апатқа қатысушылармен және полициямен келіссөз жүргіземіз, әлденіп алуды ұсынамыз, қажет болған жағдайда такси мен эвакутор шақырамыз, ал төлемді бір жұмыс күні ішінде төлейміз. Осы  қызметтердің барлығы тәулік бойы қол жетімді», – дейді Руслан Қалиғожин.

«Міндетті сақтандыру рәсімдегісі келетін әр клиент ең бастысы – сенімді серіктес табу мен таңдау барысында жеке пікірінің ескерілуі екенін түсінуі керек. Бүгінгі нарықта түрлі ұсыныс та, әлем-жәлем акция да, айқайлаған ұран да көп. Ал біз тыныш қана тірлігімізді істеп, өзіміздің сенімді компания екенімізді дәлелдеп келеміз»,– дейді НСК. 

«Сақтандыру агенттері мен бөлімшелерден бас тарту бар күшімізді онлайн-сақтандыруға жұмылдыруға мүмкіндік берді.

Ал үнемделген қаржы ІТ-инфрақұрылымына, ыңғайлы сервис пен клиенттерге арналған қосымша бонустарға жұмсалады. Freedom Finance Insurance-тың пәлсапасы қарапайым: егер автокөлік иесі біздің полисті таңдаса, ол делдалдарға, бөлімшелердің жалдық құнына шығынданбай, тек сенімді сақтандыру мен төлемақы үшін төлейді. Сонымен қатар 20 автокөлік және смартфон, ноутбук, теледидар, бейнетіркегіш пен пауэрбанк сынды 1 000-ға жуық бағалы сыйлықтың ұтыс ойынына қатыса алады», – деп атап өтті FFI компаниясының өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыз