Шілденің шіліңгір ыстығында кім пайда тапты?

Жарияланды
Кейбір тауарлардың сатылымы бірнеше есе өскен

Биыл Оңтүстік астананың шілдесі аптап ыстық, ауа температурасы қалыпты деңгейден бірнеше градусқа жоғары болды.  

«Шілде айының алғашқы екі онкүндігінде Қазақстан территориясында жылы ауа ағысы мен жердің атмосфералық қысымы жоғары болды. Бұндай синоптикалық жағдай шілденің алғашқы жартысында Алматы облысында ауа температурасы қалыпты деңгейден 1,5…3,2°С, ал Алматы қаласында 3,2 градусқа жоғарылауына ықпал етті»,– деп хабарлады «Қазгидромет».

Осы орайда «Шин-Лайн» компаниясының балмұздақ өндірісі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, 20 пайызға өскен. Компания өкілдерінің айтуынша,  бұл –  Қазақстандағы сатылымды арттырумен қатар, экспорт өсімі және нарыққа жаңа өнімдердің шығарылуы есебінен жоспарланған өсім. Сонымен қатар, Алматыдағы қатты ыстық шілде айында сатылымның артуына ықпал етіп, жаңбырлы көктемде түсіп кеткен сауданың орнын жапқан. 

«Балмұздақ шығарушылар үшін ауа райын бақылап отыру аса маңызды, алайда қажетті өндірістік қуат пен қоймада қатталған тауар қоры, жақсы үйлестірілген жеткізу қызметі және мықты команда болмаса, аптап ыстық беретін мүмкіндіктің құмға сіңген судай, ізі де қалмайды», – дейді компания өкілдері. 

Ал Magnum сауда желісінде балмұздақ сатылымы 30 пайызға, сыра мен салқын сусынның сатылымы 20-100 пайызға дейін артқан. Сонымен қатар, маусымдық шаруашылық тауарларға деген сұраныс әлдеқайда өскен. Айталық, желдеткіштердің сатылымы 1800 пайызға артса, темір қақпақтардың сатылымы –1500%, бассейн, суда жүзуге арналған матрацтар мен шеңберлердің, орамалдардың сатылымы 300 пайызға көбейген. 

Қазақстандағы ірі сауда желілері кондиционер сатылымы елдің оңтүстігінде қарқынды өскенін, ал батыс аймақтарда  құлдырап кеткенін айтады.  Бұның барлығы ауа-райының құбылуына байланысты. Биыл жазда батыс аймақтарда ауа температурасы рекорд орнатпады, сәйкесінше, ол жақта салқындатқыштардың саудасы қызбады. Есесіне аптап ыстық орын алған оңтүстік аймақтарда кондиционер сатылымы 2-3 есе өскен. Жалпы, «Технодом» сауда желісі жаздық сауданың қорытындысын шығаруға әлі ерте екенін айтады, өйткені тамыз айына берілген ауа райы болжамы тұтынушылардың салқындатқышқа сұранысы әлі де төмендемейтінін байқатады.

Сондай-ақ оқыңыз