Инвестиция

Қазақстандағы люкс отельдер қанша тұрады?

Бұл нарықтың өзгешелігі қандай?

Алматыда жыл басында Novotel ашылса, жаздың ортасында бес жұлдызды Double Tree by Hilton техникалық тұрғыда іске қосылып, сондай-ақ бес жұлдызды Kempinski қонақүйінің құрылысы жүріп жатыр. 

Scot Holland|CBRE сарапшылары Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында Holyday Inn Express брендінің отельдері және бұрынғы «Жетісу» қонақ үйінің орнында құрылыс жүріп жатқанын айтады. Бұл жерде қандай бренд орналасатыны әзірге белгісіз.

Ең танымалын таңда 

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, былтыр 1 миллионнан астам қонақ 3*, 4* және 5* жұлдызды, бренд қонақ үйлерге тоқтаған. Аты танымал қонақ үйлерді әдетте шетелдік қонақтар таңдайды. Айталық, 2018 жылы 587 мыңнан астам шетелдік немесе қонақ үйлерге тоқтаған кісілердің 70%-ы Қазақстандағы танымал бренд қонақ үйлерді таңдаған. Бұл туристердің таңдауындағы қисын айқын: танымал бренд – сапа кепілі ретінде қабылданады, ал әйгілі халықаралық брендтермен жұмыс істейтін қонақ үйлерге тоқтау қауіпсіздік пен қарапайым қызмет деңгейіне кепілдік береді.

Қазіргі кезде бренд қонақ үйлердің 90 пайызы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан. Ел астанасы люкс қонақ үйлердің саны бойынша көш бастап тұр. «Жекеменшікті бағалау» ЖШС сараптамалық қызметінің сәуір айында жүргізген зерттеуіндегі мәліметтер осындай. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында Marriot, Hilton, Rixos, Radisson SAS, Accor сияқты ірі қонақ үй операторларының 12 желілік қонақ үйі орналасқан. Компания зерттеуінде көрсетілгендей, бұл қонақ үйлерде  2393 номер бар, ол қаладағы бүкіл қонақ үй номерлерінің 25 пайызын құрайды. Желілік отельдердің 45 пайызы 5 жұлдызды болса, ал 4 жұлдызды және 3 жұлдызды қонақ үйлер, сәйкесінше 40 және 10 пайызды құрайды.

Сарапшылардың бағамдауынша, қазіргі кезде люкс қонақ үйлерге қаржы салғысы келетін инвесторларды көбіне 3 және 4 жұлдызды қонақ үйлердің жобасы қызықтырады. «Әзірге біз инвесторлар тарапынан 5 жұлдызды қонақ үйлерге деген қызығушылық байқап отырған жоқпыз, олар көбінесе жұлдызы аздау отельдердің жобасын таңдағанды жөн көреді. 5  жұлдызды қонақ үйлерге түрлі саммит, конференцияларда, ірі көрме өткенде ғана қонақ көп тоқтайды. Ал 3 және 4 жұлдызды қонақүйлердің бағасы біршама қолжетімді болғандықтан, ондағы бөлмелер бос тұрмайды», – деп тұжырымдайды Scot Holland|CBRE өкілдері. 

Бұндай жобаларға салынған инвестиция көлемі көбіне құпия болып қалады, ал танымал бренд атауын алған қонақ үйді бірнеше  адам иеленуі мүмкін, өйткені халыралық басқарудан гөрі арзандау түсетіндіктен, әріптестік франшиза негізінде ұйымдастырылады. Танымал қонақүйлердің Қазақстанда жұмыс істеу шарттары мен қағидаттары туралы бренд отельдердің өкілдері «Курсивпен» бөлісті. 

The Ritz-Carlton 

Қазақстанда The Ritz-Carlton люкс қонақ үйі екеу: Алматы және Нұр-Сұлтанда орналасқан. The Ritz-Carlton бренді франшиза бермейді, қонақ үйді тікелей өзі басқарады. Аталмыш отельге салынған инвестиция көлемі жарияланбады, дегенмен ашық дереккөздерден аталмыш қонақ үй негізгі бөлігі болып табылатын Esentai Park жобасына 1,5 млрд жұмсалғаны белгілі. The Ritz-Carlton желісінің Қазақстанға келуіне жеке инвесторлар себеп болған.
 
Қазіргі кезде Алматыдағы The Ritz-Carlton отелінің көрсеткіштері жаман емес, оның толымдылығы 70 пайызды құрайды. Қонақтардың 90 пайызы қызмет бабымен келсе, тек 10 пайызының басты мақсаты демалыс болған. Отель сайтында көрсетілген бағаға сүйенсек, ең қарапайым бөлме құны 100 мың теңгеден басталып, президенттік люкс бөлмелерінің бағасы 3,5 миллион теңгеге жетеді. 

«Қаржылық модель әр отельдің басымдық берген, өзі жұмыс істейтін нарығына байланысты өзгереді. Люкс сегментінде инвестицияның тікелей қайтарылымы емес, әлемдік брендтің осы қалада және белгілі бір жерде орналасуы көптеген факторларға: жылжымайтын мүлік пен жер бағасына, тұтынушылардың сенімі мен жоғары табысты қоғам өкілдерін тартуға экономикалық тұрғыда жағымды әсер етеді»,– деп атап өтті The Ritz-Carlton Almaty өкілдері.

Ал The Ritz-Carlton Astana инвесторы «Верный Капиталға» 430 миллион долларға түскен. Аталмыш брендтің Алматыдағы қонақ үйімен салыстырғанда, бұл жердегі баға біршама арзандау. Қонақ үй сайтында көрсетілген баға бойынша, ең арзан номер 77 мың теңге тұрады. 

Қонақ үй өкілдерінің айтуынша, елордалық The Ritz-Carlton ғимаратының бірнеше ерекшелігі бар. Мәселен, панорамалық терезелер бүкіл аймақтың 90%-ын табиғи күн сәулесімен қамтамасыз етеді, ал сауда үйі, Mökki мейрамханасы және SPA орталығының төбесінде үш түрлі, жеуге жарамды шөп өсіріледі. Оларды суару үшін жаңбыр суы пайдаланылады. Жаңбыр суы танкерге жиналып, онда сүзгіден өтіп, тазаланады да, содан кейін тамшылатып суару жүйесіне түседі. Бұнда өскен көкшөпті қонақүй аспазы тамаққа қосады. Қонақ үй өкілдері: «Әзірге бұл маусымдық шешім, бірақ  болашақта жылыжай салуды қолға алғымыз келеді. Шатырда тағамдық аскөктерден бөлек, түрлі гүлдер  өседі. Шатырдың әйнегінде арнайы жылыту жүйесі бар, сондықтан жауған қар тез еріп, суаруға қажетті су жиналатын танкерге түседі».

Hilton

Әлемдегі ең ірі қонақ үй корпорациясының отельдері көбіне Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Қалада түрлі деңгейдегі 3 қонақ үй жұмыс істейді: Hilton Astana, Hilton Garden Inn Astana және Hampton by Hilton. Маусым айында Алматыдағы қонақ үйі техникалық тұрғыда іске қосылды. Досмұхамедов көшесінде орналасқан Double Tree by Hilton қонақ үйі қазір қонақтарды қабылдап жатыр. 

Аталмыш нысан құрылысын «Абли-Құрылыс» компаниясы жүргізген. Инвестиция көлемі 6 миллиард теңгеден асады. Бұл жобаға мемлекет «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында субсидия бөлген. «Абли-Құрылыс» шілде айының соңында қонақ үй қызметкерлерін жұмысқа алып жатты.  

Апарт-отель YE’S

Қазақстанға аты танымал брендтер ғана емес, жаңадан құрылған желілер де келіп жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында ресейлік YE’S желісінің алғашқы қонақүйінің құрылысы басталды. Бұл – негізі 2011 жылы қаланған, бөлек қонақ үйлер тізбегі. Апарт-формат – жеке пәтерлері бар тұрғын үй кешені, оларда қонақүйге тән элементтер болады (қызмет көрсету столы, тіркеу жүйесі және т.б.). Жобаны KazCapital Invest компаниясы қаржыландыруда, салынған инвестиция көлемі шамамен $ 50 млн құрайды. Сондай-ақ, Алматыда да екінші YE`S қонақ үйі салынуы мүмкін.

Елде желілік қонақ үйлердің болуы – мемлекеттің инвестициялық тартымдылығының көрсеткіші, сондықтан билік Қазақстанда осындай қонақ үйлердің көбеюіне мүдделі. Ал инвестор үшін халықаралық брендтегі қонақ үй –төмен тәуекел, нысанды сату немесе банктік несие алуда артықшылық береді. Ақырында, желілік қонақ үйлер дағдарыс кезінде, өзгелермен салыстырғанда, біршама тұрақты екенін дәлелдеген. Оған себеп –бейілді клиенттер мен  корпоративті туристердің тарапынан болатын тұрақты және орнықты сұраныс.
 
Қазақстан қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының маркетологы Татьяна Ходоровскаяның айтуынша, қонақ үй бизнесіндегі шығынның өтелуі үшін 15-17 жыл кетеді.

«Қонақ үй – бұл ұзақ мерзімді инвестиция. Әрине, қаржы салған инвестор аз уақыттың, айталық, 5 жылдың ішінде қаржысын қайтарып алуға талпынып жатқанын байқаймыз. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес, шығынның өтемділік мерзімін ескеру қажет»,– деп түйіндейді маман.