Атырауда екі жыл қатарынан жаздыгүні жарық қайта-қайта өшіп қалып жүр. Жарықтың сөнуіне энергия өндіретін жергілікті кәсіпорын қуатының жетіспеуі және көрші облыстардағы өндірушілердің қажетті энергияны толық көлемде жеткізбеуі себеп. Электр энергиясы тапшылығының орнын толтыру үшін жергілікті билік өнеркәсіп кәсіпорындарымен келісімге келуге мәжбүр.
Жүйедегі іркіліс
Маусымда ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілген шақта, Атырау былтырғыдай жарықты өшіретін әдетіне басты.
Өңірдегі электр энергиясын негізгі тасымалдаушы және таратушы – «Атырау Жарық» АҚ баспасөзге таратқан хабарламасында «Атырау облысындағы аптап ыстыққа байланысты, электр энергиясын тұтыну көлемі күрт өсті. Негізгі өндіруші – «Атырау ЖЭО» АҚ электр энергиясын толық жеткізу режимінде жұмыс істеп тұр» деп мәлімдеді.
Компания өкілдерінің түсіндіруі бойынша, Орал-Атырау бағытындағы электр желісі Батыс Қазақстан облысынан энергия жеткізетін бөлігінің өткізгіштігі төмендетілген. Өйткені қуат 130 МВт/с деңгейіне жеткен кезде апатқа қарсы автоматтар – жүктемені автоматты түрде өшіру жүйесі іске қосылады.
Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев аймақта электр энергиясын өндіру көлемі нақты 740 МВтты құрайтынын, ал тұтыну көлемі одан 200-300 МВт артық екенін айтады. Бұл ретте, жеке электр станциялары бар және өндірістік қажеттіліктерге энергия шығаратын облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарынан көмек сұрауға тура келеді.
Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сәйкес, қазіргі кезде облыстағы бес компания электр қуатын өнеркәсіптік деңгейде өндіреді. Соның ішінде генерациясы ең жоғары, қуаттылығы 480 МВт станция Теңізшевройлға тиесілі. ТШО-ның электрстанциясы сағатына ең көбі 440 МВТ қуат өндірсе, кәсіпорынның өзі сағатына 223 МВт энергия тұтынады. Қуаттылығы жағынан екінші орында «Атырау жылу электр орталығы» АҚ тұр, бұл кәсіпорын облыс тұрғындарын жарықпен қамтамасыз етеді. Атырау ЖЭО-ның қуаттылығы 414 МВт-қа жетеді және сағатына 261 МВ энергия өндіреді. Ал үшінші ірі өндіруші «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» кәсіпорны өндіретін энергия көлемі – 330 МВт. Сондай-ақ «Атырау МӨЗ» ЖШС және «Sagat Energy» ЖШС өз қажеттіліктері үшін 26 және 9 МВт шығара алады. Алайда ТШО, НКОК және Атырау МӨЗ энергияны өздері өндіретін көлемнен артық тұтынады.
Сонымен қатар, облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта жатқан Исатай ауданының Манаш ауылында қуаты 52 МВтты құрайтын жел электр стансасы бар. Алайда Мұрат Иғалиевтің айтуынша, бұл станция толық қарқынмен жұмыс істеуге дайын емес, сондықтан сағатына 10-12 МВт қана өндіреді. Сондықтан жергілікті билік аумағында қуаты 310 МВт газ турбина электрстанциясы салынып жатқан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» өкілдерімен алдағы 2-3 жыл аймаққа жетіспейтін энергия орнын толтыруы үшін келіссөздер жүргізілуде.
Дегенмен, анда-санда энергия жеткізу туралы келісім бұзылып тұрады. Атырау облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Данияр Мұқышевтың айтуынша, биыл жазда Маңғыстау атом-энергетика комбинаты Атырауға электр энергиясын жеткізбеген, өйткені бұл уақытта Маңғыстау облысында күн күрт ысып, ол жақта да электр энергиясын тұтыну көлемі артқан.
Аптап ыстықтың салдарына Атырау ЖЭО да жоғары қуаттылықта жұмыс істей алмай тұр. «Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айвар Рахмановтың айтуынша, бүгінде кәсіпорын халықты қыс мезгілінде – 325 МВт/с, жазда – 275 МВт /с электр энергиясымен қамтамасыз ете алады.
«Қыста турбинаны салқындататын су температурасы төмен болады, сондықтан біз энергияны көбірек өндіре аламыз. Ал жазда су температурасы көтерілетіндіктен, турбина жұмысында шектеу пайда болады», – дейді ол.
Айта кету керек, Атырау ЖЭС-і 1963 жылы пайдалануға берілген. Сол кезде оның қуаты 24 МВт еді. Кәсіпорын электр энергиясын ғана емес, сонымен қатар, жылу да шығарады. Өндіріс технологиясына сәйкес, ЖЭО Перетаска каналынан (Оралдың бір тармағы) су алып, оны арнайы қазандықта бу күйіне дейін қыздырады. Әрі қарай, бұл бу құбыр арқылы турбиналарға түсіп, электр энергиясын өндіруі үшін оларды айналдырады. Қыста будың бір бөлігі қаланы жылытуға жұмсалса, ал қалған бөлігі буды конденсатқа айналдыратын салқындату жүйесінен өтіп, қазандық агрегатына оралады.
Ал жаздыгүні қаланы жылытудың қажеті жоқ, сондықтан шыққан бу толығымен салқындамай жатып, қайтадан қазандыққа түседі. Оның үстіне, салқындату жүйесіне сырттан құйылатын су күннің ыстығында 30 градусқа дейін жылып кетеді, ал оның температурасы 20 градустан аспауы шарт.
«Бұндай температурада бу конденсатқа айналып үлгермейді. Нәтижесінде турбиналар толық қуатымен жұмыс істей алмайды», – деп түсіндіреді Айвар Рахманов.
Конденсатор өнімділігінің төмендігінен қыстыгүні 60 МВт өндіретін турбина жазда тек 30 МВт энергия шығара алады.
Бұл мәселені өзен суын салқындату арқылы шешуге болар еді. Кәсіпорын басшылары осы түйткілді түрлі жобалық институттармен талқылаған болатын. Мәселен, украин жобалаушылары бұл еш нәтиже бермейтін тірлік деп тұжырымдаған.
Өйткені қажетті суды салқындатуға кететін энергия станция өндіретін қуатқа тең болмақ. Десе де, ЖЭО басшылығы бұл түйткілдің шешімін табу ниетінен бас тартпақ емес. Қазіргі кезде «ҚазНИПИЭнергопром» институтымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Институт мамандары Оралдан алынатын су температурасын төмендететін технология ойлап табуға уәде берген.
Дегенмен, энергия тапшылығын жойып, электр энергиясын өндіруді арттыратын басты шара – қуаттылығы 60 МВт болатын жаңа газ турбина қондырғысын орнату және қуаттылығы 65 МВт тағы бір турбогрегаттың іске қосылуы.
«Газ турбина қондырғысын жыл соңында іске қоспақпыз, ал бу турбинасы келер жылдың соңынан жұмыс істейді», – деп уәде берді АЖЭО басшысы.
Жалпы алғанда, кәсіпорын жыл бойы Оралдан 80 млн м3 су алса, 60 млн м3 суды кері қайтарады. Сондай-ақ, ЖЭО жылына 900 миллион м3 газ тұтынады. Газбен жабдықтауда қиындық туындаған жағдайда пайдаланылатын 5,8 мың тонна мазут қосалқы отын ретінде резервуарда сақтаулы.
Соңғы 10 жылда АЖЭО 4 қазандық пен 4 турбинаны іске қосып, бірнешеуін қайта жаңғыртты, бұл оның қуаттылығын 199 МВт /с арттыруға мүмкіндік берді. Кәсіпорын бұл іске жалпы көлемі 41 млрд теңгеден астам қаражат салды.
Алайда қала мен облыс халқының саны артып, өнеркәсіптің дамуына байланысты, электр қуатын тұтыну көлемі де күн санап артып келеді. Оның үстіне аймақта жаздағы ауа температурасының көтерілуі байқалады.
«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының «Курсивке» берген мәліметі бойынша, соңғы бес жылда жаздыгүні Атырау қаласы мен облыстағы ең жоғары ауа температурасы 40…+45°С жеткен. 2018 жылы ең жоғары температура Құрманғазы ауданында тіркеліп, Цельций бағаны бойынша + 44,8 градусқа көтеріліпті. Күннің ыстығын есепке алсақ, суды салқындату мәселесі келер жылы да Атырау ЖЭО-ның бас ауруына айналуы мүмкін.