«КПМГ Аудит» «АлмаТел Қазақстан» АҚ-ның («Алма-ТВ» сауда белгісі) 2018 жылғы шоғырландырылған қаржылық есеп-қисабы туралы теріс пікір білдірді. Аудиторлық есеп 3 қыркүйек күні Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған.
Аудиторлық қорытындыға сүйенсек, ұсынылған қаржылық есеп «АлмаТел Қазақстан» тобындағы компаниялардың 2017 жылдың 31 желтоқсаны мен 2018 жылдың 31 желтоқсан аралығындағы шоғырландырылған қаржылық жағдайын, сондай-ақ осы уақыттағы қаржы көрсеткіштері мен бір жылдық қаржы айналымы туралы толық және нақты ақпарат бермейді. Осылайша аудиторлар компанияның есеп-қисабы халықаралық қаржылық есеп стандарттарына сай емес деп тұжырымдаған.
Аудиторлардың мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, «Алма-ТВ» негізгі қаражатының нақты құны оның балама құнынан айтарлықтай айырмашылығы болып, 24,37 млрд теңгені көрсеткен. Бұндай көрсеткіштер қалыптасса, ХҚЕС компания басшылығынан негізгі қаражатты қайта бағалауды талап етеді. Алайда компания қайта бағалау жүргізбеген.
Сондай-ақ, 2018 жылғы трансляцияның 3,454 млрд теңге көлеміндегі шығыны мен 2,211 млрд теңге қарызына қатысты нақты дәлел табылмаған.
Сонымен қатар, «КПМГ Аудит» қорытындысында, оларға дейінгі аудиторлар 2017 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша, «Алма-ТВ»-ның жалғыз акционері ретінде көрсетілген жеге тұлға, расында осы компанияның ақырғы иесі екенін растайтын жеткілікті дәлел таба алмағанын жазған.
«Алма-ТВ» аудитін 2017 жылы Almir Consulting жүргізген. Сол жылғы қаржы есептілігі жазбаларында 2017 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, «Алма-ТВ»-ның жалғыз акционері Т.В.Пак екені көрсетілген. («Asset Invest» ЖШС арқылы басқарған). Осы ақпаратқа қатысты Almir Consulting компаниясының берген ескертпесі мынандай: «Аталған жеке тұлға компания тобы қызметін бақылайды деген нақты ақпарат жоқ. Бұл халықаралық қаржылық есеп стандарттарының бұзылуы деп ойлаймыз». Ал бір жыл бұрын компания «Ордабасы Комьюникейшенс» ЖШС арқылы Д.Никитин мен Е.Әбдірахмановқа тиесілі болған.
2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, «АлмаТел Қазақстан» компаниясы акцияларының 80 пайызын «DSFK» ЖШС иеленген (ақырғы иесі – жергілікті Forbes тізіміне кіретін Владимир Ким), ал қалған бөлігі Asset Invest-тің қолында. DSFK – RBK Bank (банк те Владимир Кимге тиесілі) активтерінің бір бөлігі берілген, қарызды өндірумен айналысатын қаржылық компания.
«КПМГ Аудиттің» қорытындысы бойынша, 2018 жылдың 31 желтоқсанында «Алма-ТВ» компаниясының қысқа мерзімді міндеттемелері оның қысқа мерзімді активінен 4,1 млрд теңгеге асып кеткен. Оған қоса, көрсетілген датада 914 млн теңге көлеміндегі міндеттеменің мерзімі өтіп кеткені байқалады.
Сонымен қатар, аудиторлар компанияның ақшалай қаржысы мен олардың баламасын банк берген көшірмелер арқылы салыстыра келе, компания тобы қаржыдан қыжалат көріп отырмағанын анықтаған. Тағы бір айта кететін жайт, аудитордар «Алма-ТВ» иесі – DSFK компаниясы ол өз міндеттемелерін орындай алмай жатса, қаржылай көмек беруге әзір екенін білдірген хат алған.
«АлмаТел Қазақстан» («Алма-ТВ» сауда белгісі) – еліміздегі ірі кабельдік операторлардың бірі. Ол 1994 жылы қазақ-американ бірлескен кәсіпорны ретінде ашылған. Кейінірек компания толығымен қазақстандық кәсіпкерлердің бақылауына өтті. «Алма-ТВ» республикамыздың 20 қаласында жұмыс істейді. Аналогтық және цифрлық телехабар таратумен қатар, интернет-провайдер қызметін ұсынады.
2018 жылдың маусымында Алматы экономикалық соты «АлмаТел Қазақстан» АҚ-ның сол кездегі жалғыз акционері «Asset Invest» ЖШС-ін банкрот деп таныды. Бірнеше ай өткен соң Алматы қалалық соты да бұл шешімді қолдады. Сол кезде Asset Invest-ті басқарған және RBK Bank-тен қаражат жымқыру ісі бойынша тергеу изоляторында жатқан Татьяна Пак апелляцияға беруден бас тартып, тергеу изоляторынан үй қамаққа ауыстырылады.
«Алма ТВ» компаниясының бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев та осы іс бойынша тергелген.
2018 жылдың желтоқсанында компанияның 80 пайыз үлесін қазақстандық бизнесмен Владимир Кимге қарасты компания (DSFK) иеленген.