Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй неге қымбаттап барады?

Жарияланды
Мән-жайын «Курсив» тілшісі анықтап көрді

Қазақстанның облыстары арасында  Петропавлда биыл тұрғын үй қатты қымбаттады. Қаңтар-шілде аралығында үйдің бағасы 7%-ға өскен. Жергілікті билік бұл мәселені аймақтағы құрылыс индустриясының нашар дамуы және шикізат қорының жоқтығымен байланыстырады. 

Сұраныс жоғары болған сайын, баға да қымбаттайды

Әдетте Петропавлда жылына бір немесе екі коммерциялық  үй салынады. Ал мемлекеттік тапсырыс аясында биыл жалпы аумағы 230 мың шаршы метр немесе  2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек. Ал 2018 жылы 218 мың ш.м. құраған. Облыс орталығында коммерциялық тұрғын үй құрылысымен бір ғана ірі компания айналысады. Ол – «Foundation» ЖШС.

Петропавлдағы құрылыс жұмыстарының көпшілігі мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылады. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, оның басты себебі – солтүстік аймақта құрылыс өте қымбатқа түседі. Оған әсер ететін тағы бір фактор – барлық қажетті материалдардың сырттан әкелінуі. Сондықтан жеке құрылысы компанияларын бұл аса қызықтырмайды. 

Солтүстік Қазақстан облысы құрылысшылар қауымдастығының мәліметіне сүйенсек,  материалдардың едәуір бөлігі, оның ішінде қиыршық тас пен кірпіш бар, көршілес Ақмола облысынан әкелінеді екен. Ол жақта құмның өзі Солтүстік Қазақстаннан бес есе арзан. Көрші облыста  үлкен кірпіш зауыты бар, темірбетон конструкциялары мен блок шығаратын кәсіпорын орналасқан. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Қостанай және Ресейден кірпіш, шағыл, шатыр тасымалданады.

«Бізде тұрғын үйдің шаршы метрі неліктен сонша қымбат? Неліктен жеке компаниялар  коммерциялық үй салуға құлықсыз? Өйткені кірпіш, цемент және тіпті қиыршық тастың 90 пайызын сырттан әкелуге тура келеді. Енді тек құм тасу ғана қалды! Шатырға қажетті материал ол да жоқ. Біздің облыста құрылыс саласы мүлдем дамымаған», – деді жақында өткен жиында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Бұл пікірмен құрылыс бизнесінің өкілдері де келіседі. Мәселен, Петропавлдағы «Единство» компаниясы темірбетон бұйымдарын шығарады. Алайда, шығаратын өнім көлемі көп емес.  Жергілікті шикізаттың жетіспеуі салдарынан кәсіпорын  өзінің нақты өндірістік қуатының 10% -ын ғана пайдаланып отыр. 

«Біз инертті материалдары өте қымбатқа түсетін Қазақстандағы жалғыз компания шығармыз. Өйткені, біріншіден, бізде цемент зауыты жоқ. Екіншіден, қиыршық тас алатын ең жақын жер қаладан 200 км қашықтықта орналасқан. Бұл оның өзіндік құнын арттырады», – дейді «Единство»ЖШС директоры Андрей Титов.

Бұл шығындардың үстіне кейбір темірбетон сатып алушылардың сенімсіздігі келіп қосылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында үй салатын құрылыс компанияларының кейбірі үйлері бітіп, тұрғындары кіріп қойса да, бетонның ақшасын төлемеген. Компания басшысының айтуынша, олардың фирма алдындағы қарызы 300  млн теңгеге жеткен.

Айтпақшы, СҚО-да кірпіш зауыты бар. Дәлірек айтқанда, ол өз жұмысын биыл сәуір айынан бастады, сондықтан енді-енді қарқын алып жатыр. Негізінде бұл кәсіпорынның іске қосылуы – зауытты қайта жандандырудағы кезекті бір талпыныс.

2009 жылы бұл шаруа нәтижесіз болған еді, енді шымкенттік инвесторлар өндірісті қайта қолға алды. Зауыт іске қосылғалы мұнда 700 мыңға жуық кірпіш өндірілген. Жергілікті өнімнің бір данасы 50 теңге тұрады. Басқа аймақтарда да кірпіш дәл осы бағада сатылады.

Сондай-ақ оқыңыз