Ислам инвестициясын тартудың жолы қандай?
Әлемдік нарықта мұсылман инвесторларының танымалдығы артып келеді. Азия мен Таяу Шығыс елдерінің өкілдері халықаралық нарыққа инвестиция салуға тұрарлық, болашағы бар жобаларды іздеп шығады. Осы ретте исламдық қаржыландыру жөніндегі ресейлік сарапшылар қауымдастығының жауапты хатшысы Мадина Калимуллина жобаға инвестор тарту туралы ақыл-кеңесін айтты.
Салалық шектеулерді ескеріңіз
«Ислам инвестициясы» деген терминді көпшілік Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден келетін қаржы деп түсінеді. 1970 жылға дейін бұл нарықтың батыс қаржы нарығынан аса айырмашылығы жоқ еді, тек ислам банкі мен өзге де қаржы ұйымдарының дамуы арқасында көпшілікке тез танылған жаңа бағыттар пайда болды.
Тікелей және венчурлік инвестицияның банк несиесінен айырмашылығы, ол табыс пен тәуекелді бөлу тұрғысында шариғат заңдарына қайшы келмейді. Алайда инвесторлар салалық шектеуді қатаң сақтайды. Ислам инвесторы адам мен қоғамға зиян келтіретін салаларға ешқашан қаржы құймайды. (Оған арақ-шарап, темекі өндірісі ғана емес, ойын-сауық, музыка индустриясы, кино мен жарнаманың басым бөлігі кіреді). Шариғат заңы бойынша, тыйым салынған салалардан титтей де пайда көруге болмайды. Тек кейбір жағдайларда ғана инвестор табысының 5 пайызынан аспайтын үлесті иеленуіне рұқсат етіледі.
Шариғи тексерістен өтуге дайын болыңыз
Ислам мемлекеттеріндегі венчурлік және инвестициялық қорлардың өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың әрқайсында кез-келген жобаға инвестиция құяр алдында тексерістен өткізетін арнайы шариғи кеңес немесе сырттан шақырылған сарапшылар жұмыс істейді. Бұндай бақылау ислам инвесторымен әріптестіктің бүкіл кезеңінде жүреді. Шариғат комитетінің басты мақсаты – дінмен тыйым салынған салалардан табыс түскен жағдайда шұғыл шешім шығару.
Кәсіби инвесторларды іздеңіз
Мұсылман инвестор, кез келген өзге инвесторлар секілді, тәуекелге деген көзқарасы мен қай салаға басымдық беретініне байланысты түрлі инвестициялық стратегия таңдауы мүмкін. Әдетте, тәуекелі жоғары жобаларға кәсіби инвесторлар қаржы құйғанды жөн көреді. Ал ислам нарығындағы инвесторлардың көпшілігі тұрақты, болжамды табыс әкелетін жобаларды ұнатады. Мәселен, сукук нарығын алып қарасақ, осы құрал арқылы қаржы негізінен құрылыс, әуе тасымалы, логистика сынды ірі бизнеске тартылатынын байқауға болады. Дегенмен соңғы жылдары шағын және орта бизнес саласында қаржыландырылған жобалар шығып жатыр. Бірқатар Еуропа елдерінде ислам инвестициялық қорлары құрылды. Олар жергілікті жобаларға, тіпті стартаптарға да белсенді түрде қаржы салып жатқанымен, тәуекелі жоғары инвестицияның үлесі әлі де төмен.
Мәдени ерекшелігін зерттеңіз немесе кәсіби маман жалдаңыз
Батыс және шығыс халқының менталитеті мен мәдениетіндегі айырмашылық – жеке монографияға жүк боларлық тақырып. Алайда оған алдын-ала дайындықсыз баруға болмайды. Соның ішінде іскерлік кездесу уақыты мен кездесу өтетін орынға да ерекше мән берген жөн. Мәселен, жұма – барлық мұсылман елдерінде демалыс, мекере күні. Егер кездесуді мейрамханада өткізуді жоспарласаңыз, дастархан арақ-шарапсыз, жейтін асыңыз халал болуы шарт. Міндетті түрде іскери дресс-кодты сақтаңыз (бұл әсіресе әйел адамдарға қатысты), өзіңіз немесе жоба туралы айтқанда асыра сілтемеңіз, кез келген ақпарат фактімен дәлелденуі тиіс.
Егер қандай да бір қате жіберуден қорықсаңыз, жергілікті менталитет пен ішкі нарықты жетік білетін кәсіби «жолсерік» жалдауға болады. Өкінішке қарай, ислам нарығына шығар кезде тіпті ірі компиялардың өзі «балалық қателік» жіберетін жағдайлар Ресейде аз кездеспейді. Мәселен, халал өнім шығару жобасын ислам әлемінде қатаң тыйым салынған өнімдерге қолданатын компанияның ортақ брендімен ұсыну қисынсыз. Мұндай өнімдерді кем дегенде бөлек-бөлек таныстыру керек.
Дау-жанжалды шешу жолын нақтылаңыз
ТМД секілді, араб әлемінде де нарық өкілдерінің арасында әр түрлісі кездеседі. Ірі келісім-шарт жасамас бұрын, шағын келісімге қол қойып, болашақ серіктесіңіздің өз міндеттемелерін қалай орындайтынын тексеріп көріңіз (сонымен қатар өзіңіз туралы жағымды пікір қалыптастыруға тырысыңыз). Дау туындаған жағдайда оның қалай: қандай құқық қолданылатыны, арбитраж орны, сот немесе медиатор арқылы шешілетіні –бәрі келісім-шартта жазылғаны дұрыс.
Инвесторды арнайы алаңдардан іздеңіз
Краудинвестмент және краудфандинг алаңдарында ислам инвесторларының назарын аудару оңай. Егер сіздің жобаңыз бұл сервистерге сай келмесе, сіз түратын жерде өкілдігі бар инвестициялық қорларды мұқият зерттеңіз. Сіздің нарық туралы ештеңе білмейтін инвестор тартудан гөрі, осы аймақта жұмыс істеп жатқан қор немесе инвестициялық компаниямен ынтымақтастық орнату әлдеқайда жеңіл.
Сондай-ақ жобаны ислам әлеміндегі ірі инвестициялық алаңдарда таныстырған нәтижелі болмақ. Биыл ТМД елдерінен шыққан жобаларды жүзеге асыру үшін ислам инвесторларымен Самарада 3-5 қазан аралығында өтетін Volga Investment Summit & World Halal Day шарасында кездескен ыңғайлы. Ресейде алғаш рет өтетін World Halal Day шарасында әлемнің ондаған елдерінен келетін жүздеген сарапшылардың басы қосылады.
Таяу Шығыстан шыққан стартаптардың үштігі:
- Souq.com –Араб әлеміндегі ең ірі электронды коммерция алаңы. Жоба 2005 жылы бастау алып, 2017 жылы 580 млн долларға сатылған. Souq.com биыл 1 мамырдан Amazon.ae деген атпен жұмыс істей бастады.
- Careem – Таяу Шығыстағы ең танымал райдшеринг жобасы. Стартаптың негізін 2012 жылы Мудасир Шейх, Магнус Олссон және Абдулла Элиас есімді азаматтар қалаған. Жеті жыл ішінде бұл сервис Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Пәкістан мен Түркияның 98 қаласын қамтып үлгерді. Биыл наурызда оны Uber 3,1 миллиард долларға сатып алды.
- Fetchr – дамушы елдерге тауар жеткізетін сервис. GPS қосымшасының көмегімен сәлемдемені белгіленген мекен-жай емес, координаттар бойынша жеткізеді. 2019 жылы жоба $41 млн инвестиция тартты.