Қазақстан инвесторлардан миллиард сұрап отыр

Жарияланды
Үкіметтің ҚПО-ға қаржылық талабы бар

Bloomberg агенттігі белгісіз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, Қазақстан Үкіметі «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (ҚПО) халықаралық консорциумы құрылтайшыларынан 1 млрд доллар көлемінде қаржы талап етіп отырғанын хабарлады. 

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» – Қарашығанақ кен орнында  1997 жылдан бері соңғы өнімді бөлісу келісімі негізінде жұмыс істейтін  халықаралық консорциум (оның акционерлері: Eni – 29,25%, RoyalDutchShellPlc – 29,25%, Chevron – 18, «Лукойл» – 13,5% және «ҚазМунайГаз» – 10%). Кейінгі кезде өнім бөлісу келісім жүйесі осы шарт қолданылатын елдерде қоғам сынына ұшырап жұр. ӨБК үлгісі бойынша мұнай-газ келісімдерін трансұлттық компаниялар  көбінесе мұнай қорына бай, бірақ оны  өздігінен игеруге қаржысы жоқ үшінші әлем елдерінің үкіметімен жасаған. 

Бөлшектейтін жүйе 

ӨБК тетігінің мәні  – инвестор жобаға қажетті инвестиция құяды да, содан кейін өндірілген мұнайды сату есебінен кеткен қаражатын ақырындап қайтарып алады. Кеткен шығынын толық өтегенше инвестор шикізаттың 80 пайызына дейін ала алады, содан кейін таза пайда түсе бастаған кезде, теңгерім өзгеріп, инвесторға 30-20 пайызы тиесілі болса, қалған бөлігін мемлекет өзі иеленеді.
 
2011 жылдың жазында сол кезде  ҚР Мұнай және газ министрі болған Сауат Мыңбаев мемлекет пен ҚПО консорциумы арасындағы қатынасты былай түсіндірген еді: 

«Мәселен 100 пайыз түсімнің 60 пайызы – costoil деп аталады,  ол кеткен шығынды жабуға жұмсалса, қалған 40 пайызы табыс әкелетін шикізат ретінде қарастырылып, кірген кіріс салық салынғаннан кейін, жобаның кезеңіне байланысты түрлі пропорцияда бөлінеді.  20%-дан 80%-ға дейін мемлекет пайдасына, сәйкесінше, 80%-дан 20%-ға дейін –консорциум пайдасына бөлінуі мүмкін. Ол енгізілген триггерлерге, яғни жекелеген индикаторлардың шекті мәніне тәуелді. Қазір Қазақстан мұнайдан түскен табыстың 20 пайызын иеленеді. Оның едәуір бөлігі салыққа жұмсалады».

Жалпы, ӨБК жүйесі аса жаман да емес, алайда түйткілдің бәрі майда-шүйде мәселеде жатыр. Мемлекет тарапынан қатаң бақылау болмаса, инвестор өз шығынын «көпіртіп» жіберуі әбден мүмкін, өйткені оның шығыны өскен сайын, мұнайды да молынан алады. Осы ретте ӨБК тарихына көз салсақ, Қазақстанда да, Ресейде де қажетті құрал-жабдық пен қызметті қымбат сатып алу, топ-менеджерлердің жеке ұшақпен ұшқан қымбат іссапарларын, корпоративтер мен бағалы сыйлықтарды өтелетін шығын қатарына қосқан жағдайлар аз емес. Тіпті бір компания шетелден іссапарға жіберілген қызметкерлер үшін сатып алынған контрацептивтерді өтелетін шығын қатарына қосып қойған. Айта кетейік, Ресейде де, Қазақстанда да 2000-жылдардың басында ӨБК жүйесі бойынша келісім-шарт жасауға заңнамалық негізде тыйым салынған, қазіргі кезде қолданып жүрген құжаттардың барлығы  ХХ ғасырдың 90-жылдарында қол қойылған келісімдер.

20 жылдан кейін 

Қазақстан Үкіметінің миллиард долларлық талабы ҚПО консорциумы өтелетін шығынын дұрыс есептемеген деген шағымға негізделген. Құзыретті органның айтуынша, миллиард доллар –  консорциум акционерлерінің Қарашығанақ мұнайы мен сұйық газын сатудан түскен табыстан Қазақстанға  толық төлемеген қаржысы. 4 жыл бұрын үкімет ҚПО акционерлеріне дәл осындай талап қойған-тұғын, алайда ол кезде қайтарылуы тиіс қаржы екі есе көп, $2 млрд долларға жетеғабыл еді. 

«Бұл табысты есептеу әдістемесінің кемшілігі: «өтемдік мұнай» дегеніміз не, ал «табыс мұнайына» нені жатқызамыз? Біздің бұл мәселе туралы түсінігіміз әртүрлі»,– деп мәлімдеген еді сол кездегі Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.  Қазақстан үкіметі «әділдік индексін» есептеудің жаңа әдісін тапқысы келетінін, бұл  Қазақстанның болашақта мұнайдан түсетін табыстағы үлесін арттырып, сондай-ақ, өткен жылдары жоғалтқан кірісін қайтаруға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Егер келісімге қол жеткізілмесе Қанат Бозымбаев халықаралық арбитражға жүгінуге және бұл ақшаны сот арқылы өндіріп алуға уәде берген еді. 

Келіссөз 3 жылға жуық жүрді. Нәтижесінде консорциум мәселені бейбіт жолмен шешкенді жөн көрді. 2018 жылдың 1 қазанында ҚР Үкіметі мен Қарашығанақ жобасының акционерлері «әділдік индексі» бойынша туындаған дауды реттеудің негізгі шарттарын бекіткен «Принцип туралы келісімге» қол қойды.
 
Аталмыш құжат аясында келесі келісімдерге қол жеткізілді: 

  1. Консорциум $1,111 көлеміндегі өтемақыны Қазақстанға 3 бөліп төлейді: 2019 жылы – $400 млн, 2020 жылы – $500 млн және 2021 жылы – $211 млн. Бұл қаражаттың бәрі Ұлттық қорға түседі. 
  2. Өнім бөлу жүйесіне өзгерістер енгізіледі, соның нәтижесінде жобадан елімізге 2037 жылға дейін мұнай бағасы барреліне $80 доллар болған жағдайда, $415 млн көлемінде қосымша кіріс түседі. 
  3. Консорциум Қазақстанға инфрақұрылым жобасын салу үшін 10 жыл мерзімге $1 млрд көлемінде ұзақ мерзімді қарыз береді немесе шамамен $200 млн сомаға қарыздың баламалы құнын (Қазақстан қарыздан бас тартқан жағдайда) төлейді.

Энергетика министрлігінің хабарламасында аталмыш келісімнің республика үшін ақшалай жиынтық құны $1,7 млрд құрайды, соның ішінде шамамен 1,3 млрд долларды мемлекет таяу жылдары алады деп хабарланған.

Консорциум қаржы міндеттемелерімен қатар, болашақта Қарашығанақты дамыту үшін маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды өз мойнына алу туралы келісімге қол жеткізілді. Салынатын инвестиция көлемі шамамен $5 миллиардқа бағаланған. Осы жобалар жүзеге асырылған соң, 2037 жылға дейін республика қосымша кірісінің өсімі шамамен $ 23,5 млрд-қа жетуі мүмкін. Дәл сол күндері жоба серіктестері Қарашығанақ өңдеу кешеніндегі газ өндірістік шектеулерді алып тастау жобасын (СПОГ жобасы) санкциялау туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеді.

+ $1 млрд

Егер Bloomberg агенттігі дереккөзінің ақпаратына сүйексек, ҚР Үкіметі жыл өтпей жатып, 1 миллиард доллар көлеміндегі кіріс туралы мәселені қайта қозғаған. «Курсивтің» «осыдан 4 жыл бұрын қойылған талапта Қазақстан үлесін есепшілер қате есептеген бе» деген сауалына Энергетика министрлігі номер тапсырылғанға дейін жауап бермеді. 

2014 жылы «консорциум инвесторлары салған инвестициясын толық өтеп, енді Қарашығақтан табыс тауып жатыр» деп ресми түрде хабарланғанын еске сала кетейік. Қарашығанақты 2038 жылға  дейін дамыту шарттарын өнім бөлу келісімі анықтайды.

Сондай-ақ оқыңыз