Қазақстандықтар ақпараттық қауіпсіздікке салғырт қарайды
«Кселл» АҚ атқарушы директоры Каспарс Кукелис жеке деректерінің қауіпсіздігіне салғырт қарайтын және оны кім көрінгенге бере салатын қолданушыларға ешқандай орган көмектесе алмайды деген сенімде.
«Киберқауіпсіздік және киберқылмыс: ХХІ ғасыр сын-тегеуріні» атты жиын барысында сарапшы: «Киберқауіпсіздік мәселесі білім саласымен тығыз байланысты, өйткені сіз құпиясөз ретінде 12345 сандарын немесе өз атын, сол сияқты басқа атауларды белгілеп, жеке мәліметтеріңіздің бәрін жазсаңыз, онда сізге ешқандай мемлекеттік, құқық қорғау және т.б. органдар көмектесе алмайды. Кибер бұзуға көбіне пайдаланушылардың бұл мәселеге өте салғырт қарауы немесе жеке деректерді жүйе әкімшісіне қалтқысыз сеніп тапсыруы секілді фишинг себеп», – деп мәлімдеді.
Ірі компаниялар мен банктер қауіпсіздікті қамтамасыз етуге орасан инвестиция салғанымен, пайдаланушылардың тұтынушылық әдеттеріне қатысты тұсы әрдайым ақсап тұрады.
«Осы ретте білім саласы осы қауіпті ескеріп, оқу уақытының бір бөлігін көркем жазуға емес… дәл осы киберқауіпсіздік мәселесін оқытуға арнаса керемет болар еді», – деп пайымдайды Касперс Кукелис.
Өйткені ұялы байланыс компаниялары, банктер секілді, ақпараттық қауіпсіздік мәселесімен сәт сайын бетпе-бет келеді.
«Адамдардың телефон арқылы төлем жасау, пайдаланушыны тіркеу сынды өзге де цифрлық трансакциялық шаруаларының, шамамен, үштен бір бөлігі байланыс операторлары арқылы өтеді»,– деп түйіндейді Каспарс Кукелис.