Трамп Түркияға салынған санкциялардың күшін жойды
АҚШ Президенті Дональд Трамп сәрсенбіде Сирияда жүргізген операцияларға жауап ретінде Түркияға салынған барлық санкциялардың күшін жою жөнінде нұсқау бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Интерфакс.
«Түркияның операцияларына жауап ретінде мен қаржы министріне 14-қазанда енгізілген барлық санкциялардың күшін жою жөнінде нұсқау бердім», – деді ол.
Атап айтарлығы, АҚШ-тың Қаржы министрлігі санкциялардың күші жойылғаны туралы хабарлама жариялады. АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялар салу саласындағы құқық қолдануға жауап беретін OFAC (Office of Foreign Assets Control) бөлімшесі Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акарға, энергетика министрі Фатих Донмезға және ішкі істер министрлігінің басшысы Сүлейман Сойлуға салынған санкциялар күшін жойғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, АҚШ Түркияның Қорғаныс және Энергетика министрліктеріне салынған санкциялардың да күшін жойды.
Естеріңізге салсақ, Түркияның Қарулы күштері 9-қазанда Сирияның солтүстігінде әскери операцияны бастаған болатын, оның басты мақсаты – шекара аудандарындағы күрд жасақтарын ығыстыру. АҚШ бұл операцияны сын тезіне алған еді.
Өткен бейсенбіде Түркия АҚШ-пен келісімге отырды, оған сәйкес Анкара күрд жасақтарына қарсы әскери әрекеттерді тоқтатты. Ал күрдтер, өз кезегінде, жасақтарын қауіпсіздік аумағынан шығаруға міндеттелді.
Өткен аптаның соңында Пентагон басшысы Марк Эспер АҚШ президенті түрік армиясы мен күрд отрядтары арасындағы қақтығысқа араласуға жол бермеу үшін америкалық барлық әскери күштерді Сирияның солтүстігінен шығару жөнінде нүсқау бергенін мәлімдеді.
Одан кейін, Трамп Түркияның қорғаныс және энергетика министрліктеріне қарсы санкциялар енгізген жарлыққа қол қойды. Бұдан тыс, санкция тізіміне Түркияның қорғаныс министрі, ішкі істер министрлігінің басшысы және энергетика министрі қосылды. Сондай-ақ Трамп болатқа салынатын тарифті Түркия үшін 50% арттыру туралы шешім қабылдады.