Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Алматыда өткен брифинг барысында «халықтың табысының артуы оның тұтынушылық сұранысын кеңейтті» деп мәлімдеді.
«Тауар мен қызмет түрлеріне деген тұтынушылық сұраныс артып келеді. 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында халықтың нақты ақшалай табысы 6,7 пайызға өскен. Бұл үрдіске әлеуметтік қолдаудың артуы, жалақының өсуі және бір жылда көлемі 22,6 пайызға артқан тұтынушылық несиелеудің көбеюі ықпал етті», – деп статистикадан келтіріп өтті бас банкир.
Досаев мырза халықтың табысы іскери белсенділіктің артуы есебінен өсті деп пайымдайды. Мәселен, қаңтар-қыркүйек айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 4,7 пайызға артқан.
«Ішкі экономика тұрақты өсім көрсетіп тұр. Мәселен, құрылыс саласында –13,5%, сауда-саттықта –7,6%, көлік тасымалында –5,5%, өңдеу және тау-кен өнеркәсібінде 3,5% және 3,1% өсім байқалды»,– деп түсіндіріп өтті Ұлттық банк басшысы.