Оман сұлтандығының халықаралық мемоблигациялары (XS1944412748) Қазақстан қор биржасы (KASE) ресми тізімінің «Мемлекеттік бағалы қағаздар» бөлігіне енгізілген. Мұндай шешімді сауда алаңының басқарма басшылары қабылдады, деп хабарлайды қор биржасының ресми сайты.
Бұл бағалы қағаздардың ҚҚБ ресми тізіміне енуіне бастамашы болған – «Фридом Финанс» АҚ. Облигациялардың айналым мерзімі – 10 жыл (2019-дан 2029 жылға дейін). Жарты жылдық купонның табыстылығы – жылына 6 пайыз.
Оман облигацияларына қысқа OM_01_2908 белгісі (сауда коды) берілген.
«Аталмыш облигациялар бойынша сауда-саттық қашан басталатыны алдағы уақытта жарияланады»,– делінген KASE-нің ресми сайтында.
Оман сұлтандығы – араб түбегінің оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Халықаралық валюта қорының былтырғы дерегі бойынша, жан басына шаққандағы ІЖӨ бойынша ($47,9 мың), әлем елдерінің арасында Бельгия мен Финляндиянын ортасында, 23 орынға тұрақтаған. Оман экономикасының негізі – мұнай-газ саласы. ОЕС анықтамалығының дерегіне сүйенсек, 2017 жылы елдің жалпы экспортындағы шикі мұнай, газ және мұнай өнімдерінің үлесі 65%-ды құраған. Негізгі сауда серіктестері – Қытай, Үндістан, БАӘ. Қазан айының басында Оман қазақстандықтар үшін визасыз режим енгізуді қарастырып жатқаны хабарланған.
«Фридом Финанс» АҚ – Қазақстандағы ірі брокерлердің бірі. 2019 жылғы шілдеде S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі компанияға «В-/В» деңгейінде, болжамы – «тұрақты», ұлттық шкала бойынша – «kzBB- » рейтингін берді. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бір ғана брокерлік компания халықаралық агенттіктерінің топ үштігіне кіретін агенттіктің рейтингіне ие болған.