Президент масаң күйде көлік жүргізгендерді түрмеге отырғызуды ұсынды

Жарияланды
Сонымен қатар, оларды көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев масаң күйде көлік жүргізгендер жазасын нақты мерзімге түрмеге қамауға және жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыруға дейін қатайту қажет деген пікірде, деп хабарлайды Интерфакс-Казахстан.

«Мені елімізде, оның ішінде, Алматыда жол-көлік оқиғаларының өте көп болуы мазалайды. Адамдар опат болып, түрлі жарақаттар алады. Зардап шегушілердің саны бойынша жолдағы оқыс жағдайлар басқа елдердегі әскери қақтығыстардан қалыспайды. Жол қозғалысы мәдениеті күрт төмендеп кетті. Кешенді шаралар қолданатын кез келді», – деді Тоқаев сейсенбіде Алматыда мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесіне арналған жиын барысында. 

Президент күні кеше ғана көлік құралдарын масаң, есірткі және басқа психотроптық заттарды тұтынған күйде жүргізгендердің жазасын күшейтетін заң нормаларын енгізу жөнінде тапсырма бергенін жиналғандардың есіне салды.

«Жол қозғалысы ережесін бұзушыларды, ішімдік ішіп, есірткі және басқа психотроптық заттарды тұтынып алып, саналы түрде көлік тізгіндегендерді түрмеге отырғызайық. Бұл біздің азаматтардың заңды құқықтарына қарсы бағытталған ауыр қылмыс. (…) Жасалған қылмыстың және қылықтардың ауыртпалығына қарай, оларды нақты мерзімге түрмеге отырғызу, қомақты айыппұлдар салу, көлік құралдарын тәркілеу, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру қажет. Басқаша болмайды», – деп мәлімдеді ол.

Қазіргі таңда Қазақстанда көлікті масаң күйде жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жаза 30 тәулікке дейінгі қамауға алуды және жүргізуші куәлігінен 10 жылға айыруды қарастырады. Атап айтарлығы, жүргізуші оның қанынан 0,5 промилледен кем мөлшердегі алкоголь табылса, сау деп танылады, ол сұрақтарға жауап беріп, өзін сабырлы ұстайды.

Сондай-ақ оқыңыз