Полицейлер мен әскерилер Алматыдағы мемлекеттік қызметкерлер арасында «мүлікке салық төлеу бойынша өз міндеттерін орындамайтындардың көшін бастап тұр» екен. Бұл туралы Алматының мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) баспасөз қызметі хабарлады.
«Мүлікке салынатын салық бойынша берешектерге жасалған сараптама статистикасы төмендегідей болып қалыптасқан: ішкі істер органдарының қызметкерлері – 289 жеке тұлға, төленбеген салықтардың жалпы сомасы –5,9 млн теңгеден астам; әскери бөлімшелердің қызметкерлері – 218 жеке тұлға, қарыз сомасы – 3 млн теңге; қаржы құрылымдарының қызметкерлері (банктер) – 67 жеке тұлға 1,6 млн теңге сомасындағы салықты төлемеген», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, салық бойынша борышкерлер қатарында басқа да мемлекеттік органдардың 61 қызметкері бар екен, олардың жалпы қарызы 925 мың соманы құрайды екен, атап айтарлығы, олардың арасында, жалпы сомасы 630 мың теңгені құрайтын салықты төлемеген жергілікті әкімдіктердің 35 қызметкері де бар екен.
МКД-дегілер мүлікке салық төлеу мерзімі 1-қазанда аяқталғанын, ал 2019 жылға көлік құралына салынатын салықты 31-желтоқсанға дейін төлеу керек екенін еске салады. Салық уақытында төленбеген жағдайда ресми қайта қаржыландырудың 1,25-еселенген мөлшеріндегі айыппұл салынады. Қазақстанда 2019 жылғы 16-шілдеде жеке тұлғаларға салық бойынша салынған айыппұлдарды жою жөніндегі салықтық рақымшылық жасау туралы заң күшіне енген еді, мемлекет басшысы бұл құжатқа 2019 жылғы 4-шілдеде қол қойған-ды.
«Салық төлеушілер мен жеке тұлғалардың назарына келесі ақпаратты жеткіземіз: елімізде жүргізіліп жатқан салық рақымшылығына сәйкес, 2019 жылғы 1-қаңтарға дейінгі салық мерзімдерінің салықтық міндеттемелері бойынша жеке тұлға негізгі қарызды өтеген жағдайда оған салынған айыппұлдардың күші жойылады», – делінген хабарламада.
Алматы қаласының мемлекеттік кірістер органдары тарапынан мемлекеттік қызметкерлердің тұрғылықты жеріне және олар жұмыс істейтін орындарға салық бойынша орын алған қарыздарды өтеу қажеттігі туралы хабарламалар жіберілді.