Қазақстанда жемқорларды мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруға тыйым салынуы мүмкін

Жарияланды
Мұндай ұсынысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы айтты

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қазақстанда ауыр және аса ауыр жемқорлық бойынша сотталғандардың  түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына тыйым салуды ұсынды. 

«Жемқорлық бойынша ауыр қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды тоқтатуды ұсынамыз», – деді Алик Шпекбаев. 

Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қолданыстағы заңдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша бірқатар өзгерістер енгізді. Олардың қатарында: егер қарамағындағы қызметкер парамен ұсталса, мемлекеттік орган басшыларының отставкаға кетуі, басшыларды қол астындағы қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүргізбегені үшін жауапқа тарту, сондай-ақ әзірленіп жатқан заң жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу бар. 

Сыбайлас жерқорлыққа қарсы агенттік, сонымен қатар, заңсыз байығандар үшін де жауапкершілік енгізуді ұсынды. 

Айта кетейік, 11-қазанда Шымкент қаласы Абай аудандық сотының бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешімі күшіне енген болатын.  Ол 2018 жылы 1,2 млрд теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқырғаны  және 346 млн теңге пара алғаны үшін сотталған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз