Алматы полициясы заңсыз айналымдағы атыс қаруын тәркілеу бойынша Медеу ауданында арнайы операцияны жүзеге асырды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Біздің назармымызға бұрын бопсалау үшін сотты болған, «Думан» мөлтек ауданында тұратын, 1992 жылы туылған Т. деген азамат ілікті. Оны құрықтау кезінде жүргізілген тексеру барысында одан пышақ,ал оның «Ауди» маркасындағы көлік құралын тінту кезінде 12-калибрдегі екі шолақ аңшы мылтығы, карабин, тегіс ұңғылы мылтық, сондай-ақ 15 патрон табылып, тәркіленді. Барлық тәркіленген қару сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді», – деді Алматы қаласы Полиция департаменті (ПД) Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жанболат Зиадин.
Оның айтуынша, сараптама нәтижесі бойынша қарудың шығу тегі, оның кімге тиесілі екені және қандай да бір қылмыстарды жасау кезінде оның қолданылғандығы туралы сұрақтарға жауап беріледі.
«Аталмыш факті бойынша Алматы қаласы полициясы департаментінің Тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3 тармағы бойынша тергеу амалдарын жүзеге асырып жатыр. Күдікті уақытша ұстау абақытысына қамалды», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.