Өзбекстанның саяси партиялары елдің премьер-министрі лауазымына өз үміткерлерін ұсынды.Үміткерлер арасында қазіргі үкіметбасы мен оның министрлер кабинетіндегі әріптестері де бар.
22-желтоқсанда Өзбекстанда олий мәжілістің заңгерлер палатасының сайлауы өтеді. Сайлау науқанына бес партия қатысады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елдің премьер-министрі болып, ең көп дауыс жинаған саяси партияның өкілі тағайындалады. Ұсынылған үміткерді республика президенті қарастырғаннан кейін, үкімет төрағасы лауазымына үміткерді олий мәжіліс депутаттары бекітеді.
Сайлау қарсаңында «Адолат» (Әділет) партиясы өзі жеңіске жеткен жағдайда премьер-министр лауазымына партия атынан қазіргі әділет министрі Русланбек Давлетовтың ұсынылатынын мәлімдеді. Өзбекстанның Халықтық-демократиялық партиясы премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі Ачилбай Раматовты қолдайды.
Экологиялық партия үш үміткер ұсынып отыр, олар – «Узкимёсаноат» (Өзхимөнеркәсіп) басшысы Одил Темиров, «Ҳудудий электр тармоқлари» (Аймақтық электр жүйелері) жетекшісі Улугбек Мустафоев және Аgromir group директорлар кеңесінің төрағасы Шавкат Жалолов.
«Миллий тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) партиясы өз үміткерінің атын атамауды жөн көрді. Ал Өбекстанның Либералдық-демократиялық партиясы қазіргі премьер-министр Абдулла Ариповты қолдауға ниетті, ол бұл лауазымда 2016 жылғы 14-желтоқсаннан бері қызмет атқарып келеді.