ШҚО-ның алты тұрғынынан өсімдіктердің сирек кезедесетін, жоғалып бара жатқан түрі ретінде Қызыл кітапқа енгізілген 20 қаптан астам алтын тамыр алынған. Бұл турасында ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сараптама жинаушылардан алынған қаптардағы өсімдіктің, шынымен, алтын тамыр екенін дәлелдесе, ұсталғандарға үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу» делінген 339-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғаны белгілі болды.
Алынған өсімдіктер олардың ерекше күзетілетін мәртебесін анықтау үшін сараптамаға жіберілді.