Нұр-Сұлтан қаласындағы үлескерлер мәселесі 2023 жылы шешіледі

Жарияланды
Бұл үшін қазынадан 40 млрд теңге бөлінеді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әр сақалды құрылыс бойынша атқарылатын шаруаның жоспарын бекіткен. Үлескерлердің мәселесі 2023 жылға қарай толық шешілуі тиіс. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Елорда әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев мәлімдеді. 

«Бұл нысандардың құрылысын алдағы 3-4 жылда бітіру жоспарланған. 2019 жылы 10 нысанның құрылысы бітсе, 2020 жылы –20 үй, 2021 жылы – 7 нысан, 2022 жылы – 9, 2023 жылы 4 нысанның құрылысын бітіреміз»,– деді Қайсағалиев. 

Әкім орынбасарының айтуынша, осы мақсатта Ұлттық қордан 40 млрд теңге қаржы бөлінбек. Осы жоспарды «Елорда құрылыс компаниясы» жүзеге асыруы тиіс. 

«Қазіргі кезде компания 6 млрд теңгені игерді және ағымдағы жылы тағы 14 млрд. теңгені игеруді жоспарлап отыр. Қалған 20 млрд теңге 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында игерілетін болады. Әрбір проблемалық нысан бойынша атқарылатын істің жоспары жасалып, Жол картасы бекітілген»,– деді ол. 

Бұл ретте қала әкімінің орынбасары  проблемалық нысандардың құрылысын жедел аяқтауға жауапсыз құрылыс компаниялардың үстінен қозғалған қылмыстық істер, сот шешімі бойынша зардап шеккен адамдарды анықтау, тіпті тұрғын үй-құрылыс кооперативтері мүшелерінің, үлескерлердің арасындағы дау-дамайдың кедергі келтіріп жатқанын айтып өтті. 

Оған қоса, жоба-сметалық құжаттардың да толық болмауы құрылыс қарқынына кедергі келтіріп тұр. Өйткені спикердің айтуынша, көптеген үйлер ешбір құжатсыз салына берген.

Сондай-ақ оқыңыз