Жаңалықтар

Мемлекетке 2 млрд теңге залал келтірген қазақстандық Ресейден өз еліне депортацияланды

Ол 2016 жылдан бері іздеуде болған

Калининград облысында өз елінде бір қатар экономикалық қылмыстар жасап, мемлекетке жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам залал келтіргені үшін іздеу жарияланған Қазақстан азаматы құрықталды. Бұл турасында ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2016 жылдан бері мемлектаралық іздеуде болған оны 25-қазанда Калининград қаласында ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті Экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерінің көмек көрсетуімен ресейлік құқық қорғау органдарының қызметкерлері құрықтады. Ресей Федерациясының аумағында ол жалған құжаттармен тұрған», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ қазақстандықтың ҚР Қылмыстық кодесі 254-бабының 3-бөлімінде (ұйымдар тарапынан салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді өтеуден жалтару), 262-бабының 2-бөлімінде (ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оны басқару, сондай-ақ оның құрамында болу) қарастырылған экономикалық қызметтегі қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін  тергеуден бой тасалап жүргені анықталды.

«Осы тұлғаның қылмыстық әрекеттері салдарынан, мемлекетке жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам көлемдегі залал келтірілген. 9-қарашада Ресей сот органдарының шешімімен құрықталған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылу үшін Қазақстанға депортацияланды», – делінген хабарламада.