Қазан айында инфляция 5,5 пайыз деңгейінде қалыптасып, қыркүйекпен салыстырғанда, 0,2 пайызға өскен.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, жылдық инфляция регулятордың болжамына сәйкес қалыптасады. Инфляция өсіміне азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы елеулі үлес қосып жатыр. Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 9,7 пайызға қымбаттаған.
Әсіресе нан және нан өнімдері, жарма қымбаттаған, олардың бағасы 14 пайызға өссе, ет пен ет өнімдері – 13,8 пайызға, балық пен теңіз өнімдері 12,7 пайызға қымбаттаған. Одан бөлек, қазан айында көкөніс бағасы қатты көтеріліп, 7,6 пайызға қымбаттаған.
Ал азық-түлік емес тауарлардың бағасы жыл басындағы 6,4 пайыздан 5,2 пайызға дейін сәл арзандаған.
Коммуналдық тариф пен ақылы қызмет бағасы биыл 0,8 пайыз ғана өсіпті. Реттелетін қызмет түрлерінің бағасы 7,7 пайызға арзандаған.
«Инфляция өсіміне әлемдік нарықта азық-түліктің қымбаттауы, сондай-ақ, халық табысының артуы аясында ішкі нарықтағы сұраныстың кеңеюі әсер етті… Жыл соңына дейін инфляция 5,7-5,8 пайыз деңгейінде қалыптасады деп болжап отырмыз», – деді Ерболат Досаев.