Халықаралық валюта қоры: қазіргі теңге бағамы орынды

Жарияланды
Ұлттық валюта бағамы ел экономикасының негізгі көрсеткіштеріне сай

«Халықаралық валюта қоры Қазақстанның ұлттық валютасынының қазіргі курсы елдің негізгі экономикалық көрсеткіштеріне сай деп есептейді». Бұл – Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссия басшысы Марк Хортонның пікірі. 

ХВҚ-ның  биылғы есебіне арналған брифингте Хортон: 

«Біз ұлттық валютаны асыра бағалау немесе жете бағаламау белгілерін байқап отырған жоқпыз. Жалпы теңге бағамы елдің негізгі экономикалық деңгейімен сәйкес»,– деді. 

Қордың сарапшылары қазіргі теңге бағамының экономикалық көрсеткіштермен сәйкестігін саралай келе, бүгінгі валюта бағамы әділ деген қорытындыға келіпті. Миссия басшысының айтуынша, ағымдағы операциялар шотының тапшылығы да, сырттан алынған қарыз да теңдестірілген. 

«Теңге бағамы еркін болуы тиіс деген ойдамыз, ол ішкі және сыртқы кез келген факторды сезінуі керек. Бұл инфляцияны таргеттеу саясатына толығымен сай келеді», – деп атап өтті Хортон. 

Сейсенбіде өткен үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев қазан айының соңы мен 11 қараша аралығында теңге 0,2%-ға әлсірегенін,  курс  бір доллар үшін 388,74 теңге деңгейінде қалыптасқанын айтқан еді. Жыл басынан бері ұлттық валюта долларға шаққанда 1,2 пайызға арзандаған. 

Қараша басталғалы теңге бағамы  1 АҚШ доллары үшін 388,05–390,12 теңге аралығында қалыптасты. Ұлттық банк басшысы бұл ауытқуды импорт өсімімен және әлемдік шикізат нарығындағы бағаның құбылуымен түсіндірді. Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы Қазақстанда теңгелей салымдардың артып келе жатқанын айтып өтті,  Ұлттық валютадағы салымдар жыл басынан бері 6,7 пайызға өссе, валюталық депозиттердің көлемі 12,1 пайызға азайған.

Сондай-ақ оқыңыз