Он мың теңгемен қалай бизнес бастауға болады
Осыдан екі жыл бұрын Екібастұз қаласының тұрғыны Евгения Шелудько бала тәрбиелеп, үй шаруашылығымен айналысатын. Ал бүгінде ол – табысты кәсіпкер. Ойламаған жерден бизнес бастаған екібастұздық тұрғын қазіргі таңда бөдене өсіріп, оның жұмыртқасы мен етінен нәпақа тауып отыр.
Ойда жоқта басталған бизнес
«Менің алғашқы мамандығым – фельдшер. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс істеудің мүмкіндігі болмады. Кейін жергілікті колледждердің бірінде хатшы-референт мамандығы бойынша білім алуды шештім. Бір күні оқытушымыз «Startup Bolashak» республикалық байқауына қатысып, жоба жасауды тапсырды. Содан планетарий салуды ойладым (күліп). Бірақ сол кезде бұл идеяның болашағы бұлыңғыр екені мені алаңдатқан жоқ. Байқау талаптары бойынша жоба қағаз бетінде ғана емес, іс жүзінде орындалуы тиіс болғандықтан, ойымды «жерге түсіріп», құс фабрикасын ашуға қатысты жоба әзірледім», – дейді Евгения Шелудько.
Бірақ тауық өсіру туралы ойы да ұзаққа бармады. Ғаламтордағы ақпараттарды зерделеді, жергілікті нарықты талдады. Содан Екібастұзда тауық жұмыртқасы жеткілікті екенін байқап, әуелгі ойынан бас тартты. Сол тұста Ресейдің Алтай өлкесінде тұратын әкесінің аулада бірнеше бөдене ұстайтыны еске түсті. Сөйтіп, тұтынушылар тарапынан сұранысы жоғары бөдене жұмыртқасын сатуға кіріседі.
Сынақ ретінде өткен жылдың наурыз айында 10 мың теңгеге Нұр-Сұлтан қаласынан 2 мың бөдене жұмыртқасын сатып алып, Ұлыстың Ұлы күні Орталық алаңда қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынды. Тауар әп-сәтте сатылып кетті. Бұл саудадан түскен 18 мың теңгенің 10 мың теңгесіне инкубатор, қалған қаржыға 150 инкубациялық жұмыртқа сатып алды. Жеке ғимарат та, оны жалға алатын қаражат та болмағандықтан, алғашқы бөденелер екі бөлмелі пәтерінде пайда болды. Уақыт өте келе пәтер тарлық етіп, Евгения кәсібін кеңейтудің амалдарын ойластыра бастады.
«Бастапқыда бөдене өсіру ісі мен үшін табыс табудың кілті емес, құмар ойын іспетті болды. Бір қиындықты еңсеріп, келесі кезеңге өткен соң, одан да суырылып, алға ұмтылғым келді. Осылайша, таныстарымның жер үйіндегі бос ғимаратты инкубаторлық орталыққа айналдырдық. Нәтижесінде, 150 жұмыртқадан 120 балапан алдық. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мұндай жетістікке жетуім мені одан ары ынталандырды. Бизнесті дамытқым келді. Сондықтан өзіміздің гаражды босатып, оны инкубаторға сай етіп жабдықтауға тура келді. Қазір мұнда 600 бөдене бар», – дейді кәсіпкер.
«Бағдарламалар маған арналғандай»
Осылайша, 10 мың теңгеден басталған сауда-саттық шағын бизнеске ұласты. Бүгінде аптасына 5 мыңға жуық жұмыртқа алады. Алдағы уақытта құстың санын 20 мың басқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Жалпы, бөдененің балапаны жұмыртқадан жарып шыққаннан соң, 45-60 күннен кейін, өзі де жұмыртқалай бастайды екен. «Наш продукт» жеке кәсіпкерлігінің өнімдері Екібастұз қаласындағы 20-дан астам және Павлодардағы 10-жуық дүкен мен сауда желілерінде сатылады.
Бөдененің жұмыртқасынан бөлек, етін де сатылымға шығарды. Құсты 5-6 айында сойып, мейрамханалар мен бірқатар сауда орнына жеткізеді. Алдағы уақытта еттің көлемін ұлғайтып, жұмыртқаның бірнеше түрін дүкен сөрелеріне қоюды жоспарлап отыр.
«Жұмыртқаны шикідей ғана емес, маринадталған түрінде тұтынушыға ұсыну ойымызда бар. Жасап та көрдік. Көрмелерде дәмін татқандар ұнатты. Жалпы, төрт түрін жасауды үйрендік. Қақталған, аскөкпен маринадталған, күлгін түсті және ащы түрін шығармақпыз. Оны сатылымға шығару үшін арнайы сертификат қажет. Ол үшін талапқа сай жабдықталған асханалық бөлме болуы тиіс. Бұл ойымызды іске асыруда Екібастұз қаласының басшылығы көмектеспек. Жақында шаһарымызда құрылатын шағын индустриялық аймақтан жеке ғимарат берілетін болды», – дейді «Наш продукт» жеке кәсіпкерлігінің директоры.
Евгения Шелудько кәсібінің өрге өрлеуіне мемлекеттік бағдарламалардың да оң әсері тиіпті. Былтыр жас кәсіпкер «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау» оқыту курсында білім алды. Кейін, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес кеңесші», «Іскерлік байланыстар» жобаларына қатысып, кәсіп жүргізудің, әріптестік байланыс орнатудың қыр-сырын үйренді.
«Мен «мемлекеттік бағдарламалар маған арналып жасалғандай» деп жиі айтамын. Себебі, алғашқы капиталсыз-ақ бизнес бастауыма мүмкіндік берді. «Бастау» арқылы оқып, жобамды сәтті қорғаған соң, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грантқа ие болдым. Бұл сомаға бөдененің жұмыртқасы мен етін сақтайтын екі тоңазытқыш сатып алдым. Осы уақытқа дейін бизнесім үшін несие алған емеспін. Мемлекеттік бағдарламалар, жергілікті әкімдіктіктің қолдауымен кәсібімді дөңгелетіп отырмын», – дейді Евгения Шелудько.
Бүгінде кәсіпкердің Екібастұз және Қарағанды қалаларында екі базасы бар. Алғашқысы 600 бас бөденеге, екіншісі 2500 бөденеге арналған. Жеммен қамтиамасыз ететін компаниялармен де, жұмыртқа мен ет өнімдерін өткізетін дүкендермен де, мейрамханалармен де берік байланыс орнатылған.
Ал осының барлығы, 10 мың теңгеге сатып алған бөдене жұмыртқасынан басталған еді…