Қалалық стратегия және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайрат Маңқараев мәслихат отырысында Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы баяндап берді.
Әкімдік өкілінің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының 2019 жылға нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 471 миллиард теңгені құрайды.
«Біз бюджеттің кіріс бөлігін арттыру жолдарын іздестірдік. Осы орайда, салық емес түсімдер, негізгі капитал және қайтарылған қарыз есебінен, жеке табысты 4 млрд 779 млн теңгеге, яғни, 281 млрд 458 млн теңгеден – 286 млрд 237 млн теңгеге арттыруды ұсынамыз. Осылайша, 2019 жылға арналған нақтыланған бюджет көлемі 471 млрд теңгені құрайды, ол 2019 жылы бекітілген бюджеттен 45,7 млрд теңгеге немесе 10,7 пайызға артық», –деді басқарма басшысы.
Бұл қаржының қомақты бөлігі – 2,91 млрд теңгесі білім беру басқармасына бөлінеді. Одан кейін, көлік және инфрақұрылым саласы келеді, бұл басқармаға қосымша 1,342 млрд теңге, регенерацияға 1 миллард теңге бөлінеді.
Сонымен қатар, қалалық әкімдікке 75 млн теңге бөлінсе, еңбек және әлеуметтік қорғау саласына 234 млн теңге қарастырылған.
Одан бөлек, құрылыс және тұрғын үй саясатына – 750 миллион теңге, қалалық ортаны бақылауға – 32 миллион теңге, мәдениет және спорт саласына – 484 миллион теңге, инвестиция және кәсіпкерлікті дамытуға 477 миллион теңге бөлінбек.