Мысырда заманауи қазақ әдебиеті антологиясының таныстылымы өтті
Каирде заманауи қазақ поэзиясы мен прозасының араб тіліндегі антологиясының таныстырылымы өтті.
«Қазақ әдебиеті жинағының араб тіліне аудармасы мен басылымын көркем аударма саласындағы тәжірибелі мысырлық мамандардың қатысуымен Мысыр мәдени істері жөніндегі орталығы мен «МедиаХаб» баспа үйі орындады. Антологиялар алғысөзінің авторы – ЮНЕСКО жанындағы АLECSO (Араб лигасы мемлекеттеріндегі ғылым, білім және мәдениет істерін үйлестіру ұйымы) ұйымының бас директоры доктор Мұхаммед ульд Омар», – делінген хабарламада.
«МедиаХаб» баспасынан шыққан антология Араб Лигасына мүше 22 мемлекеттің 4 мыңға жуық кітапханасына таратылмақ.
Таныстыру салтанатында ҚР Президентінің көмекшісі Аида Балаева заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ 6 тіліне аудару «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті. Аталмыш жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты болып табылады. Жоба аясында 60-қа жуық автордың таңдаулы туындылары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарық көрді.
Жоба Египет, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Испания және Қытайдың жетекші баспаларының қатысуымен жүзеге асырылып келеді. Бұл кітаптар бес құрлықтағы әлемнің 93 елінде таратылатын болады. Бұл – 2,5 млрд жуық оқырман қазақ әдебиетінің үздік үлгілерімен таныса алады деген сөз.
Таныстырылымға Мысыр Мәдениет істері жөніндегі Жоғары кеңесінің Бас хатшысы Хишам Азми, АLECSO ұйымының араб зерттеулер институтының директоры Али Хафиян қатысты. Қазақстан тарапынан шараға ҚР Президентінің көмекшісі Аида Балаева, ҚР Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысқан.