Павлодар облысында қант өндіру мықтап қолға алынбақ

Жарияланды
Облыс шаруалары қызылшаның алғашқы өнімін өңдеп, одан құмшекер алып та үлгерді

Өңір тұрғындары жылына 10977 тонна қант тұтынады екен. Ал еліміз бойынша қанттың жалпы сұранысы 500 мың тоннаны құрайды. 

Ресми деректерге сүйенсек, оның 301 мың тоннасы Ресейден жеткізілсе, 140 мың тоннасы – қант құрағынан дайындалған импорттық өнім, 59 мың тоннасы Алматы және Жамбыл облыстарындағы қант зауыттарында өндіріледі. Нарықтағы өнімнің небары 10 пайызы отандық өнім екенін ескерген Павлодар облысының билігі өңірде қант қызылшасын өсіріп, оны өңдейтін зауыт салуға мықтап кірісті. 

Алғашқы нәтиже

Биыл бірінші рет 10 шаруашылық жалпы аумағы 10 гектар болатын алқапқа германиялық тұқымның 8 сұрпын салды. Алғашқы тәжірибенің нәтижесі көңіл көншітерлік. Атап айтқанда, шаруалар барлығы 400 тонна қант қызылшасын жинады. Оның 100 тоннасын Алматы облысындағы зауытқа жөнелтті. 

«Павлодар облысында өсірілген қызылшаның құрамындағы қант – 18,5%. Ал Алматы облысы өнімінің көрсеткіші – 15%. Мамандар біздің қызылшадағы қанттылықтың жоғары болуын сұрыптың сапалылығымен, топырақтың құнарлығымен және ауа райының қолайлы болуымен байланыстырады. Қазіргі кезде павлодарлық өнім Алматыдағы зауытта өңделуде. Одан алынған қантты тұрақтандыру қорына әкеліп, сол арқылы әлеуметтік дүкендерге төмен бағамен сату жоспарланып отыр», – дейді «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының агроөнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры Дәулетияр Бигелдиев.

Қалдықсыз іске инвестор дайын

Ал 2021 жылдан бастап қант қызылшасы Павлодардың өзінде өңделмек. Атап айтқанда, Ақсу қаласының маңындағы 70 гектар жерге қант зауыты салынады. Бұл өндіріс орны тәулігіне  6 мың тонна, жылына 720 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге лайықталған. Одан 110 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Осылайша, павлодарлық зауыт облыстың сұранысын толық өтеп қана қоймай, сонымен қатар, өзге өңірлерді өз өнімімен қамтамасыз етпек. 

Жалпы құны 120 млн. еуро болатын жобаны қаржыландыруға Ресей, Қытай, Түркия елдерінің инвесторлары қызығушылық танытып отыр. Келесі жылдың ақпан айында жобалық-сметалық құжаттама әзір болған соң, қант шығаратын кәсіпорынның иелері де анықталады. 

Қант қызылшасын өңдеу қалдықсыз іс болайын деп тұр. Қант алу үшін оның 20 пайызы ғана пайдаланылады. Қалған 80 пайыздан сығынды шығады. Түркиялық инвесторлар оны кәдеге жаратып, пектин өндірісінде пайдалануды көздеп отыр. Ал пектин кондитерлік өнімдерді дайындауда жоғары сұранысқа ие. 

Сондай-ақ оқыңыз