Жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар жоспарды артығымен орындады

Жарияланды
ҚР құрамасының бас бапкері осындай ұстанымда

Ұлан-Баторда мәресіне жеткен, жасы 23-тен аспаған боксшылар арасындағы Құрлық біріншілігінде Қазақстанның мемлекеттік әнұраны алты рет орындалды.

Өз салмақ дәрежесінде келесі ұландарымыз Азия чемпионы атанды: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (49 кг), Махмуд Сабырхан (52 кг), Бейбарыс Жексен (56 кг), Дархан Дүйсебай (64 кг), Тоғамбай Сағындык (91 кг), Аманат Сабырғали (+91 кг).

Бұдан бөлек, қазақстандық боксшылардың еншісінде бір күміс, екі қола медальдар да бар. Тоғыз медальға ие болған біздің атлеттер біріншіліктің жалпыкомандалық есебінде де бірінші орынды еншіледі. Екінші орынға табан тіреген Өзбекстан командасы үш алтын медальға қол жеткізсе, үшінші орынды қанағат тұтқан жапондықтар бір алтын және екі қола медальді еншілепті.

«Команда тамаша өнер көрсетті деп айтуға болады. Азия біріншілігіндегі біздің мақсатымыз – кем дегенде, үш, көп болса, бес алтын медаль жеңіп алу болатын. Команда жоспарды артығымен орындады, оған біз өте қуаныштымыз. Келесі жылы әлем чемпионатында да осындай жақсы нәтиже көрсетеміз деген үміттеміз», – деді ққазақстандық боксшылардың ұрлықтық турнирде көрсеткен өнерін қорытындылаған жастар құрамасының бас бапкері Кайрат Сатжанов.

Сондай-ақ оқыңыз