Жерді тиімсіз пайдаланғандардың тізімі жарияланады
Алдағы уақытта жерді тиімсіз пайдаланғандардың тізімі жарияланатын «Блэклист» реестрі құрылмақ. Бұл туралы Орталық коммукациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
«Блэклистке» кірген жер иелері мемлекеттік қолдаудан қағылуы мүмкін.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің жергілікті әкімдіктермен бірлесе жүргізген жұмысының нәтижесінде, 2,2 млн гектар жердің игерілмей жатқаны анықталды. Қазіргі кезде оларды мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмыс жүріп жатыр. Нақты айтсақ, 400 мың гектар жерге қатысты материалдар сотта қаралып жатыр. 1,2 миллион гектар бойынша, қосымша тексеріс жүргізіліп, оның материалдары сотқа дайындалып жатыр. Ал 600 мың гектарға қатысты бақылау шараларын қолға алдық»,– деді Сапархан Омаров.
Министрдің айтуынша, агрохолдингтер сатып алған 1 млн 137 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Олар алдағы уақытта жерді жақсы игере алатын Қазақстан азаматтарына, отандық инвесторларға беріледі.
Сонымен қатар министр 2014 жылы жерді бақылау міндеті жергілікті әкімдіктерге жүктелгелі бері, тексеріс 2,7 есе, анықталған кемшіліктердің көзін жою 4,5 есе қысқарғанын айтып өтті. Бұл әкімдік тарапынан мемлекеттік қадағалаудың босаңсығанын байқатады. Осы орайда, АШМ басшысы жергілікті әкімдіктер игерілмей және тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының жетелдетуге тиіс екенін айтып өтті.
Одан бөлек, биыл жердің сапалық көрсеткіштерін тексеру қолға алынған. 2021 жылға дейін, 33 млн гектар жердің топырағы зерттеліп, 33 млн гектарда геоботаникалық іздестіру жүргізіліп, 30 млн гектар жердегі топырақтың сапалық құрамы сұрыпталады.
«Қазақстан азаматтарына жер бөлу ашық, электронды түрде өтуі тиіс. Жерді пайдалану құқығын беретін online аукцион ашық өтіп, оны елдің бәрі бақылай алуы керек. Қазіргідей аудан көлемінде ғана өткізілетін аукционнан бас тартамыз. Осы тұрғыдағы заң нормалары 2021 жылдан өз күшіне енеді, дегенмен бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр», – деп түйіндеді АШМ басшысы.