Бас банкир қаржы нарығының дамуы туралы баяндады
Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ерболат Досаев «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының, экономиканың басым бағыттарына жеңілдетілген несие беру ісінің іске асырылуы, екінші деңгейлі банктердегі активтердің сапасына тәуелсіз бағалаудың жүргізілуі жайында баяндады.
«Мемлекет басшысының зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыру және олардың бір бөлігін басқару үшін жеке компанияларға беру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды»,– делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл 10 ай ішіндегі ақша-несие саясатын жүзеге асырудың негізгі көрсеткіштері: төлем балансының алдын ала бағалануы, Ұлттық банктегі алтын-валюта қорының ахуалы мен Ұлттық қордың активтері, сондай-ақ, еліміздегі қаржы нарығының дамуы туралы мәлімет берілді.