Қарағанды облысында шағын МӨЗ құрылысы тоқтап тұр

Жарияланды
Жобаны бітіруге қаржы тапшы

Қарағанды облысында шағын мұнай өңдеу зауытының ашылуы екіталай, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.

«Жоба иелері ақша іздеп жатыр. Сингапурлық инвесторлар бар, бірақ жағдай әлі түсініксіз», – деді Қарағанды облысы өнеркәсіп және ИИД басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов.

Шағын МӨЗ-дің құрылысына әуелде сингапурдың R Way Solution PTE Ltd компаниясы қомақты қаржы саламыз деген. Болашақ зауыт пен инфрақұрылымы толық шағын қалашық үшін Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданынан 170 гектар жер бөлінген.

Жоба 2 жылға жоспарланған еді. Оған қоса, Қазақстан бойынш 200-ге жуық жанар-жағармай бекеттерін ашу көзделген-тұғын.

Жылына 1 млн тонна өнім шығаруға қуаты жететін зауытта АИ-92, 95, 98 жанармайы, «Jet-A1» авиация керосині   және арктикалық отын шығару жоспарланған. Кәсіпорын отандық нарыққа қажетті өнімнің 10 пайызын қамтамасыз етуі тиіс еді.  Сонымен қатар, құрылыс кезінде – 1500, одан кейін 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуы керек болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы МӨЗ салынатыны туралы 2018 жылдың сәуір айында хабарланған еді. Сол кезде қазақстандық «Абылайхан» компаниялар тобы мен сингапурлық тарап арасында 300 млрд теңгенің келісімшартына қол қойылған.

Қазірігі кезде Қазақстанда үш ірі (Атырау, Павлодар, Шымкент МӨЗ-дері) және отыздан астам шағын мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз